Руханият • 23 Қыркүйек, 2019

Ел ардақтаған ер Әбіш

572 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бұл күн – Кекілбаев атының асқақтай түскен күні болды! Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған іс-шаралар шеруі Алматыдан бас­тау алды.

Ел ардақтаған ер Әбіш

Үш жүз алпыс әулиелі Маң­ғыс­­таудың оймақтай ғана Оңды ауылында дүниеге келіп, бозбала шағында тоғыз адам ғана сыятын пароммен орталыққа жетіп, көліктен көлік ауыстырып, білім іздеп келген оның бар ғұмырының ең бақытты да мағыналы шақтары осы Алматы қаласында өтті. Осында жүріп жазушылық өнердің, суреткерлік шеберліктің шыңына шықты. Мағыналы да ғибратты ғұмырының табаны күректей қырық жылы дәл осы қалада өткендіктен заңғар жазушы есімін ұлықтаудың басы оның атына көше берумен басталды. Шаһардың орталығынан тұп-тура тау беткейіне дейін сымдай тартылып жатқан сәнді әрі ұзын көшелердің бірі Каблуков енді Әбіш Кекілбайұлының есімімен аталатын болады. Қара сөздің хас шеберін мәңгілік есте қалдыру шарасына жиналған зиялылар мен туған жерінен, алыс-жақын аймақтардан келген қауым көрікті көшенің лайықты иесін тапқанына шын қуаныш білдірді. Көшенің ашылу рәсіміне Алматы қа­ласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан жазушының есімін ұлықтаудың маңызын атап өтті.
Әбіш Кекілбайұлы секілді біртуар перзентті бағалауға бағытталған шаралар шеруі тағы бір тағылымдық мәні бар тарихи сәтпен сабақтасты. Көше ата­уын беру шарасы аяқтала сала, жиылған қауым жампоз жазушының табанының ізі қалған алғашқы қарашаңырағы тұрған Н.Назарбаев көшесіндегі 118 үйге қарай шұбырды. Әдебиет, өнер, ғылым алыптары қоныстанған Алматының алтын орталығындағы төрт қабатты болғанымен, төбесі биік салынған еңселі үй өткен-кеткенге ендігі жерде Әбіш Кекілбайұлы тұрған үй екенін ескерткіш-тақта белгісімен мойын бұрғызып айтып тұрады. Жазушылар одағынан таяқ тас­там жерде тұрған қонақжай қаламгердің құтты мекеніне келіп дәм татып, өз үйін­дей еркін көсіліп жатып, тонның ішкі бауындай араласқан рухани ағалары мен қаламдас бауырлары сол бір аяулы шақ туралы алғаусыз естеліктердің тиегін ағытты. Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов сағынышқа айналып, көмескі тарта бастаған шуақты күндер туралы дауысы дірілдей, көзі буал­дыр тартып тұрып әңгімеледі. «Бүгін біз қазақ халқының теңдесі жоқ сүйікті ұлы Әбіш Кекілбайұлы тұрған үйдің алдында бас қосып тұрмыз. Бұл үй – барша халқымыз үшін орны бөлек тарихи үй. Бұл – Әбіштің шаңырақ көтеріп, ұрпағы өсіп, өрісі кеңіген үйі. Ол кезде Әбіш жас, анасы Ай-апа тың, осында қан майданда қаза тапқан Кекілбайдың ұрпағы бірінен кейін бірі дүниеге келді. Қуанышын бірге тойладық. Әбіштің алғашқы өлеңдер жинағы да, тұңғыш прозалық туындылары топтасқан «Бір шөкім бұлт» та, басқа да ең қуатты, ең құнды шығармалары осы үйде дүниеге келді. Танымы терең, зердесі биік жас Әбіштің қазақ әдебиетіндегі құбылыс болып қалыптасуына да, ұлы жазушы болып танылуына да осы үй куә». Өк­шесін басқан інісі болса да, дарыны мен даралығын өзінен биік қоя сөйлеген қарт қаламгер Әбішін сағынып, жоқтап тұрғанын жасыра алмады.

Алматыда жоспарланған Әбіш Кекіл­бай­ұлының 80 жылдық мерейтойы­на арналған айтулы оқиғалардың тізбегі түс­­­тен кейін Абай атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық опера және балет театрында өткен салтанатты кешпен жалғасын тапты. Қазақ қоғамында «Әбіш әлемі» деген тұтастай тұжырым қа­лыптастырған аңыз адам туралы ауқым­­ды жиынды Алматы қаласы әкімі­нің орынбасары Ержан Бабақұмаров ашты. «Бүгінгі қазақ әдебиетін Әбіш Кекілбайұлының мол мұрасынсыз елес­тету мүмкін емес. Ә.Кекілбайұлының әдебиетімізге, тәуелсіздігіміздің баянды етуге қосқан үлкен үлесін еліміз жоғары бағалады. Еліміздегі ең жо­ғарғы наг­рада «Қазақстанның Еңбек Ерімен» марапатталды. Бүгінгі кеште Әбіш Кекіл­байұлының жан-жақты қырымен терең танысамыз деп ойлаймын. Бүгінгі кеш бүкіл еліміз үшін, шығармашылық қа­уым үшін өте маңызды. Оның тағы­лым­ды еңбек жолы біздің тарихы­мыз­дың, біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан мұндай рухани кеш­терді өткізудің маңызы зор. Әбіш Ке­кілбайұлының аса көрнекті қайраткер ретіндегі келбеті, асқақ тұлғалық есімі ел есінде мәңгі сақталады», деді әкім орынбасары Е.Бабақұмаров.

Әдебиеттегі алғашқы жолы басталған, кемеліне келіп қалыптасу кезеңінің куәсі болған Алматы қаласындағы кеш талай жақсы-жайсаңның басын қо­сып, ерекше тағылымды болып өтті. Өзі ерекше жақсы көріп, сүйіп өт­кен туған жері Маңғыстауының ыс­тық сәлемін жеткізген ел азаматтары ардақты ұлына аяулы мекен болған Ал­ма­тыға ризашылығын білдіріп, әлем әде­биетіне олжа салған ұлы суреткерді ардақтау ісі жалғаса беретініне сендірді. Ұлы тұлғаға лайықты құрмет көрсету мақсаты көзделген мерейтой аясында алдағы уақытта Маңғыстауда да әде­биет және өнер қайраткерлерінің халық­аралық Конгресі, «Әбіш әлемі» атты театр фес­тивалі, мәдени байқаулар мен спорт­тық жарыстар, ескерткіш орнату, музей ашу секілді мол шаралар жиынтығы жоспарланып отырғанынан көпшілікті хабардар етті.

Ұлт руханиятында, әдебиеттің жылнамасында өшпестей ізін қалдырып кеткен қабырғалы қаламгер жөніндегі қатарлас қаламдастардың естелігінің жөні бөлек. Жазушының сонау студенттік жылдардан жақын жолдасы болған белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің сағынышқа, сырға, сыйластыққа толы естелігін жиынға келген жұрт толқып отырып тыңдады. Бейнесі алыстаған сайын, асқар таулар секілді шоқтанып, бірте-бірте биіктеп бара жатқан Әбіш досынсыз өткен төрт жылдың терең салмағын сезіндірді. «Атақ-даңқтың түр-түрі болады. Бірі – адамның өзінің көзі тірісінде, екіншісі – өзі мәңгілік мекеніне аттанғаннан кейін. Дүниені дүркіреткен талайлар көзі жұмылғаннан кейін өзі де, сөзі де көмескі тартып, келер ұрпаққа болған-болмағаны белгісіз болып қалады. Себебі даңқ бар да, дақпырт бар. Астыңда тағың, басыңда бағың болса, сені жағалайтын адамдар табылады. Бұл – ерте ме, кеш пе, күні бітетін дақпырт. Шын даңқ, ол – мәңгілік. Әбіш сондай мәңгілік даңқтың иесі», деді Төлен Әбдік. Әлемдік әдебиеттегі үлкен күрделі мәселелерді кейіпкердің ішкі жан дүниесіне, ішкі тағдырына сыйғызып құру шеберлігі ұлттық әдебиетте Ә.Кекілбайұлының шығармаларынан кең көрініс тапқанын жазушы жан-жақты әңгімеледі. Қазақ әдебиетіне «ой толқынына» негізделген жаңаша жазу үлгісін әкелген, бір өзі әдебиеттің бүкіл жанрында қалам тартқан Әбіш Кекілбайұлы әлі талай ұрпақ зерттейтін, шығармаларының тың, тосын иірімдері ашыла түсетін кең ауқымдағы жазушы. Айнымайтын мінезімен болмы­сының асылдығын көрсетіп, қимасы­на айналған қымбат досы туралы толға­нысын жұрт та «айта түссе» дегендей, сілтідей тынып отырып тыңдады. «Оның шы­ғармашылық қыры, қоғам, мем­лекет ісін басқарудағы мінезінің кеңдігі, адамға деген жақсы көру сезімі, ықыласы – осыншама бай мінезді бір адамның бойына Құдай тағаланың қалай сыйдырғанына таңғаламын. Адамды жақсы көру дегеннің үлгісін айналасына Әбіш үйретті. Ол шын мәнінде ұлы тұлға, өзі кеткеннен кейін бұл тіпті айқындала түскен секілді. Әбіш әрқа­шан да ойыңдағының ар жағын айтатын ғажап ақылды жігіт еді!» деп түйіндеді сөзін әдебиеттің ұзын соқпағында бірге сапарлаған күндердің жадыда мәңгі қалған ең сәулелі сәттерін еске алған Төлен аға.

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдыр­әлі кемеңгер Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына «Алаштың айбоз абызы» атты арнайы баяндама жасады. Ел газетін өзі басқарып отырған тұста, «Егемен Қазақстан» деп атын ауыстырған Әбіш Кекілбайұлы болғанын, ендеше Әбіш ағамыздың тойы – «Егеменнің» де тойы екенін орынды атап өтті. Сан қырлы асыл тас секілді уақытпен бірге жарқырай түсетін кемеңгердің ұстанған ұстанымдарының негізгі тіректерін – кісілік, қаламгерлік, қайраткерлік тұр­ғысынан терең ашып көрсетті. «Азат­тықтың ақ таңы сібірлеп атқанда мем­лекеттігімізді нығайтып, рухани тұ­ғы­рын бекемдеуге, жаңа тұрпатта заң-жар­ғысын түзуге даналықпен үлес қосып, қаламгерлігі мен қайраткерлігін тәуелсіз республикамыздың гүлденуі жолында сарп еткен, алғашқы Мемлекеттік хатшы, Жоғарғы Кеңестің Төрағасы лауа­зымын атқарған, аса көрнекті мемле­кет және қоғам қайраткері, классик жазушы Әбіш Кекілбаевты абыз деу жарасымды-ақ» деп, тау тұлғаның руханият пен қоғамдық-саяси өмірге сіңірген қызметіне кең шолу жасап, «абыз туралы аңыздың енді басталғанына» үміт артты.

Бір бойына ақындық, жазушылық, сыншылық, аудармашылық, саясаткерлік сынды сан қырлы қасиет қатар қонақтаған, тұғыры биік парасатты тұлғаның кешін ұйымдастырушылар сол бірегей бол­мысты біртұтас етіп көрсетудің бар мүм­кіндігін қарастырғаны ұтымды шықты. Абыздың алқалы жиынына келгендер сахна төрінен үзіліссіз көрсетіліп тұрған деректі фильмнің қызықты кадрларын кеш бойы тамашалап, оның ұлтын шексіз сүйген үлкен жүрегінің дүрсілін дәл жанынан тыңдағандай, асқақ адами болмысымен қайта табысқандай болды. Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік Хор капелласының сүйемелдеуімен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртісі, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың «Абы­лай хан» спектаклінен оқыған монологы кеш ажарын аша түсті. Тарихтағы азаттық жолындағы күресті бейнелеу Кекілбайұлының көп қырлы талантының басты мұраты болса, ел туралы арманын сыйғызған «Абылай ханның» орны тіпті алабөтен. Отыз жыл бұрын сахналанса да, бүгінгі күнмен үйлесімді сабақтасып жатқан Ә.Кекілбайұлының тарихи драмасы әлі де өзектілігін жоймағанын, керісінше, дәл осы күнге арналып ай­тылғандай өміршең идеясын көрермен аса ықыласты қабылдады. Кеш өлеңмен өрнектелді, әнмен ажарланып, күймен көмкерілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері әнші Елена Әбдіхалықова, күйші Айгүл Үлкенбаева, Тамара Асар, Маңғыстау филармониясының әншісі Жоламан Көшкінов, «МузАрт» тобы секілді белгілі өнер шеберлерінің шашуы кеш салтанатын асыра түсті.

«Ұлы адамдардың туған күні болады, өлген күні болмайды» деген сөздің растығын көл-көсір талантымен өзіне тұғыр соғып кеткен алаштың алдаспанына көрсетілген толассыз құрмет тіпті дәлелдей түскендей...
АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38