02 Сәуір, 2010

ЖҮК САЛМАҒЫ ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕНДЕ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

608 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың үш мемлекетке жасаған сапары Молдовада аяқталды. Жақында ғана президент сай­лауын өткізіп, елдің саяси өмірінде жиі-жиі түндігі желпілдеп, әлемді өзіне қарататын Украина астанасы – Киевтегі алғашқы жүздесу осы сая­си оқиғалардың қазанын бұрқ-сарқ қайнатушы Жоғарғы Радада бо­лып, оның төрағасы Владимир Лит­винмен кездесумен басталды. Та­раптар екі ел арасындағы байла­ныс­тардың өрістеуіне пейілді екен­дігін танытып, парламентара­лық қатынас­тарды да қарқынды жүргізу­дің маңызына мән берді. Екі елдің та­рихи ортақ кезеңдерін сөз ете ке­ліп, дағдарыстан дамуға бет алған осы бір өтпелі уақытта ұқсас проб­ле­малар­дың болу заңдылығына тоқталды. Бұдан кейін Іс басындағы төр­аға Жоғарғы Рададағы түрлі саяси партия фракцияларының жетекші­лері­мен кездесті. Жалпы, Раданың ғимаратына енгеннен-ақ мұнда сая­си пікірталастың қайнап тұрға­нын сезінген болатынбыз. Осы се­зім фракция жетекшілерімен өткен кездесуде беки түсті. Қанат Бекмырзаұлы Украина­да­ғы саяси партиялардың өз хал­қы­ның бүгіні мен болашағы үшін жасап жүрген еңбектеріне оң көз­қарасын білдіріп, мұның ЕҚЫҰ құндылық­тарымен үндесетінін мәлімдеді. Өткен сайлауды халық­аралық беделді Ұйымның демо­кратиялық қағидаттарға сәйкес деп бағалаға­нын қаперге салып, фрак­ция жетекшілеріне сіздерді тыңдауға пейілдімін деген рай танытты. Жоғарғы Рададағы Коммунис­тік партия фракциясының басшы­сы Петр Симоненко Іс басындағы төрағамен ұлттық саясат мәселесі мен әлеуметтік қиындықтарды еңсеру турасындағы ойларымен бө­ліскенде, ешбір мәселеде – сая­си, әлеуметтік салада ма, бизнесте ме, ешқандай күш қолдаудың қа­жеті жоқ, қандай бір нәзік мә­се­ленің өзін ушықтырмай, ақылмен шешу тиімді деген ұстанымын алға тартты. Сондай-ақ, өз елінің банк жүйесінің кемістігін сөз еткен депутат Украинадағы отыздан астам банктің бір де біреуінің отандық еместігіне, тек жалғыз Ұлт­тық банктің ғана үйлестіру­шінің қызметін атқарып отыр­ғанына қынжылысын жеткізді. Ал “Литвин блогы” депутаттық фракциясының өкілі Сергей Гри­невецький қоғамның өте бай­лар мен кедейлерге қатты бөлінуіне алаңдаушылығын білдіріп, халық­тың негізгі бөлігін орта топқа жет­кізу қажеттігін, украин азамат­тары­ның әл-ауқатын жақсартудың мемлекеттік деңгейдегі мәселе екенін атап көрсетті. Бұл мәселені шешуде коррупция мен сыбайлас­тық­ты жоюда атқарылып жатқан істерге тоқталып, оны нәтижелі етуге жұмылудың маңызын айтты. Түптеп келгенде, мұның өзі қауіпсіздік мәселесі деген депутат ЕҚЫҰ шеңберінде Қазақстан төрағалығына өздерінің үмітпен қарайтынын мәлім етті. Ал “Біздің Украина – ха­лық­тың өзін қорғауы” (Наша Украина – народна самооборона) депу­тат­тық фракциясы жетекшісінің орынбасары Тарас Стецкив әріп­тестерін пікірталасқа шақырды. Өздерінің Юлия Тимошенконы жақ­тап дауыс бергенін, қазіргі би­ліктің алдымен тұрақтылыққа қол жеткізіп барып реформалар жүр­гіземіз деген пікіріне қарсылығын айтып, “Біздің ойымызша, тұрақ­тылық келеді, бірақ еш реформа жүрмейді” деген сөзі мен басқа да бірқатар пікірлері отқа май құй­ғандай болды. Бұл бізге Украи­наның қазіргі тынысын таныт­қан­дай әсер берді. Жаңадан сайланған Украина президенті Виктор Януковичті ел сеніміне ие болуымен Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев­тың атынан құттықтаған Іс ба­сын­дағы төраға өзінің Беларусь мем­лекетіне сапары жайынан хабардар етті. Өз кезегінде ­Виктор Яну­ко­вич Қазақстанмен арадағы бұ­рын­нан бері жақсы, достық байланыс­тар­дың бар екенін айтып, біз сіз­дер­дің ЕҚЫҰ аясында көтерген бар­лық бастамаларыңызды қол­дай­мыз және Қазақстанның 2013 жылы Украинаның ЕҚЫҰ төр­ағалығына кандидаттығын қолдай­тынынан үміттенеміз деген ойын жеткізді. Сонымен бірге, Астанада Ұйымға мүше мемлекеттер басшы­ларының саммиті өткізілуін қолдай­мыз, оның күн тәртібін таразы­лауға атсалысуға да әзірміз, деді Украи­на президенті. Виктор Яну­кович, сондай-ақ Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Корфу ара­лында көтерген Еуропа қауіпсіз­дігінің жаңа архитектурасы жай­ын­дағы пікірін қолдайтынын жет­кізіп, Приднестровье мәселесінде біз Молдованың аумақтық тұтас­ты­ғы сақталуы қажет, алайда, Прид­нестровьенің өзінің айрықша мәртебесі болғаны дұрыс деген ойын ортаға салды. Мен Қазақстанға шақыруды қабыл ала отырып, Президент Нұр­сұлтан Назарбаевты Украинаға өзіне қолайлы уақытта сапармен келуге шақырамын. Біздің ел­де­ріміз арасындағы ынтымақтастық әлеуеті өз дәрежесінде пайдала­ныл­май жатыр, сол себептен екі елдің салалық министрліктерінің ара­сындағы байланыстарды дамы­туымыз маңызды, деді жаңадан сайланған Украина басшысы. Қысқа күнде маңызды-маңыз­ды бірнеше кездесу өткізіп, Қа­зақ­стан мен Украина сыртқы істер ми­нистрліктері арасындағы Ынты­мақтастық меморандумына қол қой­ған Іс басындағы төраға Ук­раи­на үкіметінің басшысы Ни­ко­лай Азаровпен, өз әріптесі Конс­тантин Грищенкомен жүзбе-жүз әңгімелескеннен кейін Украина сыртқы саясат ведомствосының басшысымен бірге журналистер сұрақтарына жауап берді. Константин Грищенко Украи­на тарапының бұл сапарға үлкен маңыз беріп отырғанын, президент Януковичтің он жыл болмаған Мемлекет басшыларының самми­тін өткізу идеясына қолдау біл­дір­генін айтып, өзінің де жазда Алматыда болатын Сыртқы істер ми­нистрлерінің кеңесіне шақы­ру­ды үлкен ықыласпен қабыл ал­ғанын атап көрсетті. Қанат Саудабаев әріптестерінің Украина президентінің Қазақ­стан­ға сапарына дайындық жұмысына кірісетінін, ал екі Мемлекет бас­шы­сының кездесуі қазақ және украин жұрты арасындағы бай­ла­ныс­тарды өрістетуге үлкен күш беретініне сенімді екенін білдірді. Біз тек тағдырлас, тарихи жал­ғас­қан, саяси, экономикалық бай­ла­ныстары бар ғана ел емеспіз, Қа­зақ­стан – 1,5 миллионнан астам ұлты украин азамат тұрып жатқан мемлекет. Олар Отаны Қазақ­стан мен тарихи Отаны Украина арасындағы алтын көпір іспетті, ал ЕҚЫҰ турасына келсек, біздің көптеген ойларымыз бір жерде тоғысады, демек, ниетіміз бір, деді Қ.Саудабаев. “Украинадағы сай­лауға, өздеріңіз білесіздер, халық­аралық беделді Ұйым оң бағасын берді, сайлау демократияның же­ңісі болды”, деді Іс басындағы төраға. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ – Киев пен Кишиневтен.