Руханият • 21 Қыркүйек, 2019

Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы аталып өтті

792 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көрнекті жазушы, танымал саясаткер, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Қазақ қоғамында «Әбіш әлемі» деген тұтастай тұжырым қалыптастырған Әбіш Кекілбайұлының есімін қастерлеу мақсатында ұйымдастырылған кешті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров ашты.

Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы аталып өтті

Әдебиеттегі алғашқы жолы басталған, кемеліне келіп қалыптасу кезеңінің куәсі болған Алматы қаласындағы кеш талай жақсы-жайсаңның басын қосып, ерекше тағылымды болып өтті. Өзі ерекше жақсы көріп, сүйіп өткен туған жері Маңғыстауының ыстық сәлемін жеткізген ел азаматтары ардақты ұлына аяулы мекен болған Алматыға ризашылығын білдіріп, әлем әдебиетіне олжа салған ұлы суреткер перзенті туралы толғанды. Ұлы тұлғаға лайықты құрмет көрсету мақсаты көзделген мерейтой аясында құтты мекен Маңғыстауда да әдебиет және өнер қайраткерлерінің халықаралық конгресі, «Әбіш әлемі» атты театр фестивалі, мәдени байқаулар мен спорттық жарыстар, ескерткіш орнату секілді мол шаралар жиынтығы жоспарланып отырғанынан көпшілікті хабардар етті.

Ұлт руханиятында, әдебиеттің жылнамасында өшпестей ізін қалдырып кеткен жампоз жазушы жөніндегі қатарлас қаламдастардың естелігінің жөні бөлек. Жазушының сонау студенттік жылдардан жақын жолдасы болған белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлек Әбдіктің сағынышқа, сырға, сыйластыққа толы естелігін жиынға келген жұрт толқып отырып тыңдады. Бейнесі алыстаған сайын, асқар таулар секілді шоқтанып, бірте-бірте биіктеп бара жатқан Әбіш досынсыз өткен төрт жылдың терең салмағын сезіндірді. «Атақ-даңқтың түр-түрі болады. Бірі – адамның өзінің көзі тірісінде, екіншісі – өзі мәңгілік мекеніне аттанғаннан кейін. Дүниені дүркіреткен талайлар көзі жұмылғаннан кейін өзі де, сөзі де көмескі тартып, келер ұрпаққа болған-болмағаны белгісіз болып қалады. Себебі даңқ бар да, дақпырт бар. Астыңда тағың, басыңда бағың болса, сені жағалайтын адамдар табылады. Бұл – ерте ме, кеш пе, күні бітетін дақпырт. Шын даңқ, ол  – мәңгілік. Әбіш сондай мәңгілік даңқтың иесі», деді Төлен Әбдік. Әлемдік әдебиеттегі үлкен күрделі мәселелерді кейіпкердің ішкі жан дүниесіне, ішкі тағдырына сыйғызып құру шеберлігі ұлттық әдебиетте Ә.Кекілбайұлының шығармаларынан кең көрініс тапқанын жазушы жан-жақты әңгімеледі. Қазақ әдебиетіне «ой толқынына» негізделген жаңаша жазу үлгісін әкелген, бір өзі әдебиеттің бүкіл жанрында қалам тартқан Әбіш Кекілбайұлы әлі талай ұрпақ зерттейтін, шығармаларының тың, тосын иірімдері ашыла түсетін кең ауқымдағы жазушы. «Оның бұл шығармашылық қыры, қоғам, мемлекет ісін басқарудағы мінезінің кеңдігі, адамға деген жақсы көру сезімі, ықыласы – осының бәрін бір адамның бойына құдай тағала қалай сыйдырған – таңғаламын. Әбіш қазақпен мәңгі!» деп толғанды үзеңгілес қаламдасы.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі алаштың айбоз абызы, кемеңгер Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына арнайы баяндама жасады. Ел газетін өзі басқарып отырған тұста, «Егемен Қазақстан» деп атын қойған Әбіш Кекілбайұлы болғанын, ендеше Әбіш ағамыздың тойы – «Егеменнің» де тойы екенін орынды атап өтті.

Абыздың алқалы жиынына келгендер кеш бойы сахна төрінен үзіліссіз көрсетіліп тұрған деректі фильмнің кадр үзінділерінін тамашалап, оның адами болмысын, қайраткерлік болмысын тани түсті. Б.Байқадамов атындағы Хор капелласының сүйемелдеуімен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртісі, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың «Абылай хан» спектаклінен оқыған монологы кеш ажарын аша түсті. Отыз жыл бұрын сахналанса да, бүгінгі күнмен өте үйлесімді өрілген Ә.Кекілбайұлының тарихи драмасы өзектілігін жоймағанын көрерменнің тебіреніп тыңдап, ықыласты қабылдағанынан аңғарылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері әнші Лена Әбдіхалықова, Тамара Асар, Маңғыстау филармониясының әншісі Жоламан Көшкінов, күйші Айгүл Үлкенбаева,  «МузАрт» тобы секілді белгілі өнер шеберлері ән-күйден шашу шашып,  парасатты тұлға туралы кештің салтанатын асыра түсті.

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38