02 Сәуір, 2010

ЖОҒАРЫ ПАРТИЯ МЕКТЕБІ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

713 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бұл туралы Алматыда “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Алматы қалалық  филиалы бастауыш ұйымдарының форумында сөз сөйлеген  “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин жария етті. Бүгінде Жоғары партия мектебін құру бойынша ұйымдастыру-техникалық жұмыстары жүргізілуде. Алматыға алғаш келіп, фо­рум жұмысына қатысқан Нұр­лан Нығматулин алдымен пар­тия басшылығы Мемлекет бас­шы­сы қойған міндеттерді орын­даудағы негізгі істерді атқаратын бастауы­ш буындардың жұмы­сына үлкен маңыз бере кетті. – Алдағы уақытта да Прези­дентіміз, партиямыздың Төр­аға­сы Н.Назарбаевтың биылғы та­рихи Жолдауын басшылыққа ала отырып, жаңа қадамдар жасауы­мыз керек. Ол жұмыстарды ат­қа­руда бастауыш партия ұйым­дарының рөлі ерекше екені өз­де­ріңізге белгілі. Бүгінгі күні еліміз бойынша партияның 6 мың­нан астам бастауыш ұйымы бол­­са, соның 612-сі Алматы қа­ла­сында. Олардың барлығы тіке­лей халықпен бірге жүретін, елге көмек көрсететін, қатарымызды жаңартып отыратын “Нұр Отан­ның” негізгі күші деуге болады, – деді Нұрлан Зайруллаұлы. Одан әрі ол партия жұмысы не­гізгі үш басымдықтан тұраты­нын, оның біріншісі – Прези­денттің стратегиясын жүзеге асы­руға жұмыла кірісу, екіншісі – төменнен бастама көтеру, соған сәйкес жоспарларын қайта қарау, үшіншісі – партиялық ұйымдар жоғарыдан нұсқау күтпей, туын­даған мәселелерге дереу назар аударып, нақты нәтижеге қол жет­кізу екендігін алға тартты. Со­нымен қатар, бастауыш ұйым жетекшілерін оқыту мен дайын­дау аса маңызды мәселенің бірі екендігін, ол туралы партия бас­шысының партиялық-саяси оқу жөнінде тапсырмасын орындау барысында “Нұр Отан” партия­сының Жоғары партиялық мек­те­бін құру бойынша ұйым­дас­тыру-техникалық жұмыстарының басталып кеткенін, бұл мектеп елдің партиялық-саяси элитасын қалыптастыру орталығына ай­налуы тиістігін атап көрсетті. – Онда орталықтың ғана емес, аймақтық партия басшы­ла­ры да дәріс алатын болады. Мектеп бірнеше кезеңнен өтеді. Биылдың өзінде орталық дең­гейде партия аппараты мен штат қызметкер­ле­рін, бастауыш пар­тия ұйымы бас­шыларын оқытуды бастамақпыз. Ал күзде аймақтық орталықтар ашылады. Оның алғашқысын батыс өңірі үшін Ақтөбеде ашу көзделіп отыр. 2011 жылы тағы да 4 партия оқыту ор­та­лығы жұмыс істейтін болады, – деді партия Төрағаның бірінші орынбасары. Форумда “Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық филиалының төр­ағасы, Алматы қаласының әкі­мі Ахметжан Есімов партия құ­рылғаннан бергі уақытта қала­дағы бастауыш партия ұйым­дары­ның қоғамдағы теріс әрекет­термен күрес жүргізудегі белсен­ділігіне, партия Төрағасының қойған міндеттерін орындауда өнеркәсіп деңгейін құлдыратпау, жаппай жұмыссыздыққа жол бер­меу, әлеуметтік қақтығыстар­дың алдын алу, т.б. мәселелерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, дер кезінде қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарламаның арқасында Алматыда өндіріс тоқ­тамай, күтілген жаппай жұмыс­сыздық болмағанына назар аудар­ды. Керісінше, “Жол картасы” арқылы 50 мың алматылық жұ­мыспен қамты­лып­ты. Үлескерлер мәселесі де қазір бұрынғыдай өткір тұрған жоқ. Сондай-ақ, Ахметжан Смағұл­ұлы демократиялық ел болған­дық­тан, оппоненттер мен оппози­цияның бар екенін ашық айта келе, шаһар басшысы ретінде олардың арасында байсалды ұсыныстармен шығатындарымен келісуге тура келетінін, жақында олардың басшыларымен кездес­кен­де тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық жүйесін жетілдіруде әкімдіктің қызметкерлері мен оппозиция өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құратындарын, мәселен, “Шаңыраққа” қатысты олармен өзара түсіністік тауып отырғанын да тілге тиек етті. – Сын – жақсы нәрсе. Бұ­рын жоғарыдан ғана емес, төмен­нен де сын айтылатын. Партия­лық қызметте осы құралды да пайдалануымыз керек. Тек сын объективті жағдайда болғанда ғана жалпы мүддеге қызмет ететін болады, – деді қала әкімі. Партияның сайлау орган­да­ры­ның шешімдерін жүзеге асыруда 48 мыңға жуық мүшесі бар Алма­ты қалалық филиалының бастау­ыш партия ұйымдарының рөлі мен жұмысының тиімділігін арт­тыру жолдары жөнінде баян еткен “Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Кәрімоллин сөз ретінде кейбір бастауыш партия ұйымдарының көзбояушылықтан аса алмай отырғанын сынға алды. “Нұр Отан” ХДП Алматы қа­лалық мәслихатындағы депутаттар фракциясының басшысы, Қазақ ұлттық аграралық университетінің ректоры Тілектес Есполов бүгінгі кездегі ең жоғары жауапкершілік, ең негізгі партияның міндеті – бастауыш партия ұйымдарының белсенділігінде екендігіне тоқтала келіп, ірі мегаполис ретінде Алма­ты қаласының дамуы Қазақ­стан­ның индустриялық-инновация­лық бағдарламасына тікелей бай­ланыстылығын, осы ретте депу­тат­тық фракция оңтүстік астанада ел экономикасының локомотиві мәртебесін ойдағыдай орындап отырғанын жеткізді. Билік партиясының аймақ­тар­дағы жұмысын үйлестіріп, нақты іс-әрекет етуде бастауыш партия ұйымдары – халықпен бірге жү­ре­тін, оның мұң-мұқтажын тың­дап, көмек көрсететін негізгі күш. Осы ретте, әсіресе, аудандық, ауылдық деңгейдегі партия бөлім­шелеріне үлкен салмақ жүктеледі. Форум соңында белсенділігі­мен ерекше көзге түскен “Ло­ко­мо­тив” АҚ, “Рахат” АҚ және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бас­тау­ыш партия ұйымдары алғыс хат­пен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.