Кизеветтер Ресейде екі рет болды. Алғашқы сапарын 1838 жылы бастап, Швеция, Финляндия арқылы Ресейге табан тіреді. Бұл кезде Петербор, Мәскеу, Рязань, Нижний Новгород қалаларында ғана аялдады. Ал 1842 жылы қайта келіп, сапарын Қазан, Саратов, Воронеж, Астрахан қалаларын аралауға арнады. Осы кезде Каспий теңізі жағалауындағы қазақтардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Кизеветтер Бөкей ордасында үш айдай аялдады. Осы кезде «Қазақ ханының баласы», «Ханның әйелі», т.б. картиналарын салды. Неміс суретшісі Бөкей ордасында болса, демек аталған картиналардағы – ханның туыстары. Сонда «Қазақ ханының баласы» Жәңгір ханның қай ұлы болуы мүмкін? Осы сұрақты хан ұрпақтары туралы зерттеп жүрген тарихшы ғалым Нұржан Төлеповке қойған едік. Оның айтуынша, «Қазақ ханының баласы» картинасында бейнеленген Жәңгір ханның тұңғышы Сақыпкерей сұлтан екен.
«Мен бұл тақырыпты 2003 жылдан бері зерттеп келемін. Портрет салынғанын білгенмен, қайда екенін таба алмай жүр едім. Әртүрлі музейлер айтылатын. Біресе Дрезден, біресе Берлин қаласындағы музей делінетін, – деп бастады әңгімесін Нұржан Төлепов. – Ханның мұрагер ұлы болған соң, портреті жазылған. 1844 жылы Сақыпкерей 15 жаста болады. Сақыпкерейдің туған жылы тариxи деректерде 1830/1831 деп жазылған. Олай болса 12-13 жастағы балаға ұқсайды. Сонымен қатар сурет бірнеше ай салынуы мүмкін».
Жәңгір хан 1845 жылы қаза тапса, 4 жылдан кейін, яғни 1849 жылы Петербордағы паж корпусын үздік бітірген ұлы Сақыпкерей де көз жұмды. Бұл кезде оның жасы 20-ға да жетпеген болатын. Сақыпкерей хан тағының занды мұрагері еді. Бөкей ордасының Жәңгірден кейінгі ханы да осы Сақыпкерей болуға тиісті. Алайда хандық билікті жүргізу оған бұйырмады.