
Сондай азаматтардың бірі жуырда жол жүру ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Toyota Hilux автокөлігіне мінген оның апатты жағдай туғызған жүрісін артындағы жүргізуші бейнекөрініске түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып қойған еді, қолданушылар оны қызу талқылады. Автопатруль полицейлері желіде жарияланған бейнематериалдар бойынша оны оңай ұстады. Сөйтіп 30 жастағы қала тұрғыны жолдың қарсы жолағына шыққаны және жол ережесін бұзып, апатты жағдай туғызғаны үшін Әкімшілік кодекс бойынша жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 80 мың теңге айыппұл төлейтін болды.
Мұны естіген қала тұрғындары қуанып, «сауап болды» десіп жатыр. Енді осы жүргізушінің қылығы басқаларға да сабақ болса, тіпті жақсы болар еді. Бірақ соған мән беріп жатқандар жоқтың қасы сияқты. Өйткені жол жүру ережесі ғана емес, қала мәдениетінен хабары жұрдай адамдар азайып жатқан жоқ. Петропавлдық жол сақшыларының әлеуметтік желілер арқылы жол үстіндегі заң бұзушыларды жазалауының бұл бірінші фактісі емес. Қаңтар айында қаланың екі есерсоқ тұрғыны қалың төсенішті көлікке тіркеп алып, сырғанағандарын да жазған едік. Екеуі де айыппұлмен жазаланған. Бірақ нәтиже шамалы болып тұр. «Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға кеңес береміз. Сондай-ақ құқық бұзушылық көрсетілген бейнежазба әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін негіз болатынын естеріңізге саламыз. Әрбір жаяу жүргінші мен жүргізуші полицейлердің бейнетіркегішінің, Жедел басқару орталығы камералары мен басқа да техникалық құрылғылардың бақылауында екенін естен шығармауы тиіс. Жол қозғалысы ережесін сақтау – сіздердің қауіпсіздіктеріңіздің кепілі екенін ұмытпаңыздар», деді ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов. Естір құлақ болса, мұндай ескертулер үнемі айтылуда. Дегенмен, жазаны ауырлатпай, тәртіп орнай қоймайтын сияқты.
ПЕТРОПАВЛ