Әсел Шымкент қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – кран жүргізушісі, анасы – мектеп мұғалімі. 8-сыныпта Назарбаев Зияткерлік мектебінің грантын жеңіп алған ол болашақ арманына қол жеткізу үшін барын салды. Бұл оның үлкен мүмкіндіктер әлеміне алғашқы қадамы еді.
9-сыныпты аяқтағаннан кейін АҚШ-қа барып, Бостон қаласында екі апталық оқу бағдарламасына қатысады. Гарвард секілді әйгілі университеттердің атмосферасын сезінген жас түлектің жүрегінде үлкен арман оянады. Күндердің бірінде мен де осында оқимын деген мақсат дәл сол кезде қалыптасыпты.
Алайда ата-анасы 16 жастағы қыздарын жат елге жалғыз жіберуге алаңдап, оған уақытша рұқсат бермейді. Бірақ бұл шешім Әселдің арман отын өшірмей, керісінше өз елінде білімін тереңдетуге итермеледі. Кейін Әсел білімін елордадағы Назарбаев Университетінде жалғастырады. «Биология ғылымдары» бойынша үздік нәтижелер көрсетіп, бакалаврды қызыл дипломмен тәмамдайды. Осылайша, ол өзінің ғылыми әлеуетінің жоғары екенін айналасына дәлелдейді.
Университетті бітірген соң Әселге бірден АҚШ-тың 6 университеті магистратураға шақырту жібереді. Бірақ ол әлемге әйгілі Стэнфорд университетін таңдайды.

Стэнфорд университеті жас ғалымның әлеуетін бағалап, оның оқуына және ғылыми зерттеулеріне 350 миллион теңгеге жуық грант бөледі. Бұл – тек оқу ақысы емес, болашақ зерттеушінің мүмкіндіктеріне жасалған үлкен сенім.
Әсел Ибадулланың бұл жетістігі – табандылық пен еңбек арқылы кез келген қиындықты мүмкіндікке айналдыруға болатынын көрсететін анық мысал. Қарапайым отбасынан шығып, әлемдік деңгейдегі ғылым ордасына жол алу – қазақ жастарының әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін білдіреді.
Әселдің жетістігі – қазақ қызының қайсарлығы мен білімділігінің көрінісі. Тиісінше, Әселдің табысы жас буынға шабыт сыйлайды.