Руханият • 14 Қараша, 2019

«Спецхранда» сақталған...

492 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тағдыры қасіретпен аяқталған Алаш арыстарының аяулы мекені болған Алматы көрнекті қайраткерлерді қастер­леудің озық үлгісін көрсетуден аянып қалған емес. Солардың бірі Телжан Шонан­ұлы соңына 32 кітап жазып қал­дырған екен.

«Спецхранда» сақталған...

Телжан Шонанұлының туғанына биыл 125 жыл толыпты. Ұлттық кітапхана ұжымы Алаш ардақтысының бес томдық шығармалар жинағының тұсауын кеспекші. Бұл шара алдағы жұма күніне ұйымдастырылып отыр. «Жазу реформасы: рухани жаңғыру және тарихи сабақтастық» деп аталады. Себебі, Шонанұлының жазу реформасына тікелей қатысы бар.

Кітапхананың сирек қолжазбалар бөлімі «спецхран» аталып кеткен арнайы қорда сақ­талып тұрған Шонанұлына қатысты құпия құ­жаттардың барлығын осы күні алдымызға жайып салмақ. 1938 жылы Шонанұлы атылған кезде оның бүкіл еңбектері, қол­жаз­балары аяусыз отқа өртелген. Сонда қара­пайым кітапханашылар оның біраз еңбектерін жа­сы­рып сақтап қалған.

Аталған жиында ХХ ғасырдың ба­сындағы жазу реформасына байланысты ұстанымдарды айқындау, сол кезеңдегі қоғамның ахуалы мен тілдік жағдаятты көрсету, Т.Шонанұлының өмірі мен ғылыми мұрасын кең көлемде наси­хаттау, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қа­тысты ғалым қолданған, бүгінгі таңда тілді оқы­туда пайдалануға болатын әдіс-тәсілдерді көр­сетіп, бірқатар ұсыныс жасалмақ. Алаш қай­раткерін ардақтау шарасына Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қолдау білдіріп отыр.