
Жасыратыны жоқ, қазір салалық бағдарламалардан жаңылысатын болдық. Бөлініп жатқан қаражат орасан, жұмсалуында есеп жоқ. Бірақ жүзеге асуына, түпкі нәтижесіне, тиімділігіне келгенде кібіртіктейміз. Оның бір ұшығы кабинетте отырып-ақ «басқара» беретін лауазым иелерінің маңызды міндеттерді түсінбеуінде, дербес жауапкершілігінің төмендігіне келіп тірелетін сықылды. Кей кезде олардың қарын аштыратын бұл әрекеттері бюджеттің ақшасын бөлумен ғана шектелетіндей әсер қалдырады. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, Үкімет тапсырмаларының өз деңгейінде орындалмауын жеделділіктің, жауапкершіліктің төмендігінен, сөз бен істің үйлесімсіздігінен іздеген жөн тәрізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «реформаны тек реформа үшін жүргізуге» жол берілмейтіндігін қатаң ескертуі осындай мемлекеттік қызметкерлерге қарата айтылған сияқты.
Шынында да Жолдауда атап өтілгендей, алдағы уақытта әр министрдің, әр әкімнің, әр жауапты тұлғаның дербес жауапкершілік өлшемінің негізгі көрсеткіштерін белгілеп алсақ, бағытымыз айқындала түспек. Сол сияқты жергілікті билік қызметінің тиімділігін халыққа бағалату жобасын енгізу жөніндегі ұсыныс та әбден құптарлық. Қызметтің майлы жілігін ұстағандар арасында адамдардың арыз-шағымдарына, өтініш-тілектеріне бюрократтық, қағазбастылық тұрғысынан қарауы салдарынан бірден шешімін табатын мәселелерге апталап, айлап сандалтып қоятынын көріп жүрміз. Өздерін жарты патшадай сезінетіндер төменгі басқару буындарында аз кездеспейді. «Әкім тәтті өмірді сүйсе, елдің күні қараң», деген екен Баласағұн бабамыз.
«Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң, қашан түсіп қалғанша жеп бітеді» деп Байкөкше ақын жырлағандай жемқорлықтың жегі құрттай қоғамымызда терең тамыр жаюының бір ұшығы мемлекеттік сатып алу үрдісінің шикілі күйінде атқарылуында жатыр. Президенттің мемлекеттің барлық тиімсіз шығындарын қысқарту туралы ұсынысын да толық қолдаймын. Мемлекеттік сатып алу резервіндегі 400 миллиардтай қаражатты өте өткір мәселелерге жұмылдыруға болады. Былтыр мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрауы ойлантпай қоймайды. Оның 75 пайызы бәсекеден тыс амалмен жүргізілген. «Шенеуніктер мен қайдағы бір жабысқандар үшін бұл астауды жабу керек» деп әңгіменің келтесінен қайырылуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді шаралар тетігін іске қосудың пісіп-жетілгенін көрсетеді.
Менің ойымша, партиялық номенклатураны қайтадан енгізіп, халықпен жұмыс істесе, тіл табыса алмайтын, саяси ұйым атына кір келтіретін басшыларды қатаң жазалап, биліктен аластатуға дейін шара қолдану керек. Бұл өзгелерге ащы сабақ болып, қатарымыз экономикалық білімі мол, ішкі жан дүниесі рухани бай кадрлармен толыға түсер еді.
Жақсылық ЫСҚАҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы