Руханият • 26 Қыркүйек, 2019

Танымдық бағдарлама тағылымы

742 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру аясында биылғы жылдың тамыз айынан басталған «Музей түні» шеруі рес­публика бойынша қанат жайып келеді.

Танымдық бағдарлама тағылымы

«Музей түні» шеруі – Халық­аралық музей күні көпші­ліктің, әсіресе жастардың музейге деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген мәдени мекемелердің қатысуымен жыл сайын өткізілетін акция ретінде бастау алса, алдағы уақытта іргелі музейлердің бәрі де жиірек қолға алуды жоспарлап отыр. «Музей түні» басталғалы бері Алматының мәдени өміріндегі маңызды шаралардың біріне айналды.

Еліміздің рухани орта­лы­ғындағы ірі музейлердің бірінен саналатын Алматы музейі кешкі сағат 19.00-ден кейін әдеттегідей қалалықтарға есігін айқара ашты. Алматы және Жетісу аймағының тарихына байланысты 35 000 жәдігер сақталып отырған музей келгендерді арнайы тақырыптық бағдарламамен және мәдени-көңіл көтеру шараларымен қар­сы алды. Музейдегі 11 экспо­зи­циялық зал бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, жастарға сонау тас дәуірінен бастап бүгінгі кезеңге дейінгі жәдігерлердің тарихы таныстырылды. Айта кету керек, Алматы музейі орналасқан ғимараттың өзі тарих және сәулет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынған айырықша мәртебеге ие нысан. Ендеше, басты тарихи жәдігер ғимараттың өзінен басталады. Келгендер де сәні мен сәулеті келіскен көне ғимараттың сырын білгенше асығады.

Мұнда орналасқан «Алматы музейлер бірлестігінің» құра­мына шаһардағы бірнеше ірге­лі музей топтастырылған. Бірлес­тік директорының орынбасары Жәнібек Нәлібаевтың айтуын­ша, бұл акция әсіресе уа­қыты есептеулі, жұмысбасты адам­­дар үшін және қарттар мен жастар үшін өте қолайлы. Күндізгі қарбаластан кейін кез келген алматылық немесе қала қонақтары тегін кіріп, асықпай жүріп музей аралап, өзі өмір сүріп отырған шаһар жайында мол мәліметке қаныға алады. Түнгі мезгілде музей тамашалаудың да өзіндік әсері бөлек.

Бұл жолы «Музей түні» қолөнер тақырыбына басымдық беруімен шараның рухани сал­мағын арттыра түсті. Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер акаде­миясының 4-курс студенті Данияр Бабашев му­зейді тамашалап келгендерге қыш құмыраның жасалу техникасын көрсетті. Әп-сәтте әртүрлі пішінге өзге­ріп шығатын құмыраларды жастардың өзі де жасап көргісі келіп, қы­зы­ғушылық білдіріп жатты. Сондай-ақ О.Таңсықбаев атын­дағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі өкіл­дерінің қатысуымен де шеберлік сағаты өтті. Уақытша көрме залында өткен Гүлнара Шормақованың «Әсем әлем. Балауыз бейнелер» атты авторлық көрмесіне жұрт ерекше ықылас танытты.

Сондай-ақ шара барысын­да музей жәдігерлерімен ин­тер­активті квест ойындар ұйым­дастырылып, музей тама­шалаған көпшілік сан түрлі сауал­дарға жауап беріп, өзара та­рихи білімі мен танымын жарыс­тырды. Өнер жолын қуған талантты жастардың концерті акция мазмұнына әр беріп, кел­гендердің қатарын арттыра түсті.

АЛМАТЫ