30 Наурыз, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШТЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ЕНШІСІНДЕ

566 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қызылағаштықтардың тас­қыннан кейінгі басынан өткер­гені жайлы қауесет, алып-қашпа әңгіме толастар емес. Алғашқы күннен тұрғындардың басына түскен ауыртпалықты көзбен көріп, бүгінгі қолға алынған жұмыстарды ой елегінен өт­кізсек, сабырға келіп, көп­шіліктің ниет-пейіліне риза бо­ласың. Мемлекет басшысының тап­сырмасымен тиянағы кел­тірілген жұмыстар бірден көзге түседі. Кеше аталған елді ме­кендегі алғаш қазығы қағылған үйдің шатыры көтерілгеніне куә болдық. Үйді “Алматы құрылыс” ұйымы салса, мұндағы еңбек қауырт қимылға ұласқан. Бүгінгі күні жұрттың басынан кешірген қиындығынан гөрі елді ме­кеннің ертеңі, алдағы өмір­лерінің қалай қалыптасатыны ой­ландырады. Ол құрылыс жұ­мыстарының сапалы әрі мер­зі­мінде жүргізілуі мен пайдалануға бе­рілуіне тікелей байланысты. Күн сайын жедел жиынды ауыл­ды тазалау мен құрылыс жұ­мыс­тарының барысымен танысудан бастайтын облыс әкімі Серік Үмбетов осы мәселелердің ти­я­на­ғын келтіруге күш-мүмкіндікті жұмылдыруды тапсырып келеді. Жұмыс біршама жүйеленген. “Алматы құрылыс”, “Ауыл құ­ры­лысы” компаниялары бе­кі­тілген тұрғын үйлердің қа­быр­ғаларын көтерсе, жұмыстың жедел жалғасуы үшін бетон за­уыты мердігерлердің тап­сырысына сәйкес екі маусымда істеп, әр көшеден үйлердің сұлбалары көрініп қалды. Халықтың қиындықты ұмы­туы үшін баспананы тез салып, қоныстандыру. Ол үшін қалталы азаматтардың көмегі қажет. Дүйсенбі күні Қызылағашқа арнайы келген “БН-Инвест” компаниясының басшысы Болат Назарбаев ауылдың батысындағы жаңа көшеге өз қаржысына 10 үй салып беретінін жеткізіп, көпшілікті тағы бір қуантты. – Қызылағаштағы жағдайды естігендер көмектерін аямауда. Бұл орынды. Халқымыз “Жақ­сылық пен жамандық егіз” деген. Тұрғындардың басындағы ауыртпалықты көтеру мақ­сатында осы көшеден 10 үйдің құрылысын бастап, 2,5-3 ай мерзімде пайдалануға береміз, деді Болат Әбішұлы журна­лис­терге берген сұхбатында. От­басылары екіге бөлініп, балалары қалада, азаматтары құрылыс жұмыстарына тартылғандарға бұл үлкен демеу деуге болады. Үкімет тарапынан да зардап шеккендерге қажетті жан-жақты көмек жасалуда. Жалпы ел бо­лып, халықтың қайғысын же­ңіл­детуге жұмылған. Мердігерлік ұйымдар қаржы табуды ғана ой­лап, құрылыстың сапасына мән бермегендеріне еш ке­ші­рім болмайтынын облыс әкімі жи­ында шегелеп айтып, ес­кер­тіп келеді. Белгіленген мер­зім­де құрылысты салуға қабі­лет­сіз­дердің орнын мық­ты­лары басатыны да түсін­ді­рі­лу­де. “Алматы құрылыс” ауыл­дағы 32 тұрғын үйді салуды міндеттенсе, мұндағы қажетті техника мен кәсіби мамандар, сәулетшілер қимылы ширақ екені аңғарылады. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 2000 адам, 289 техника тартылғаны осының дәлелі. Жұмыстан ауыл тұрғындары да шет қалмай, 250 адам еңбекке тар­тылыпты. Белгіленген мер­зімде бүтін бір ауылды қайта тұрғызу үшін құрылысшылар қа­тарын көбейту қажеттігі ортаға салынса, құрылыс мате­риалдары толассыз тасымал­данып, жол бойындағы ауыр жүк көліктері әрі ағылуда. Тұрғындардың  тасқыннан аман қалған үйлерін бұзбай, күр­делі жөндеуден өткізу жайлы өтініштері де шешімін тапқан. Осылайша бастапқыда 467 үй қайта салынады деп шешілсе, бүгінгі күні 17 үй зілзалаға қарсы күшейтіліп, толық жөндеуден өткізіледі деп шешілді. Облыс басшысы мектеп үйі мен балабақшаны қалпына келтіруге жұмсалатын қаржының қымбаттығын да сынға алды. Бас пайдасынан гөрі, бардың бағасын біліп, халықтың жағдайын жасау қажеттігін жеткізді. Ауылдың шығысынан ор­ын алатын саябақтағы ес­керт­кіш жобасын жасау, жол мен кө­шені қалпына келтіруге қа­тысты жұмыстарды жүйелеу мә­селелеріне де назар ауда­рылды. Су тасқынынан зардап шек­­кендерге жәрдемақы ау­дару жұмысы жалғасып, “Қаз­пошта” акционерлік қоғамы арқылы бұған дейін 2625 есеп-шот ашылса, оған 21 млн. 443 мың теңге ауда­ры­лыпты. Соңғы мәлімет бо­йынша Қы­зылағашағы тас­қын­нан болған жағдайды қалпына келтіру қорына 2 млрд. 466 млн. теңге қаржылай көмек түскен. Еліміздің түпкір-түп­кірінен келіп жатқан қа­йы­рым­дылық шаралары әлі де жалғасуда. Қарқын алған құрылыс жұ­мыс­тарының дә­леліндей кө­шедегі үйлердің қабыр­ғалары биіктеп, шаңы­рағы көтерілуде. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.