Оқиға • Бүгін, 19:27

Түрікменстаннан келген қабылан Маңғыстауда фототұзаққа түсті

1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысындағы Үстірт қорығы аумағында 2024 жылы фототұзақтарға алғаш рет түскен алдыңғыазиялық (парсы) қабыланының аталығы қайтадан көрініп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түрікменстаннан келген қабылан Маңғыстауда фототұзаққа түсті

Фото: BRCC

BRCC мәліметінше, қабылан фототұзаққа наурыз және мамыр айларында түскен. Ал сәуірде дәл осы жануар болуы мүмкін жыртқыш «Қызылсай» табиғи паркінің аумағында байқалып, парк қызметкерлері оны смартфон камерасына түсіріп алған.

Осылайша, наурыз бен мамыр аралығында қабылан «Қызылсайға» барып, қайта оралып, кемінде 450 шақырым жол жүрген. Ол осыған ұқсас бағытты 2025 жылы да еңсерген болатын.

Орталық мамандарының айтуынша, қабылан аналығын іздеу мақсатында үнемі ұзақ қашықтықтарға көшіп-қонып жүре берді. Алайда әзірге бұл әрекеттер нәтиже бермей отыр. Себебі аталықтармен салыстырғанда аналық қабыландар мұндай алыс сапарларға сирек шығады. Түрікменстаннан Үстірттің отандық бөлігіне аналық қабыландардың өткені туралы нақты деректер жоқ, дегенмен мұндай мүмкіндікті толық жоққа шығаруға болмайды.

Үстіртте дала мысығы фототұзаққа түсіп қалды

Маңғыстау аумағындағы қабыланның қозғалысын бақылау Үстірт қорығы мен «Қызылсай» табиғи паркінің 2023 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Бұл жұмыс Қазақстандағы қабыландарды зерттеу және қорғау жөніндегі халықаралық жоба аясында жүргізіліп жатыр.  Жобаны үйлестіруді BRCC қоғамдық қоры атқарады.

Алдыңғыазиялық қабылан 2021 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қазақстанда бұл жыртқыштың тұрақты популяциясы жоқ. Ол Маңғыстау облысының аумағына әредік Түрікменстаннан келіп тұрады.

Шығыс Қазақстанда қар барысы фототұзақты зақымдап кеткен

Соңғы жаңалықтар