
Ұстаздар күніне орай өткізілген дөңгелек үстел жұмысын модератор, саясаттанушы Ерлан Саиров білім беру саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаудан бастады. «Әлем қазір күн сайын өзгеріп, жаңа бір технологиялық деңгейге көтеріліп келе жатыр. Ал жаңа заманға лайық тұлғаларды мұғалімдер қалыптастырады. Олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру мәселелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында қамтылды. Бірақ бұдан да маңыздысы – үндеудегі тапсырманың орындалуы, іске асырылуы», деген Е.Саировтың ойынша, мұғалімдер айлығының 25 пайызға көбеюі, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін берілетін қосымша ақы, сондай-ақ демалыс күндерінің ұзартылуы педагогтардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға жағдай жасайды.
Жиында сөз алған Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Айдарбекұлы жаңадан әзірленіп, қазір Парламент қабырғасында қаралып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында мұғалімдерді ынталандыру, жауапты жұмысын бағалау мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы берілетінін атап өтті. Министрлік өкілі сонымен қатар келер жылдан бастап магистр дәрежесі бар педагогтарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша ақы төленетін жаңа норма күшіне енетінін айтты. Р.Айдарбекұлының келтірген дерегіне сәйкес, қазір мектептерде жұмыс істейтін магистрлердің саны тым аз, яғни бар-жоғы 5 мың ғана болып тұр. Вице-министр мұғалімдер мектепте шеберлігімен бірге өздерінің біліктілігін де арттырып, ғылым саласын дамытуға үлес қосуы қажет.
Ал қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрайымының орынбасары Айгүл Мақсатқызы аталған жаңа заң жобасын әзірлеу барысында қаралған педагогтар ұсыныстарының 90 пайызы зейнеткерлік жастың қысқартылуына байланысты болғанына тоқталды. «Біз бұл ұсынысты кәсіподақ ұйымы ретінде қолдаймыз. Әрине, ұсыныстың қолдау табуы елдің экономикалық жағдайына байланысты болады. Бірақ біз жаңа заң жобасын қабылдайтын болсақ, ұстаздардың мәртебесі қоғам алдында биік екенін жалақысының жоғары болуымен және зейнетке ертерек шығу құқығын беру арқылы көрсетуіміз керек. Ұстаз мәртебесі – ұлт мәртебесі. Себебі ел болашағы осы бір қауымның қолында болмақ», дейді.