Энергетика • Бүгін, 15:17

АЭС құрылысы басталады: Мемлекет атқаратын негізгі міндеттер қандай?

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атом энергиясы жөніндегі агенттікте бірінші атом электр станциясының құрылысы аясында өндірісті оқшаулау мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп жазады Egemen.kz.

АЭС құрылысы басталады: Мемлекет атқаратын негізгі міндеттер қандай?

Фото: ЖИ/ ru.freepik.com

Кеңесте отандық кәсіпорындардың жобаға қатысуы, технологиялар трансферті, жергілікті өнеркәсіпті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру жайы талқыланды. 

Қатысушылар АЭС құрылысы барысында шығындардың едәуір бөлігі қосалқы инфрақұрылымға, инженерлік жүйелерге, материалдар мен сервистердің кең ауқымына бағытталатынын анықтады. Бұл құрылысқа қазақстандық өндірушілер мен мердігерлерді кеңінен тартуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ атом энергетикасы саласы үшін тауар жеткізушілердің, жұмыстар мен қызмет атқарушылардың арнайы тізілімі жасақталады.

Бұл тізілім рәсімдердің ашықтығын, сапаны бақылауды және жобаға қатысуға тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Кеңес барысында АЭС құрылысы кезінде оқшаулауды дамытудың кешенді жоспары жобасының негізгі элементтері таныстырылды. Онда қазіргі жағдайға талдау, оқшаулаудың перспективалық бағыттары, өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру тетіктері және мемлекеттік қолдау шаралары қамтылған.

рр

«Біз тек білікті және сенімді қызмет көрсетушілерді тартуға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырып жатырмыз. Бұл – атом жобаларының қауіпсіздігі мен тиімділігінің негізі. Кешенді жоспарды іске асыру отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының едәуір бөлігін жаңғыртуға, жүздеген отандық компанияны жеткізілім тізбегіне тартуға, мықты база қалыптастыруға және жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және өңірлік инфрақұрылымның жақсаруына үлес қосады», деді Агенттік төрағасы А. Сәтқалиев.

Жиын қорытындысы бойынша өнеркәсіп пен құрылыс секторының жағдайына терең талдау жүргізу туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік органдарға кешенді жоспар жобасын қарастырып, өз ұсыныстарын енгізу тапсырылды.