02 Сәуір, 2010

КҮДІК ПЕН ҮМІТ

705 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Өкінішке орай, қазіргі күні құ­рылып отырған одақтың мән-мағына­сы мен қыр-сыры, еліміз үшін маңызы қарапайым халықтың көпшілік бөлігіне жете таныс емес. Осының сал­дарынан ел ішінде әртүрлі әңгімелер қозғалуда, дақпырттар таратылуда. Осы жағдайды кейбір саяси топтардың тиімділікпен пайдалануға тырыса­тындығы сезіліп отыр. Сондықтан Кеден одағына бай­ланысты қазіргі күні халық ішіне кеңінен тарала бастаған кейбір күмәнді сауалдарға жауап бере кетуді жөн көрдік. Бұл жауаптар мем­лекеттік органдардың берген тү­сіндірмелері мен экономикалық са­рап­шылардың пікір­лерінен құ­рыл­ғандығын алдын ала айта кетпекпіз. Бірінші дақпырт. Кеден одағы комиссиясының өкілеттілігі ұлттық үкіметтердің өкілеттігінен жоғары болып отыр. Бұл жағдай алдағы уақыт­та Қазақстанға Ресей ықпалын күшейте түсетін болады. Бірте-бірте Ресейдің шылауында қаламыз. Осы дақпыртқа байланысты төмендегідей жағдайды айтуға болады. Кеден одағы комис­сиясының құрылуы үш мемлекеттің арасында жасалынған келісім-шарттарға негізделген. Ол шарт­тарда комиссияның жұмыс істеу қағидаттары көрсетілген. Олар: Кеден одағына бірікккен ел­дердің жекелеген мемлекеттік органдары бұрын өздері атқарып келген кейбір өкілеттік түрлерін Кеден одағы комиссиясына ерікті түрде тапсырады; комиссия үш елдің ұлттық мүд­делерін ескере отырып, өзара тиімді жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті болып табылады; комиссияда қабыл­данған ше­шімдер экономикалық тұрғыдан негізді болуға тиіс. Мұнда саяси басымдықтарға жол берілмейді; комиссия ашық, жа­риялы түрде жұмыс істеуі тиіс. Осылардан көріп отырға­нымыздай, ко­мис­сияның қызмет аясы нақты бел­гіленген және ұлттық мемлекеттік мүдде тұр­ғысынан қарастырғанда ол шектеулі болып табылады. К­о­мис­сия мемлекет пен Үкімет бас­шыларының алдын ала бірлесіп қабылдаған шешімдеріне сәйкес әрекет етіп, соларды жүзеге асырады. Оның үстіне комиссия мү­шелері бір-бір дауысқа ғана ие. Осыған сәйкес шешім дауыстардың басымдығымен ғана қабылданады. Мәселен, Беларусь пен Қазақстан тарабы белгілі бір мәселе жөнінде бір пікірде болса, онда Ресейдің ұсынысы қабылданбайды. Осы ретте Кеден одағын құру бары­сында Ресейге дауыстардың 57 пайызы, Қазақстанға 21,5 пайызы, Беларуське 21,5 пайызы бөлінгендігін еске алайық. Мұндай дауыс құқығы­ның ерекшеліктері комиссия мен оның хатшылығын қар­жы­ландыру және хат­шылықтағы қызмет­терді бөлуге қатыс­ты ғана қолданыла­тын­дығын айтуы­мыз керек. Сөйтіп, Кеден одағына қатысты негізгі мәселелер бойын­ша әрбір мем­лекеттің мүддесі еске­ріліп отыр. Арада даулы мәселелер пайда болатын болса, оны одақтың жоғар­ғы органы –мемлекеттер және үкіметтер басшыла­рының кеңесі шешетін болады. Екінші дақпырт. Кеден одағына қатысты шешімдер жабық жағдайда қабылданып жатыр. Қазақстан азаматтары онымен таныс емес. Бұл дақпыртқа қатысты айтары­мыз, Кеден одағын құрудың норма­тив­тік базалары әрбір елдің үкі­метте­рінде бірнеше рет тал­қыланып, онда қабыл­данған ше­шімдер бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы халыққа жеткізілген болатын. Аталған мәселеге бай­ланысты Премьер-Министрдің бі­рінші орын­басары Өмірзақ Шөкеев пен Қаржы министрі Болат Жә­мішев және басқа да мемлекеттік органдар басшылары жур­на­листерге сұхбаттар берді. Сонымен қатар Кеден ода­ғының негізін қалайтын халық­аралық құжат­тар­дың барлығы еліміздің заңына сәй­кес Қазақстан Республикасының Парламентінде рати­фикацияланды. Ол мәселелерді тал­қылауға депутаттар мен қоғам өкілдері белсене қатысты. Мә­селен, қазіргі күні Қазақстан Пар­ла­ментінде 18-ге тарта халық­ара­лық келісім рати­фикацияланды. Ен­ді 16 келісім осын­дай сүзгіден өтетін бола­ды. Жалпы, одақты құруға қа­тысты барлық келі­сімдер “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газетте­рінде жарияланады. Үшінші дақпырт. Бі­рыңғай кедендік тарифтің қабылда­нуы үшінші елдер­ден келетін тауар­ларды шектеу қау­пін туғызады. Алда­ғы уақытта тауар­ларды тек Ресей мен Беларусьтен ғана сатып алатын боламыз. Осы дақпыртқа қатысты төмендегі­дей деректер кел­тірмекпіз. Кеден одағы құрылғанға дейін біз­дің елімізге сырттан келетін шетелдік тауарлардың 32,6 пайызы Ресей мен Беларусьтің үлесіне тиіп келген еді. Ал қалған тауарлардың басым бөлігі Еуропалық одақ елдері мен Қытайдан тасымалданды. Яғни, одақ құрылғанға дейінгі кездің өзінде біздің елімізге Ресей мен Беларусь тауарларының импорттық ықпалы күшті болды. Сонымен қатар, біз жоғарыда алдын ала жасалынған келісімге сәйкес Қазақстанның бірқатар тауарлар түрі бойынша бірыңғай кедендік тарифке кезең-кезеңімен бірте-бірте қосыла­тындығын айттық. Мәселен, дәрі-дәр­мектер бойынша бізге беріліп отырған өтпелі кезең бес жылдық мерзімді құ­рай­ды. Демек, қазіргі күні Қазақ­станға Еуропалық одақтан келіп жатқан дәрі-дәрмектер қымбаттауға тиісті емес. Оларға қолданылып келген баж салы­ғының ставкалары қазақ­стандық тұтынушылар үшін қолайлы қалпында сақталады. Бұл жеңілдіктер елімізге Еуропаның дамыған мемлекеттерінен жет­кізілетін көптеген күрделі құрал-жабдықтарға да қатысты болып отыр. Төртінші дақпырт. Кеден одағының құрылуы басқа елдерден келетін ин­вес­ти­циялар үшін шек­теу ту­ды­рады. Бұл дақпыртқа қатысты айтары­мыз, қазіргі күні әлемдік жағдай бойын­ша инвес­тициялардың келуі кө­бінесе елдің ішіндегі бизнеске жасал­ған қолайлы ахуалға (атап айтсақ, кә­сіп­орындарды тіркеу, қызмет түрлеріне лицензиялар беру, шаруашылық субъек­тілерінің қызметіне мем­лекеттік орган­дардың араласу мүм­кіндігін шектеу жағдайла­рына) байланысты болып келеді. Бұл мәселеде инвести­ция үшін туды-рылатын салық жеңілдіктері мен ел ішінде тиісті инфра­құ­рылымдардың, білікті кадрлардың болуы да әсер етеді. Міне, осының барлығы Қазақ­стан­да бар деп айта аламыз. Мұны Бүкіл­әлемдік банктің елімізге берген рей­тинг­тік бағалау көр­сеткіші де дәлелдеп отыр. Мә­селен, осы бағалау бойынша Қазақстан қазір 183 елдің ішінде 63-орында тұрса, Ресей – 120-орында. Үкімет қазір бизнестің алдын­дағы әкімшілік кедергілерді азайту мәселе­сіне барынша белсенді кірісіп отыр. Демек, халықаралық ұйымдар­дың біз­дің елге беретін рейтингтік көрсеткіш­тері одан әрі жақсара түсетіндігіне сенімдіміз. Мұның сыртында еліміздің 2020 жыл­ға дейінгі үдемелі индустрия­лан­дыру жөніндегі стратегиясы бизнеске қолайлы жағдай ту­ғызудың, шетелдер­ден инвес­ти­циялардың келуіне жол ашудың қосымша мүмкіндіктерін қарас­тырып отыр. Жалпы айтатын болсақ, Қазақстан дүние жүзі елдерінің ара­сында өзінің табиғи ресурс­тарының молдығымен, эконо­микалық даму әлеуетінің ерекше зорлығымен көзге түсе бастады. Бұл фактор шетелдік инвес­торларды біздің елімізге қызық­тырмай қоймайды. Де­мек, Қа­зақстанның Ресеймен және Бе­ларусьпен бірігіп Кеден одағын құруы үшінші елдерден келетін инвестиция­ларға шектеу болмайды. Бесінші дақпырт. Қазақ­стандықтар еуропалық мемле­кет­тер­дің, Жапония­ның жеңіл авто­кө­ліктеріне құмар. Ал Ресей авто­өнер­кәсібі шығаратын кө­ліктер тұ­ты­ну­шыларды көп қанағаттан­дыра бер­мейді. Мұндай жағдайда авто­көлік тұтынушылары ұтылатын болады. Бұл дақпырт бойынша мынадай деректерді келтіруге болады. Қазіргі күні Ресейде бірлескен кә­сіп­орындар құру нәтижесінде амери­калық, еуропалық және жапониялық компаниялардың көптеген алдыңғы қатарлы көліктері шығарыла бастады. Олардың қатарында Toyota Camry, Nіssan Teana, Ford Focus, Mondeo, Hyundaі Accent, Hyundaі Sonata, Hyundaі Santa Fe, Volkswagen Passat, Skoda Octavіa, Fabіa, Jetta, Tіguan, BMW: 3,5, X3, Kіa, Renault Logan, SsangYong: Rexton, Kyron, Actіon; Doblo Panorama, Opel секілді әртүрлі маркалар бар. Ресейде соңғы кездері шетелдік көліктерді шығару барған сайын жақсара түсуде. Мәселен, 2009 жылы шығарылған барлық автокөліктердің 46,9 пайызын шетелдік брендтер құрады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының өзінде 41,8 мың дана жеңіл көлік шығарылды. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден 2,3 есе артық. Соның ішінде жоғарыда шы­ғарылған жеңіл көліктердің 26,3 мыңын шетелдік брендтер құрап, 2009 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 46,9 пайызға артып түсті. Алтыншы дақпырт. Кеден одағының құрылуы біздің отандық кәсіпкерлер үшін едәуір ауырт­палықтар әкелетін бо­лады. Олар­дың бәсекелестік қабілеті тө­­мен. Мұндай жағдайда отандық ры­нокқа Ресей мен Беларусьтің өнер­кә­сіптік өнімдері қаптап келе бастайды. Бұл дақпыртқа байланысты айта­ры­мыз, қазіргі уақытта жаһан­дану үде­рісінің күшеюіне бай­ланысты ешбір ел өз шекарасының аумағында тұйық­та­лып өмір сүру жағдайынан қалып бара­ды. Кә­сіпкерлік бәсеке­лестіктің өзі жа­һан­дық мәнге ие болып отыр. Алда­ғы уа­қыт­та кім жаһандық бәсекелес­тікке қабі­летті болмақ, соның ғана жолы болады. Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен бірігіп Кеден одағын құруы бір есептен алғанда осы жаһандық кәсіпкерлік бәсекеге бірте-бірте әзірлену жолы болып табылады. Бұл үш ел өз уақыты келгенде Бүкіләлем­дік сауда ұйы­мына қосылатындығы анық. Міне, осы кезде қазақстандық кәсіп­керлер көп ұтылмауы үшін ең ал­ды­мен үш ел арасындағы бәсеке­лестік сынынан өтіп, шыңдалуы қажет. Қазақстан мемлекетінің басшы­­лығы осы уақытқа дейін отандық кә­сіп­керлікті дамыту бағытында көптеген істерді тындырды. Оларға қолайлы жағдай туғызуға үнемі ұмтылыс таны­тып келеді. Отандық кәсіпкерліктің қалыптаса бас­тағанына да жиырма жылға тарта уақыт болды. Бұл аз мер­зім емес. Енді олардан шын мәнінде пісіп-қатып, ширап алдыға ұмтылу талап етіледі. Тіпті табиғаттың өз даму заңды­лығы бойынша да балапан мәңгілік балапан күйінде қала бермейтіндігі анық. Ол да қанат қатайтып, зеңгір көкке қарай шарқ ұруы қажет. Бұл өмір заңдылығы. Сондықтан қырандар балапаны қара қа­наттанып жетілген тұста оны ұясынан алып шығып көк зеңгірінен төменге қарай тастап жібереді екен. Сол секілді бәсекелестіктің заңы да Қазақстан кәсіпкерлерінен шыңдалуды талап етіп отыр. Олардың алдында осыдан басқа жол жоқ. Сондықтан кәсіп­керлер Ресей, Беларусь кәсіпкер­лерімен тайталасқа дайын болуы үшін өздерінің технологиялық жарақ­танды­рылуын, білікті кадрлармен қамтама­сыз етілуін және өз беттерімен үш елдің ортақ рыногын зерттеп, меңгере білу мәселесін күшейтуі қажет. Оның үстіне үш елдің Кеден ода­ғына бірігіп, алдымыздан 170 миллион халқы бар үлкен рыноктың ашылуы қазақстандық кәсіпкерлер үшін табыс табудың үлкен мүмкін­діктерін бере­тіндігі анық. Мәселен, Қазақстан осы уақытқа дейін малға бай елдердің бірінен саналып келгендіктен шетелдерге, тіпті қасымыздағы Ресейге  ет экспорттау мәселесі үлкен қиын­дық­тарға түсті. Қазақстанның осы уақытқа дейін Ресейге жылма жыл экспорттап келген етінің жалпы көлемі 1 мың тоннаға да жетпеді. Енді Кеден одағының пайда болуы бұл елге ет экспорттау мәселесін анағұрлым жақсарта түсетіндігі анық. Қазақстан Үкіметі таяудағы үш жылдың ішінде оның көлемін жылына 60 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Сонымен бәсекеге қабілетті кәсіп­кер­лер үшін Кедендік одақтың құры­луына байланысты пайда болған үш елдің алып рыногына шығу үшін алды­нан жарқын жол ашылады, ал бәсеке­лестікке қабілетсіз кәсіпкерлер еліміздің ішкі рыногы аясында бірте-бірте тұйықталып қала беретін болады. Кедендік тарифтік жӘне тарифтік емес реттеулер Кедендік одақтың кедендік тариф­тік реттеулерінің негізгі элементі Бі­рыңғай кедендік тариф болып табыла­ды. Ол үс­тіміздегі жылдың 1 қаңта­рынан бастап күшіне енді. Осыған байланысты аталған үш ел үш­інші бір елдермен сауда қарым-қатынасында бұдан былайғы уақыттары ақылдаса отырып, бірыңғай сыртқы сауда саясатын жүзеге асыратын болады. Одақ құрылған кезде Бе­ларусь, Қазақстан және Ресей елдерінде осыған дейін жұмыс істеп келген импорттық кедендік баж салығының 40 пайызы бір-бірімен сәйкес келді. Сөйтіп, одақтың құрылуына байланыс­ты үш мемлекеттің алдында кедендік баж салығының 60 пайызын бірізден­діру мәселесі туындады. Осы мәселені реттеуде мем­ле­кеттер төмендегідей өлшемдерді бас­­шылыққа ала отырып жұмыс істеді. Біріншіден, белгілі бір өнім туралы әңгіме қозғалған кезде ол өнімнің ел ішінде өзіндік өн­дірісінің болуы есепке алынады. Егер ондай өндіріс түрі болмаған жағдайда елдегі тұтынушылар мүддесін қорғаудың мүмкіндіктері барынша қарастырылады. Баж салығы осы мәселеге сәйкес реттеледі. Екіншіден, импорттың құры­лы­мы­на мән беріледі. Егер импорттың негіз­гі үлес салмағы ТМД аясындағы елдер­ге түсетін болса немесе ол тауар көп жылдардан бері қарастырылып отырған елге импортталмай келген болса, онда ол тауардың кедендік баж салығы ставкасын өзгерту соншама бір ауыртпалық әкел­мейді деп табылады. Осын­дай жағ­дайда баж салы­ғының неғұрлым жоғары ставкасы белгіленеді. Үшіншіден, бірыңғай ке­дендік тарифті реттеу барысында отан­дық бизнес өкілдерімен белгілі бір тауарлардың ставкасын өз­герту жөнінде талқылаулар жүргізілді. Бірыңғай тарифті белгілеу кезінде төрт жүзге тарта им­порт­тық тауарлар­дың кедендік баж салығы ставкала­рының неғұрлым төмен белгілеу құқы­ғын өзінде қалдырды. Осы үшін Қа­зақ­станға бірнеше жылдарды қамтитын өтпелі кезең белгіленді. Бұл өтпелі ке­зең тек дәрі-дәрмектерге ғана қатысты емес. Мәселен, мұнай-химия саласын, алюминий өн­дірісін, сондай-ақ шетел­дік капиталдың қатысуымен құрыла­тын басқа да күрделі өндіріс түрлерін дамыту жөнінде Қазақстанның өзіндік жобалары бар. Бұл жобалардың жүзеге асуы алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары технологияларды қажет етеді. Міне, осы тех­нологияларға қатысты құрал-жаб­дықтар үшін де өтпелі кезең белгіленіп отыр. Бұл тауарлар біздің елімізге бұ­рын­ғысынша жеңілдікті кеден­дік баж ставкалары арқылы жет­кізілетін болады. Сондай-ақ Қазақстан жағы қант шикізаттарын жеткізуге қатысты да онжылдық мерзіммен жеңілдікке ие болып отыр. Мұндай тауарлар саны егер санамалап көрсете берсек, едәуір. Кеден одағы туралы та­қырыпты бұдан әрі де жалғастыра беруге болады. Өйткені, осы одақтың аясында қазіргі қа­былданып жатқан құ­жат­тардың әрбірі еліміз үшін ерекше маңызды. Мә­селен, Кеден ода­ғының Кедендік ко­­дек­сін алайық. Ол 8 та­раудан, 50 бөлім­нен, 372 баптан тұ­рады. Бұл мә­се­ле жө­­нін­дегі әң­гі­ме­леуді ке­йінге қал­­­ды­рамыз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.