Руханият • 16 Қыркүйек, 2019

Шәкен Аймановтың мұражайы ашылды

972 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін – Қазақ киносының күні. «Қазақфильм» киностудиясында қазақ киносы және Шәкен Айманов атындағы мұражай ашылды.

Шәкен Аймановтың мұражайы ашылды

Осыдан 105 жыл бұрын дүниеге келген ұлттық киноның саңлағы Шәкен Кенжетайұлы қазақ өнерінің бағына жаралған шоқтығы биік қайталанбас дара тұлғасы ретінде бұл құрметке әбден лайық. Ұлы режиссер кешегі көшпелі мәдениет пен ХХ ғасырдағы ең озық өркениет құндылықтарын бойына терең дарытқан, өз ұлтын үлкен жүрекпен сүйіп өткен адал перзент ретінде елінің есінде қалды. Сондықтан қазақ киносы мен Шәкен Аймановтың аты бір-бірінен бөліп-жаруға келмейтін бүтін ұғымға айналған. Ол өзінің жарқын өмірінде қазақ кино өнерінің тұтас бір буынын тәрбиелеп, Қазақстан кинематографистер одағын құрып, «Қазақфильм» деп аталатын заманауи жаңа киностудияның іргетасын көтеріп кетті. Орта Азиядағы ең үлкен түсіру алаңдарының бірі болып саналатын студияның әйгілі киносуреткердің есімін иеленгеніне биыл – 35 жыл.

Киногерлер қауымы арасында аталып өткен маңызы зор мереке аясында құрылып отырған мұражайды Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Мәдениет және спорт вице министрі Нұрғиса Дәуешов келіп ашты.  Ш.Айманов атындағы Кино мұражайының лентасын «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Асенов пен КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов қиды. «Кино әлемі – тереңіне тартатын сиқырлы әлем. Өмірдегі қарапайым жағдайды көркем тәсілмен жеткізетін ерекше өнер. Киноның әр адамға ұнайтын, әрбіреуінің жүрегінен орын алатын әмбебап өнер екенімен ешкімнің таласы жоқ. Кеше ғана Қала күні аясында халықаралық деңгейде жұмысын бастаған Алматы кинофестивалі біздің кино өнеріміздің өрістеп келе жатқанының көрінісі деп білемін. Кино күні құтты болсын! Шәкен Аймановтың ізін басқан жас киногерлерге табыс тілеймін» деді қала әкімі.

Мұражайдың ашылу салтанатында сөз алған қоғам және мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов «Кино үшін, киноны сүйетіндер үшін жақсы заман орнап тұр. Бүгінгі дәуір мықтылардың емес – ақылдылардың дәуірі. Ендеше кино мен әдебиетке, жалпы мәдениетке жаңа дәуірге сай қарым-қатынас та басқаша болуы керек» деп Елбасы Н.Назарбаевтың сөзін өз ойымен сабақтастыра, қолдау білдірді.

«Қазақфильм» АҚ жаңа басшысы Арман Асенов кино күні аясында қазақ қуыршақ анимациясының  құрылғанына 50 жыл толған қуанышының да аталып өтіп отырғанын айтты.

Жиын соңында қала әкімі мен киногерлер, зиялы қауым өкілдері мұражайды аралап, кино және театр майталманының өмірінен сыр шертетін мол мәліметке қанықты. Режиссердің темекі тұтататын оттық пен бәкі, пышақ жинаған әуестігінің белгісіндей, сөреде самсап тұрған сексеннен аса кездік, елуге жуық оттық келгендердің назарын бірден аударады. Көзі тірісінде жұмыс істеген кабинеті де тұтастай мұражайға «көшіп келген». Мұражайға Ш.Аймановтың сахналық костюмдері,  шығармашылығының да, өзінің де жан серігі болған қара домбырасы, шахмат тақтасы, Сталиндік сыйлықтың иегері екенін куәландыратын бұйрық пен папка, мемлекеттік наградалары, басқа да өзі тұтынған жеке заттары мен бұйымдар қойылған. Жаңадан есігін ашқан мұражай әлі де тың жәдігерлермен толықтырыла түседі.

АЛМАТЫ