Аймақтар • 04 Наурыз, 2020

Қостанайда «Qazaq epos» жобасы өтті

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республикалық жоба аясында ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына облыстың әр ауданынан келген 6-10 сынып оқушылары қатысты. Талапкерлер байқаудың бірінші кезеңінде «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып жарысты. Ожан кейін жырда кездесетін тарихи, көнерген сөздер мен жер-су атауларының мән-мағынасын ашып, халық ауыз әдебиеті бойынша алдын ала әзірленген викториналық сұрақтарға жауап берді.

Қостанайда «Qazaq epos» жобасы өтті

Байқауға Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет сынды белгілі қаламгерлер қазылық етті. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Арқалық қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы №1 орта мектептің 6-сынып оқушысы Қаракөз Далабай жеңіп алды. Екінші орын Рудныйдан келген Б. Майлин атындағы №7 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Нұрсила Әдебоваға бұйырды. Үшінші орынды Амангелді ауданының 6-сынып оқушысы Жантөре Төлебай алды. Байқау жеңімпаздары мен оларды дайындаған ұстаздар білім басқармасының ақшалай сыйлықтары мен мақтау қағаздарына ие болды.

1

Марабай жырау нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жыры 132 беттен,  5206 жолдан тұрады. Мұны жаттап, жадыға тоқу, ондағы түсініксіз сөздер мен жер-су атауларына, тарихи ұғым-түсініктерге этнолингвистикалық талдау жасап, түсіндіріп беру оңай шаруа емес. Оқушылардың көбі жоғары деңгейде дайындалып келген.  Бұған дейін Қостанай облысында мұндай байқаулар болған жоқ. Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Игі бастама бұдан әрі жалғасуы тиіс. Өйткені бұл жас ұрпақтың ауыз әдебиетіміздің қайнар бастауларынан терең сусындап өсуіне ықпал етеді, - дейді қазылар алқасының мүшесі, ақын Серікбай Оспанұлы.    

 

Қостанай