Әдебиет • 02 Сәуір, 2020

... жел сыпырды аулаңды еріншектеу. Нұрболат Жаңабекұлы

1136 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін жырсүйер қауымның назарына жас ақын Нұрболат Жаңабекұлының бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз. Әулиеталық шайырдың жан толқынынан туған жырлары өмірдің һәм көңілдің кей сәттерінен сыр шертеді. Нұрболат Жаңабекұлы – Жамбыл облысы, Жаңатас қаласының тумасы. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Қазір «31 канал» ЖШС Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі. Халықаралық, республикалық жыр додаларының жүлдегері. Өлеңдері «Өрімтал», «Жамбылдың жауһазын жырлары» атты ұжымдық жинақтарға енген.

... жел сыпырды аулаңды еріншектеу. Нұрболат Жаңабекұлы

... жел сыпырды аулаңды еріншектеу

Ақылақ

Сен келерсің...

Досқа атылған жебедей,

Жат түлікті бауыр басқан енедей,

Мансап сынды қомағай

Ділі тектес қоғам-ай...

Жөргектегі балаға

Дін оқытқан данадай.

Байға қайғы – бақыт та, қараға ас!

Ей, Еркіндік сен секілді бұ жүрек,

ел секілді жалаңаш.

 

Барым бердім жараса егер кәдеңе,

Сенен өзге уайым да жоқ және де.

Бір ұлыңның шын сөзіне сен-сенбе,

Көз аларттым көрші елге.

Жаным сатып албастыңа,

Сенің жолың өлсем мен,

Сәтке болсын еркін жүріп көрсең деп.

Мен кеткенде...

 

***

Досым,

Құрсағына бала біткен жесірдей,

Ұлт ертеңін айқындайтын шешімдей,

Тағдыр, шіркін, таңдауыңның салдары.

(Тәңір ісі – ол дағы)

Бас-басына құдай болған ғасырдың,

Шырқалса деп соңғы әні.

Бақсы алдырып, құрбан шалдым.

(жақсы ырым)

Сен қайтқалы – мен ақынмын. Нақ шыным.

Тәтті өлімнің – уақыт дейтін

алуан түсті ғайыпқа артып тәпсірін.

Кие қонған домбырадай жанымды

Алла, өзіңе, тапсырдым.

 

Туа бітті жұққан дерті зағиптік,

Қорғайтын да өзің енді халықты,

Шенеуніктей шешен емен, әйтпесем,

(Жасай берсін, демократия, жарықтық)

 

...Дүние де ауды, досым, сен кеттің,

Бұ жүректі берер енді емдеп кім?

Ұлт ертеңі шешілетін сәтте әлгі

Өлсе асыл ой қат қолынан жендеттің...

Берген сертке берік болсаң,

Жолыққанша, жар адал!

Қарғыс айтып Тәңірісіне зарлаған

Құрсағына бала біткен жесірдей,

Жан ауырса – бар ма амал?..

 

***

Шіркін, түр-түсі көп қой қайғының,

Сетінеп ұлт сенімі жайлы ұғым.

Көрген көздің де обалы,

Сөздің де обалы

Бізге!!!

Уай, көшкен жұрт қаралы.

Ай оңынан туар екен деп қай күні

Ойланғам жоқ.

Толғанғам жоқ сен жайлы.

Сол қайғы.

 

Сен мені кешір, болашақ...

 

Қыран деп сенгенім құзғын боп шықты,

Арыс деп сенгенім азғын боп шықты,

Шындық деген құс шіркей екен ғой,

Сұмдық дегенім бекер екен ғой

Қалжуыр ма еді байланған,

Белсенділердей сойы надан

Алдай салсамшы балаша...

 

Сен бізді кешір, болашақ...

 

Білсемші сонда батарын,

Сетінеп ұлт сенімі жоқтан қайғы,

Айыпты ел ақталмайды.

Қат қолы жетеді екен ғой,

Шындық дегенім бекер екен ғой,

 

Сен мені кешір, бота өмір...

 

***

Бітті бәрі...

Күні жетпей босанған келіншектей,

...жел сыпырды аулаңды еріншектеу,

Жаңбыр жауды содан соң...

Бөлмең ауыр күрсінді

Түтініне тұншығып менің шеккен

Шылымымның.

Байқаймысыз?

бір сәуле жарқ етті ғой... жалған бәрі

Беу, бейкүнә сөздер-ай, ойдан да ауыр.

Ең сұрқия ойыңды-ай...

қорқынышты,

Сіз өтесіз өмірден (өкінішті-ақ)

әрі кетсе...

Үй тұрғызып болмаса ұрпаққа артып.

Көзден ұшып кетерде ізгі шағы,

Қою түнді құшаққа ап қыз құшағы.

...күнәңіздің көптігін сезінген күн,

Діннен қате іздерсіз...сіз мысалы.

Дертім-ау менің... білемісіз?

Тәңір бар... Әруақ бар... ауаны бар...

сатқындықты қосыңыз және бұған.

Бәрі бітті...

...күні жетпей босанған көркем қыздың,

Өмір ағып түскендей жанарынан...

 

***

Мысалы,

Сен сенбейсің құдайға анық,

һәм ойың толысардай жыл айналып.

Діннен рахат табардай бір кітапты

жастанасың. Жүрегің жылайды ауық.

 

Иілесің әдеппен қарияға әр,

Қариялар - жырыңдай жар ұялар...

Күн ілгері тасыған дариядай,

тұншықтырар салқыны ойларыңның,

құпияңдай... мысалы

(жасырын жанұяң бар)

 

Мысалы,

Сен сенбейсің барына өзге өмірдің,

Содан, мүмкін, қажыдың. Жазбадың жыр.

Сеніңше, бір сипаты сөз де өлімнің,

Түсі өзгеріп көздеріңнің

сүю жайлы ғаламат аңыз айттың,

Ақыры бөзге орандың.

 

Мысалы,

Жаңбыр жауар толассыз аспаныңда,

Өмір дерсің... өмір де қас қағым сәт.

Түн жаттаған дұғасын таңда ұмытар,

Қош, қарға дос!

Қош, ажал!

Қош, жаным! Қош!

 1

***

Сізді ойладым мұңайғанда...

(«Мені» – Мұңсыз екен деп топшыларсыз)

Сізді ойладым көрші әжей үй алғанда,

Ұялғанда шешейге тік қарауға,

Сізді ойладым!

Сіз жоқ шығарсыз...

Мүмкін, қиял ғана...

 

...мүмкін жолы болмады

мүмкін, сізді...

жек көреді адамзат,

Бұл – үнсіздік,

Жалықтырды! Қажытты! Сізсіз өмір –

Өмір-ақ... сізсіз өмір – Тәңірсіздік...

 

Қайда асығып барамыз?

Не күтеді?

Мен дайынмын! Ал сіз ше?

сен күте тұр!

Мүмкін өлім жоқ шығар (ойда ма екен?)

Сенімде өзге, әйтеуір ай да бөтен.

Айтпақшы,

...Сәл шыдаңыз оу, маңда жер бітеді.

 

***

Уа, Әулием, құтпа оқы...

Мұң – жанарым сам сіңірген.

Нұх – хақың.

Бір бесікке үңіледі төрт қара,

Төңкерілген қазанға ұқсап жұттағы.

 

«Дүние-ай, шіркін...

Қарға достың қауырсынындай салмағы,

Алагеуім. Түнге ықтияр хәлфә нұр.

Мыжық тауға мыжық бұлттар жантайды,

(Дамылдайды олда ақыр)

 

Мына ұлыста қауыс айы мың қыстау,

Салалайды бұқпа желі құмды ыспа.

Атаукере.

жолда қалған жалғызға.

...Көбесі иман басыр Молла күндіз түн,

жыр құраса қылмыс па?»

 

Осыны айтып келесіне кетті ана,

Дәуір көшті. (Ұл жетілді жоқ қарап)

Төңкерілген қазанды ұстап жұттағы,

Бір бесікке үңіледі төрт қара.

 

***

Мұңлымын мен, көргендей жүзіңді алғаш,

Түн секілді бұлт қаптап бұзылған. Таң.

Жалт-жұлт етер сәулесі күннің алтын,

Жапырақтар бұтақтан үзілгенде.

 

Үзілгенде ән өлердей қайғырғамыз,

Теңіз мұңда толқыған ой құрғар. Күз.

Тарыдай ғана қайғым(ды) жолыңызға,

Шаштым, күнім. Енді сіз қайрылмаңыз.

 

бірақ... (бүлдіретін де осы)

Сіздің үйдің есігін қағып тұрмын,

Жазбай таныр дертім – сіз. Жалықтырды –

жаттанды әуен, таныс күй... билейді мұң

«менмұндалап» құшағын жайып, құрғыр.

 

Әйтпесем сіз,

мұңнан тамған тамшыдай үзіліп кеп

күмп еттіңіз, тағдырым. Сізді ұмыт деп

жүзі үгіттеп жатыр ғой.

Қоя қойшы,

Мен болмасам қаламында оянарсыз

әлдекімнің. Мүмкін...

Шамды айнала билерсіз тағы аяусыз.

 

Сосын, қарғам, өлердей қайғырармыз,

Еске түсер ескі өлең, (қай жылғы аңыз.)

Тарыдай ғана қайғым(ды) жолыңызға

Шаштым ғой мен. Сіз енді қайрылмаңыз.

Жәрай ма?!

 

***

Қоңыр өңді домбырам, құлағы ауыр,

Көркем неткен мені ойлап жылағаның.

Зеріккеннің ермегі махаббат та

Пәлсапа да шындығы бір адамның.

 

Қарағым-оу,

Сенің ізгі мінезің, менің де ізгі,

Күз - қоңыр қыз, қоңыр көзді.

Сен бақытсыз болар ма ең, болмаса егер,

Сан шақырым салқындық арамызда...

 

Құм аралас тас толды көкірегіме,

Сезесің ғой, себеп көп өкінерге.

Білесің ғой, «Кешірші, өтінем» - деп,

Хат жазудың тағы да реті келмей

Қажыдым мен.

Күйредім. Жанымды алар,

Ақ періште, жап-жасыл жалын ғана.

... бөлмең кезген бақылап елесімді

арқаң сүйеп тұрмысың қабырғаға?

 

Қарағым-оу, барында бағалар кім?

Батып кетіп көзіңе жоғалар күн.

Қаттап құйсаң дембе-дем масқа айығу,

Жаңа алдырған шарабың қос қайырып,

«Сені енді мәңгіге ұмыттым» - деп,

Тартып жібер!

Өйткені, мен - жоқ адаммын...

 

Сосын шертіп домбырам, құлағы ауыр,

Тосын әзіл айтарсың жылағанға.

Өзің жайлы, мен жайлы мәселенки,

«Пәлсапа да шындығы бір адамның».

 

***

Өткенді аңсап қайтесің?

(сүймеген соң)

Сағынбайсың жүрген соң күнде көрісіп.

Бұрын-соңды біз жайлы білмегенсіп,

Көрсек те көрмегенсіп, жүрдік солай...

басқа не? Неге үндемейсің?

 

Солай сенің сәттерің жылға айналды.

Құсқа – Тәңір,

Беу, дүние-ай, жүзіндей ұстараның.

Үміт кетті қойнында месқарынның,

Байлық кетті қолында ұстағанның.

 

Өңімде едің сен менің!

(Түсім бе едің...)

ғұмыр берді тәңірі мәңгі сүрер

бақытқа орап аппақ мұң ұсынды өмір.

Мен пессимисттік ойларға тұншықтым көп

Өлді және асыл ой ішімдегі.

 

Қоштасатын уақыт келді.

(Сен де, қарғам, боларсың бақытты енді)

Біздің ғазиз, аңқаулау ел секілді,

«Тәуелсіз» деп ойлайтын көрсе кімді...

Сендім саған. Алдадым көпті солай

Жанұшыра жүгіріп жеттім саған

Ал, сен үнсіз кетіп қалдың.

 

Түк шықпады және де ойымыздан,

Мұңнан өзге жүк те жоқ мойнымызда.

Өтінемін өзіңнен –  өзгелерді

Кінәлауды қоялық қайғымызға.

 

Жанарыңа жас толы ұқсайды әлем,

Сен – зау көкте жалындайсың.

бұрынғыдай құстар да ұшпайды. Ал, мен –

«сенің солай сәттерің жылға айналар», –

деп сендім. Айтшы өзің...

Менің сорым қайсы?

1

 

Біздің Жеңіс

Талай қыздан бас тартты,

Арманы да басқа-тын.

«Алсам, егер, алам бірден қос қатын», -

дейтін Жеңіс орда бұзар жаста-тын.

 

...құрдастармен отырмайтын боп алды,

Құрдастары шақырмайтын боп алды.

дәл сол жылы қарындасын ұзатты,

дәл сол түні қамалды.

 

...рушыл ағаң басқаратын баспадай,

Құбылған-ды тас төбеңде көшкен ай.

Қызып қалдың. Онда тұрған түк те жоқ,

Тек сол түні үйіңе де бармапсың,

Тек сол түні көрші қызды зорлапсың...

 

Бүлінеді, байқаймысың неше әлем,

Мың құбылып тас төбеңде көшеді ой.

(Туған қызын жезөкше еткен шешедей)

Беу, дүние-ай...

артын – алды жұтып тұрған жыландай,

сөреңізге сән беретін құрандай,

Осыншалық мәдениетті қоғамға

Ұжмағың не? Дозағың не? ұға алмай

Келем, жалғыз! «Қал» дейсің бе? Жоғал де...

Келем, жалғыз! Өз пікірі жоқ елде.

«Жеңіс қазір қамал алар жаста ғой»

деймін іштей... амал не?