
Мемлекет басшысы үш айдың ішінде 5 заңға қол қойды, сондай-ақ саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларға қатысты 40 өкім мен 95 жарлық шығарды. Бұдан басқа, Президент орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, бизнес құрылымдар басшыларымен, азаматтық сектор өкілдерімен және қоғамның басқа да топтарымен 140-тан астам іскерлік кездесу мен кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы қызметінің кейбір аспектілеріне тоқталар болсақ, саяси салада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін қалыптастыру арқылы азаматтық секторды билікпен сындарлы сұхбат жасауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске неғұрлым нәтижелі назар аударуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында биліктегілерді халықпен байланыс орнату бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары виртуалды қабылдау бөлмесі арқылы Президентке тікелей жүгіне алады.
Тағы бір тоқтала кетер жайт, Президенттің осы жылдың 2 қыркүйегінде жариялаған Жолдауы Қазақстандағы әлеуметтік-саяси және экономикалық реформалардың нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Ал Президент тапсырмасына сәйкес қолға алынған мәселелер жөнінде сөз қозғар болсақ, бірінші кезекте партиялық құрылыс үрдісін жалғастыру – елдегі көп партиялықты, саяси бәсекелестікті және пікір плюрализмін дамыту ісі ойға оралады. Бұл ұзақ мерзімді перспективада саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ митингілер туралы заңнаманы жетілдіру, азаматтардың еркін түрде өз ойын ашық білдіру үшін арнайы орындар бөлу бастамасы да маңызды.
Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешудің де бірқатар жолдары назарға алынды. Нақтылай айтқанда, халықтың аз қамтамасыз етілген топтарына қарыз жүктемесінің төмендеуі – бұл 500 мың азаматтың әрқайсысының 300 мың теңге сомасы көлеміндегі несие берешегін өтеу.
Азаматтардың ерікті қызметке қатысуын кеңейту мақсатында келесі жыл «Еріктілер жылы» болып жарияланды. Бұл азаматтық қоғамды нығайту жұмысының маңызды бөлігі.
Сонымен қатар келесі 4 жыл ішінде мұғалімдер жалақысын 2 есеге, 2020 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге дейін арттыру, алдағы 3 жыл ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасауға 58 млрд теңге бөлу көзделуде.
Экономика саласына қатысты да жаңа міндеттер белгіленді. Бизнес үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекет 2023 жылға дейін жұмыс берушілер тарапынан қосымша 5% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдарын кейінге қалдырды. Сондай-ақ келесі 3 жылда шағын бизнес субъектілерін тексеруге салықтық жеңілдіктер мен мораторий енгізілуде.
Президенттің Үкіметке берген мына төмендегі тапсырмаларын да атап өтуіміз керек. Олар: 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімін 5%-ға және одан жоғары өсуін қамтамасыз ету, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізу.
Президенттің жастарды қолдау бағытындағы бастамалары да еліміз үшін өте маңызды. Бұл орайда Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру ісін айтуға болады. Бұл дарынды жастарға арналған әлеуметтік лифт тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді (Талаптар: 5 жыл жұмыс өтілі, жасы 35 жасқа дейін).
Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға (29 жасқа дейін) тұрғын үй берудің бекітілген ережелеріне сәйкес Тәуелсіздік күніне орай 3000-нан астам пәтер (Нұр-Сұлтан қаласында 1050 пәтер, Алматы қаласында 1050 пәтер, Шымкент қаласында 904 пәтер) беру жоспарлануда. Болжамды жалдау құны айына 10-12 мың теңгені құрайды, тұрғын үй алаңы 40 шаршы метрге дейін.
Қ.Тоқаев халықпен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып келеді. Твиттердегі өзінің жеке парақшасында Мемлекет басшысы халықты елдегі негізгі оқиғалар туралы жедел хабардар етеді, сондай-ақ өзінің қарамағындағыларға тапсырмалар береді. Президенттік 100 күн ішінде Қ.Тоқаев Твиттер алаңында 400-ден астам твит жариялады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының инстаграмының да жұртшылық арасында танымалдылығы артып келеді. Осы платформа арқылы Қ.Тоқаев халықпен жұмыс күніндегі фотосуреттермен бөліседі. Президенттік кезеңде барлығы 16 пост жариялады.
Жалпы, Қ.Тоқаевтың президенттік қызметін бағалау оның басқару стиліндегі келесі трендтерді анықтауға мүмкіндік береді:
Біріншіден Қ.Тоқаев шұғыл жағдайларда шешім шығара алатын және озық, тиімді дағдарыс менеджері. Мәселен, Президент Арыс қаласында орын алған келеңсіздік кезінде оқиға орнынан табылды және төтенше жағдай сәтінде ведомстволарға тиісті тапсырмалар берді.
Президенттің бастамалары мен тапсырмалары оның мемлекеттік саясатта оң өзгерістерге дайын екендігін көрсетеді. Қ.Тоқаев бай тәжірибе мен ғылыми-аналитикалық бэкграундтың «симбиозымен» сипатталады. Бұл қасиеттер өз кезегінде халықтың Мемлекет басшысына деген сенімін нығайтады.
Мемлекет басшысы ашық және қолжетімді көшбасшы саналады. Президент қоғамдық пікірге құлақ асатын және халықтың түрлі жіктерінің сұраныстарына жауап беретін, өз мысалымен жұмыста ашықтықты, сондай-ақ халықпен тікелей байланысқа шығуға дайындығын көрсете отырып, өзінің серіктестері мен бағыныштыларынан осыны талап етеді.
Әлеуметтік желілер арқылы Қ.Тоқаев ағымдағы күн тәртібі бойынша жұртшылықты жедел және тікелей хабардар етеді, бұл халыққа «бірінші қолдан» сенімді ақпарат алуға, сондай-ақ мемлекеттің бірінші тұлғасы мен азаматтар арасындағы қарым-қатынастағы тосқауылдарды жоюға мүмкіндік береді.
Қ.Тоқаев азаматтар мүдделерінің тепе-теңдігін сақтайтын және ұлттық игіліктерді әділ бөлу пайдасына қатысатын төреші болып табылады.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер
институтының директоры