30 Наурыз, 2010

КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ОЙДАҒЫДАЙ

720 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Үкімет үйінде Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кезекті селекторлық кеңес болып өтті. Онда биылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың есебі тыңдалды. Биылғы көктемгі егіс жұмыс­тары 19,1 млн. гектар жерде жүргі­зіле­ді деп жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 255 мың гектарға артық. Ал егіс ал­қап­тары негізінен басымдық берілген дақылдар есебінен көбейтілмек. Дәнді дақылдар 16,7 млн.гектар жерге егілсе, майлы дақылдар 1,4 млн.гектарға егіледі. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 18 пайызға артық. Егер майлы дақылдардан орташа өнім алынатын болса, бұл ішкі рыноктың өсімдік майына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрі­нің айтуынша, еліміз үстіміздегі жыл­ғы наурыздың аяғына дейін сыртқа тағы да  5,5 млн. тонна ас­тық экспорттаған көрінеді. Алдың­ғы жылдың көрсеткішімен салыс­тыр­сақ, бұл 1,3 млн. тоннаға артық. Өткен жылы бункерлік салмақпен алғанда 23 млн.тонна астық жиналған болатын. Оның  4,9 млн. тоннасы әлі экспорттала қойған жоқ. Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің есептеуінше, еліміздің экс­порттық әлеуеті 9 млн.тоннаны құрайды екен. Дегенмен, биылғы жыл да “айқайсыз” болмайын деп тұр. Егіс алқаптарының кеңеюі өз алдына, өткен жылдан қалған ас­тықтың ел элеваторларын босат­пауы проблема болып отыр. Оған қоса, астық бағасының төмендеуі тағы бар. Ақылбек Күрішбаев Қара теңіз порттарындағы астық баға­сының 190-нан 165 долларға түсіп кеткенін мәлімдеді. Осыған орай министр Қытай және Ресей аумақ­тары арқылы ішкі рынокқа тонна­сын 20-40 долларға жеткізетін ас­тық экспортына субсидияны кө­бей­туді белсендіре түсу қажеттігін айта кетті. Астықты жеңілдетіп сату үшін қосымша 10 млрд.теңге қажет көрінеді. Бұл үшін арнайы жоба жасалып, мемлекеттік органдарға жіберілді. Келісімді тездетіп қа­рау­ды сұраймыз. Бұл еліміздің астық рыногындағы жағдайды тұрақтан­дыруға көмектеспек, деді ол. Биылғы жыл шегірткенің био­ло­гиялық белсенді жылы болып сана­лады. Аталмыш мәселе үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған, бұл жөнінен еш уайым жоқ. Дегенмен кейбір зиянкестермен мәселе туындауы мүмкін. Сондықтан еліміз ауыл шаруашылығы жерлерінің 900 мың гектарын өңдеуден өткізуі керек. Заң бойынша бұл үшін жергілікті бюджет қаржы бөлуі міндетті, ал бұған Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақ­стан облыстары ғана қаржы қарастырған. Ал Премьер-Ми­нистр көктемнің салқын­ды­ғын, жаздың тез шығуына бай­ланысты астыққа зиян кел­тіретін зиянкестердің аз бол­мауы мүмкін екендігін жоққа шығармады. Тағы бір мәселе, көктемгі егіс жұмыстары үшін жұмса­ла­тын жанар-жағармайдың бөлі­нуі. Бұл жөнінде Премьер-Министрдің бірінші орынба­са­ры Өмірзақ Шөкеев кезекті науқанға байланысты  ауыл ша­руашылығы тауарларын өн­дірушілерге жанар-жағар­май­ды жеткізуге жергілікті облыс әкімдері жауапты екендігін айтты. Сонымен қатар ол ди­зель отыны мен АИ-80 бен­зині рыноктағы бағадан төмен бағамен сатылатындығынан хабардар етті. Бұл саладағы күрделі мәселе ретінде мұнай­шылардың пікірін келтірді. Олардың айтуынша ауыл ша­руашылығы тауарын өндіру­ші­лер жанар-жағармайды жоғары бағамен сатып алуы мүмкін. Осы орайда, Өмірзақ Шөкеев оны жеткізуші өкіл компа­нияларды қатаң бақылауға алу қажет екендігін атап айтты. “Бағаны белгілеп, облыстар бойынша квоталарды анық­таған соң жергілікті шаруа­шы­лықтар мен тауар өндіру­шілерге жанармай жеткізу әкімдердің жауапкершілі­гінде”, деді ол. Селекторлық кеңесте об­лыс әкімдері көктемгі егіс жұ­мыстарына дайындық деңгейі туралы есеп берді. Мысалы, Қостанай облысында 2-деңгейлі банктердің несие беру кезінде кепілге жер алғы­сы келмейтіндігі, алса да амалсыз алатындығы туралы айтылды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау және Бай­ла­ныс және ақпарат министрлік­те­ріне бюджеттегілердің жалақы­сы 25 пайызға артуына бай­ланысты халыққа бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы тү­сін­діру шараларын жүргізуді жүк­теді. Сондай ақ, Алматы облы­сы­ның әкімі С.Үмбетов­ке  су тасқыны­ның салдарын жоюға бө­лінген қаржының мақсатты орын­далуын қадаға­лауды тапсырды. Селекторлық кеңес соңын­да сөз алған Премьер-Ми­нистр биылғы жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайын­дықты өте жақсы деңгейде деп бағалады. Жыл сайын жанар-жағармай төңірегінде туын­дай­тын айқай-шу жоқтығына,  барлық мәселе өз орнымен шешіліп жатқандығына ризашылығын білдірді. Венера ТҮГЕЛБАЙ.