02 Сәуір, 2010

АПАТПЕН АРПАЛЫС

723 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Көктемнің алғашқы айы өтсе де алжып өлген биылғы қыс­тың көр­сетпеген “өнері” қал­мады. Біреулер торқалы той деп, бі­реулер топырақты өлім деп қаһар­лы қыстың қиын жолына тәуекел етеді. Біз де бармасақ болмайтын сапарға, жалғыз ағаны бақилық сапарға ат­тан­дырып салу үшін жолға асығыс ат­танып едік. Алматыдан алаң көңілмен ұшаққа отырған біз Өскеменге де жет­тік. Мұнда да барлық бағыттарға апарар күре жолдар күнде соққан ақтүтек боранның кесірінен тау-тау үйінді қар астында қалған. Сон­дықтан ұшақ қабылдай алатын қа­лалар мен аудан орталықтарынан жо­л­аушыларды жеткізу үшін шағын ұшақ атаулы кестеге де қарамай, тек ауа райының сәл қолайлы сәті түссе-ақ аспанға көтеріледі екен. Бүкіл аймақта қалып­тас­қан апатты жағ­дай­ға байланысты, бұл да облыс әкі­мі Бердібек Мәш­бек­ұлы Сапар­баев­тың жіті қада­ғалауының нә­тиже­сінде жүзеге асырылып отырған шара көрінеді. Облыс басшысының өзі бірде аттан түспей, боран көміп тас­таған негізгі күре жолдардағы қар аршып, жол күреу жұмысын ба­қы­ласа, бір­де бірер тәулік күн жыл­ы­ған­нан ері­ген қар суы басып қалған Абай ауданы мен Тарбаға­тайдағы ауылдарға аттанады екен. Одан шыға тау қойнауларын кісі бойынан биік болып басып жатқан қар ерісе, Шүлбі, Үйдене сияқты плоти­на­лар­дың жай-күйін біліп қайтуға жолға шығады екен. Ал Алтай қой­нау­ларында жатқан Қатонқарағай, Мар­қакөл, Күршім аудандары тұр­ғын­да­рының бүгінгі қасіреті қалың қар тұтқынынан шығу. Олар­ды “үлкен жермен” байла­ныс­тырар, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткі­зер жалғыз көлік тікұшақ қана. Ондағы тұрғындар үшін су тасқыны ертеңгі күн­дер­ден күтер үрейлі хабар. Зайсан жерін наурыз айының соңғы күндері болса да әлі тұм­ша­лаған қалың қар дымын шығармай, тұн­шықтырып жатқандай. Қаланы қол­тығына қонақтат­қан Кіш­ке­нетаудың биік-биік жар­тас­тарының тө­белері ғана қараяды. Өскеменнен әу­пірімдей ұшып  жеткен біздің қала орталығына же­туі­міз­дің өзі күшке айналды. Ұша­ғы­мыз­дың жерге қонғанын күтіп тұрған жаяу борасын қас пен көздің арасында ат құлағы кө­рінбес ақтүтекке айналды. Сәл ғана бұ­рын қар күрегіш техни­ка­лар жүріп өткен көше­лерді үрінді қар толтырып тастапты. Мәшинелер жүріп емес, аппақ лайдың ішінде жүзіп келе жатқандай. Әйтеуір, көңілге медеу тұтар бір жай – Зайсаннан 45 ша­қырымдай ғана қашықтықтағы тау қойнауын сағалаған қыстауда жатқан ағамыздың науқасы меңдеген тұста аудан басшыларының күшімен екі күн трактормен жол тазалап жүріп, жедел жәрдеммен аудан орталығына жеткізіп үлгергендері. Әйтпесе, Алматыдан Өске­менге, одан Зайсанға жеткеннен гөрі Зай­саннан Талды деп аталатын тау ішін­дегі мекенге жетуіміз екі талай еді. Көп жылдар көршісі болған аға­мыз­дың іні-достарының бірі топырақ салу үшін сол Талдыдан атпен шығып, кеу­десімен қар сүзіп бол­дырған көлігін жол­да қал­ды­рып, еңбектегендей болып әрең келіпті. – Інім, сендердің қамқор­лық­та­рың­ның арқасында ол кісі ор­та­лыққа жетіп қалыпты, – деп аудан­ның бас дәрігері Марат Білей­меновке ризалық білдірсем, ол: – Бұл біздің парызымыз ғой, – дейді. – Біз сол сапардан ең шал­ғай­да жатқан Шілікті ауылынан тол­ғақ қыс­қан бір келіншек пен жолай Тал­дыдан ағаңызды орталыққа жеткізіп үлгердік. Шілікті жолынан жеті-ақ шақырым жерде жатқан Талды жолының қарын тазалау үшін бір жарым тәулік тынымсыз ар­па­лыс­қан тракторшы жігіттердің ең­бегін айтыңыз. Жар құлақтары жас­тыққа тимей, ұйқыны да, күлкіні де ұмытып, аттан түспей жүрген аудан басшыларының еңбектерін айтыңыз. Өмір есігін ашқалы тұрған нә­ресте, өмір жолын тұйықтағалы жат­қан пенде уақыт таңдамайды. Ақ­түтек боранға, нөсер жаңбырға олар қарайлай алмас. Бұл – жаратылыс қа­ғидасы. Жара­тылыс қағи­дасына жан пенде қарсы келе алмас. Зайсан қаласының іргесінде жатқан ауыл­дар­ға да қатынас күн аралатып тоқ­тайды екен. Бәрі бір қар күрегіш трак­торға ілескен жедел жәрдем ав­то­көліктерінде тыным жоқ. Олардың өмір үшін күресі табиғаттың кесірлі мінезіне қарап тұра алмас. Дүниеге сәби әкелетін аналар толғағы, жаны қиналып, ауырып қалғандар туралы хабарда үзіліс жоқ. Көңілімізді жай­ма-шуақ жаздың күндері, жайдары жұм­сақ қыстың күндері жарты са­ғатта барып-қайтар ауылға бару үшін кемінде жарты тәулік азаптандырар са­парларда жүрген жол таза­лау­шы­лар мен өмір үшін күрестерін тоқтатпаған жедел жәрдемшілердің қиын жұмыс­тары толқытты. Иә, біз ауыл іргесіндегі қорым­ның жолын аршытып жүргені­мізде басқа ауылдардан бір кісінің қазасы туралы хабар естілді. Демек, қар таза­лау­шы­лар­дан олардың да көмек сұрай­тындары ақиқат. Бұларсыз ол жер ат шананы қойып, салт атты кісі жүре алмас соңғы сапардың соңғы ша­қырымы жер үстіндегі қияметтің қыл көпіріне айналыпты. Демек, жер аяғы кеңіп, қар көбесі сөгілгенше осы­нау азаматтарда тыныштық болмас. Ағамызды мәңгі мекеніне ақ боранмен алысып жүріп, қоныс­тан­дыр­ған күні түс ауа жылы қарасай желі соғып, соңы қарлы жаңбырға, одан бұршаққа ұласты. Енді қала кө­шелерінің өзінен техниканы қойып, жаяу жүрудің өзі мұңға айналды. Үй шатырынан су сорғалап, қарлы жаң­бырдың ауыр салмағына шыдамаған олар­дың қайсыбіреулерінің белі опырылып кетіпті. Көше-көше ақ ірімтік суға толды. Мұндайды қазақ жұт дейтін. Жем-шөбін молдап қамда­ған кейбір шаруақор жандар бол­маса, көбісі-ақ малын жа­нының садағасына балапты. Зайсанның ортасын қақ бөліп ағып жатар Жеменей өзені түн ор­та­сында гүрілдеп-сарылдап, қа­һа­рына мінсін. Онсыз да теледидардан Қы­зылағаш, Қарауыл, Үржар, Тар­бағатай аудан­да­рын­дағы Ақсуат, Ой­шілік, Қызылкесік мекендеріндегі тас­қын туралы, Сауырдан бастау ала­тын Қандысудан Шілікті, Тас­бастауға төнген қауіп туралы құлағ­дар жұртта үлкен үрей бар. Бүкіл Зайсан жұртының қаупі – Үйдене. Осыдан жарты ғасыр бұрын тұрғызылған сыйымдылығы 75 мил­лион текше метр Үйдене өзеніндегі үл­кен плотинаның ГЭС-і электр қуа­тын өндірумен бірге, жинап алған қорынан жаз кезінде ди­қан­дарға су беретін. “Сауыр­дың төбесінен бермен ағар мол су келсе, “Өтпелі кезеңнің” өлар­а­сы­нан бер­мен күтім көрмеген бөгеудің опы­ры­ла құлауы мүм­кін екен”, дейтін, қаң­қу сөз тез тарапты. Аудан әкімі Ән­уар­бек Мұхтарханов ауыл әкімдерін жи­нап, жұрттың үрейленбеуін сұ­рап­ты. Қауіп-қатердің алдын алатын рес­публикалық Төтенше жағдайлар жө­ніндегі министрлік сияқты ғұ­зырлы мекемеден бастап, облыс әкімінің Үйдене жайын өзі назарда ұстап отырғанын, бөгеу­дегі су деңгейінің қазір 32 миллион текше метр ғана мөлшерде екендігін, егер су деңгейі көтеріле бастаса күндіз-түні күзетте тұрған адамдардың оны реттеп отыратынын қадап айтыпты. “Жақсы сөз – жарым ырыс”. Ең қажетті керек-жарағымыз деп бу­ын­шақ-түйін­шектерін ыңғайлап отыр­ған жұрт біршама байыз­дан­ға­дай. Лайым, айтқандары ақиқатқа айнал­ғай. Бұл күнде аудан әкімшілігінен басшылардың біреуін кабинеті­нен табу қиын. Бірі Өскемен бағы­тын­дағы тас жолда қамалып қалған ма­ши­наларды құтқару үшін екі күн бұ­рын аттанып кеткен болатын. Бірі Қан­дысудың ар­на­сын аршытумен жүрсе, бірі Май­ғап­шағай кеден бе­кеті арқылы Шы­ғыс­тағы көрші елге сапаршылап барып, жолда қамалып қал­ған турис­терді құтқаруға кетіпті. Аудан әкімі Әнуарбек Мұх­тар­хановқа қиын кезеңде: “Алла жар бол­сын!” дейтін ағайындық тілек­тес­тікті білдіру үшін қалта телефоны арқылы байланысқа шыққанбыз. Неше тәулік бойы Өске­мен­нен шығып, Қабанбай ауылының тұсында жолда қалғандарға азық-түлік жеткізіпті. – Бүгін түн ортасы ауа жетіп қалармыз. Баяу болса да жылжып келеміз, – дейді. – Жаз да шығар. Ел де ес жинар. Тек еңбектеріңіз еш болмасын! Жолда қалғандарды сүй­реп шығарғандай, бүкіл ауда­ны­ңыз­ды да сүйреп шығаратындарыңызға сенемін. – Рахмет. Алайда, бұл қыстың ұмытылуы қиын болар, – дейді ол. – Қалған техникамызды жиып-теріп, кеденнен өте қар қамауында қалған павлодарлық бес-алты авто­бусты әрең дегенде жеткізіп, ыстық тамақ ұйымдастырып едік, – дейді әкімнің орынбасары Қазыбек Биқадамов. – Кәсіпкер келін­шектер: “Осында тегін қонақүйге орналас­тырып, Павлодарға тегін ұшыр­май­сыңдар”, деген өкпе айтады. – Қиналған жұрт қисынсыз әңгіме айтар. Жол аршылса болады да, – дейміз біз. – Қазір аудандағы автокөлік түгелге жуық тоқтады. Жол аршитын техника мен жедел жәрдемге деген аз ғана жанар май қалған. Жанар май жоқ. Өскеменнен бері қарай жолдың жабылуына байланысты, жанар майдың бар қоры таусылды. Әкімнің орынбасары өз әріптестері Сансызбаев Ризабек, Ақ­те­ке­нов Ораз­хан, тағы басқа мекеме бас­шы­ла­рының бәрі де қар басқан жолдарды аршу, тасқын судың алдын алу сияқты ша­руа­лар­да жүргенін айтады. Мынандайда басшылар ғана емес, әр азаматтың азаматтығына сын болар қиын кезеңде ағайын-жұртынан барын аямай, ауыртпашылықты бірге көтерісіп, бар техникаларын түгел жұ­мыл­дыра білген жергілікті кәсіп­керлер Қуат Әбжанов, Болат Нұ­расыл, Ербол Келгенбаев, Ғалымбек Салбанов сынды жігіттерге ризалық білдірді. Мен осы өлкеде туып-өссем де, шалғайда жүргенмен жылына екі-үш дүркін келіп-кеткенде мұндай қысты, қытымыр ғана емес, қасақы қысты көрмеппін. Бұл да бір мылтықсыз майдан екен деген ой келді. Тек елдің аман­дығын, жұрттың тыныштығын тіледім. Алматы облысындағы Қызыл­ағаш қасіреті ұмытылмас. Бүкіл жұрт болып, басшылық болып, көмек қолын созды. Елдігімізді көрсете білдік. Мектептегі бүлдіршіндерге дейін қолда бар жәрдемін ұсынып жатқанын көргенде көзге жас іркілді. Енді Шығыстың шырғалаңы бас­талды. Табиғат дегенін істеп бақты. Әлі де көрсетері алда сияқты. Өйткені, бүкіл аймақты тұн­шық­тырып жатқан кісі бойы қардың тұмсығы жібігенінің өзінен талай үй суға малтығып, талай көпір қирады. Тек күн сабырмен, асықпай жылысын деңіз. Қазір Шығыс өңіріне де көмек қолын созуға шақырған бастамашыл зиялы топтың арнайы есеп-шот аш­ты­рып, үндеу тастауы әбден құп­тарлық. “Көп түкірсе – көл”. Азды-көпті көмек табиғат апатына тос­қауыл бола алмас, тым болма­ғанда, тасқынмен арпалысып жат­­қан­дар­дың арттарында елі тұр­ғанын сезін­ген­дерінің өзі жәрдемнің үлкені болмақ. Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,  жазушы.