
Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
Кәсіподақтың қызметі һәм міндеті
Мұғалімдердің басым бөлігі дәл осы қарапайым дүниені, яғни өздері мүше болып кірген кәсіподақ ұйымының қызметі мен міндетін білмейді. Сондықтан тиесілі қамқорлықтан қалыс қалады. Редакциямызға солтүстік облыстан хабарласқан бір мұғалім жақында ауыл әкімінен көп балалы ана ретінде төтенше жағдайда таратылған азық-түлік себетін сұрағаны үшін директорының жиналысқа салғанын жеткізді. Педагог бұл жайтқа үндемепті. Мұғалімнің мектепте оқитын қызы үйге жылап келіп, директор мен бір педагогтың анасын сөз етіп тұрғанын естігенін айтыпты. Дәл осыған шыдай алмаған педагог бізден көмек сұрады. Біз оған: «Сіздің құқығыңызды мектептегі кәсіподақ қорғауы керек. Сіз алдымен кәсіподақ басшысымен сөйлестіңіз бе?», дедік. Мұғалім: «Директормен бірге менің мәселемді дәлізде қызыма естіртіп тұрып талқылаған сол кәсіподақтың өкілі еді», дегенде әрі қарай ештеңе сұрай алмадық.
Иә, шын мәнінде кәсіподақ ұйымы қызметкерлерді ішкі және сыртқы қауіптен кәсіби тұрғыда қорғауға міндетті. Бірақ кейіпкеріміз баяндаған көрініс көп мектепке таныс болар. Редакциямызға хабарласқан мұғалім кәсіподақтың міндеті мен қызметіне не кіретіні түгілі, өзінің оған мүшелікке өту үшін өтініш жазған-жазбағанын бірден есіне түсіре алмады.
Ақиқатында, әр педагог өзі мүшелікке кірген кәсіподақ ұйымының қызметкер, жұмыскер, еңбек етуші ретінде қорғауға қызмет етуі және мүшелікке өтпей тұрып жазбаша өтінішпен ерікті түрде келісім беруге міндетті екенін білуі тиіс. Өйткені ол жалақысының 1 пайызын ай сайын аударып отырады ғой. Керек десеңіз, еңбекақысынан кәсіподаққа ұсталатынын білмейтіндер де бар. Осындай бассыздықтың бәрі – сайып келгенде сауатсыздық пен маңдай терге деген салғырттықтың салдары.
Сіз қай кәсіподақтасыз?
Біз осы мақаланы жазарда «Мектептегі кәсіподақтың жолдамасымен шипажайда ем алып, арнайы демалып көрдіңіз бе?» деген сұрақпен мұғалімдер арасында арнайы сауалдама жүргіздік. Соның 66-сы жолдамамен демалған, 26-сы қанша жыл жарна төлеп жүрсе де жолдама ала алмаған. Ал бірнеше педагог 20-30 жылдық еңбек өтілі бола тұра кәсіподақтың шипажайларға жолдама беретінін бірінші рет бізден білгенін жазды. Сонда кәсіподақтар жұмыс істемей ме?
Бұл ретте қай кәсіподақтың жұмысы ақсап тұрғанын анықтау керек. Әйтпесе, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашова айтқандай, көп сөз қоғамдық ұйымдардың ішіндегі көзге көрінетін осы ірі одаққа келетін көрінеді. «Білім саласында бірнеше кәсіподақ бар. Біздің салалық кәсіподақ еліміздегі үш ірі кәсіподақ бірлестігінің (Еңбек конфедерациясы, «Аманат» бірлестігі) ішінде Қазақстан кәсіподақтар федерациясына кіреді. Салалық кәсіподақтың құрамындағы аудандық, облыстық кәсіподақ ұйымдары өздерінің ұжымдық шарттарында мүшелеріне арналған сауықтыру жолдамаларына берілетін жеңілдіктерін көрсетеді. Біздің жарғыда 30-дан 70 пайызға дейін жеңілдік қарастырылатыны жазылған. Бұл пайыздық мөлшер әр ұйымның қаражатына қарай орындалады. Бір мектепте кәсіподаққа 100 адам мүше, екінші біреуінде одан 2-3 есе аз болуы мүмкін. Кейбір өңірлердегі ұйымдарымыз тіпті 100 пайызға дейін жеңілдікпен жолдама береді. Мұндай мүмкіндіктерді көп балалы және ардагер ұстаздар, сондай-ақ кәсіби жетістіктерге жеткен педагогтер иелене алады», дейді А.Мұқашева.
Негізінен кәсіподақ ұйымдарының басшылары ұйым мүшелерімен өткізетін жиналыстарда қандай шипажайларға жолдама бар екенін жыл басында хабарлауы керек. Дегенмен ақпарат жеткілікті болса да, біраз мұғалім құлықсыз болуы мүмкін. Оған Түркістан облысы Мақтаарал ауданында мұғалім болып еңбек ететін Қарлыхан Өндірбекованың: «Кәсіподақ берген 50 пайыздық жеңілдігі бар жолдамамен Біркөлік, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарыағаш, Арман шипажайларында демалдым. Әріптестерімді бірге баруға үгіттеймін. Бірақ жыл сайын серік болар адам таппаймын. Көбі шипажайларда демалғаннан, ем алғаннан гөрі үйіне жөндеу жүргізуді, баласын ұзатып, ұлын үйлендіруді жоспарлайды. Мен тіземді жарақаттап алғандықтан, терапевт кеңесімен жыл сайын ем алуым керек. Сол себепті кәсіподақ ұйымына өтініш жазып сұраймын. Міне, биыл да бұйырса жолдама алып отырмын», дегені дәлел болатын секілді.
Кәсіподақ қайткенде директордың қолжаулығы болмайды?
Жоғарыда сауалдамамызға бір педагог: «Бізде шипажайларға кімнің баратынын мектеп директоры шешеді», деп жазыпты. Мұндай мектептерде кәсіподақ басшылары директордың қолжаулығы болып кеткені түсінікті. Ал шын мәнінде кәсіподақ ұйымы өзіне мүше мұғалімді тіпті директор мен оның орынбасарынан да қорғауға қауқарлы. Бірақ мүдделі ме? Мәселе – сонда. Ал кәсіподақ ұйымын басқарушы қайткенде директордың қолжаулығы болмайды?
Осы мәселенің шешімі ретінде кәсіподаққа басшыны мектептің инспекторы секілді сырттан бекітуді ұсынғандар бар. Сонда кәсіподақ ұйымының басшысы мектеп директорына жалтақтамайды. Өйткені кәсіподақты басқарып отырған педагог өз қызметінде директорға бағынышты болғандықтан басшысының айтқанын істейді. Олай болмаған жағдайда директордан қысым көруі мүмкін.
Ал Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының басшысы Айгүл Мұқашова: «Мұғалімдер кәсіподақ ұйымының басшысын өз ортасынан сайлауы керек. Сырттағы адам ұжымның ішкі жайын, қай қызметкердің қандай көмекке мұқтаж екенін білмейді. Оған қоса кәсіподақтың мүшелері өз басшысын өздері қалап, таңдауы тиіс. Егер өз ұйымының мүшесін қорғап, қандай да бір жеңілдікті, жәрдемді алуы үшін көмектесіп, соның нәтижесінде мектеп басшысымен келіспей қалса, жұмыстан шығып қаламын деп қорқудың қажеті жоқ. Еңбек кодексі, Кәсіподақтар туралы заң бар, кәсіподақ ұйымының басшысы – осындай заңмен қорғалған адам», дейді. Бірақ оқу ошақтарының басым бөлігінде кәсіподақ ұйымы басшылары сайланбай, жай ғана тағайындалады. Бұл – айтылмайтын қағида, жазылмаған «заңға» айналып та кеткендей.
Жолдама арман болған-ай...
Педагогтердің барлығы кәсіподақ ұйымының белгілі бір пайыздық жеңілдігімен демалуға болатынын білмейді деуге келмес. Мұндай мүмкіндіктің барынан хабардар болса да, жоғарыда жазғанымыздай, құнттамайтындар көп. Солардың сыртында қаншама жылдан бері кәсіподаққа өтінішін жазып жүріп, бір де бір жолдама ала алмай кеткендер бар. Оған әлеуметтік желіде жүргізген сауалдамаға ойын ашық жазғандардан көз жеткізуге болады. Мысалы, Қалдыгүл Теміртаева: «Жолдама сұрасақ, өмірі жоқ қой. Одан да кәсіподаққа төлеген жарнаны өзіңіз жинасаңыз, қалаған шипажайға барып демаласыз. Мен 27 жыл жарна төлеп, 1 жолдама ала алмадым, сонда кәсіподақтың қандай пайдасы бар? Осы уақытқа дейін шыдап жүрдім. Енді кәсіподақтан шығамын деп шештім. Еш пайдасы жоқ. Нәсіп болса, келесі жылға ақша жинап, асықпай қалаған шипажайға барамын. 160 қызметкері бар мектепке 1-2 жолдама ғана береді. Бұл сұмдық қой. Мәселені шешетін уақыт келді емес пе?» дейді.
«Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы Андрей Пригорь кәсіподақ ұйымдары тәуелсіз, қоғамдық ұйым болғандықтан, қордағы қаржысын қалай үйлестіру керегін өз мүшелерімен бірлесіп шешуі тиіс екенін айтады. Оның ойынша, егер жоғарыда жазылғандай, 160 адамға небәрі 1-2 жолдама болса, оған мүше адамдар кәсіподақ ұйымының басшысынан есеп пен жауап алуы қажет.
Еңбек конфедерациясының құрамына кіретін Ақтөбе облысы мен қаласы бойынша білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Лидия Шайғазықызы жолдама санын арттырудың жолы бар екенін жеткізді. Бұл үшін Еңбек конфедерациясының жарғысында көрсетілгендей, облыс және қалалық деңгейдегі қаржы қорының 65 пайызын мектептегі бастауыш кәсіподаққа беру керек. Сонда облыстық кәсіподақ ұйымы бөлетін 1-2 жолдаманың санын мектептегі бастауыш кәсіподағы қорындағы қаражаттан тағы бірнешеуге көбейтуге болады. «Біз жиналған қаржының 65 пайызын мектептегі бастауыш кәсіподақтың өзіне, 25 пайызын өзімізге (оны түрлі жеңілдіктер мен жәрдемақылар қарастыруға, шаралар мен байқаулар ұйымдастыруға, өз жалақымызға, ғимарат жалдауға жұмсаймыз), ал қалған 10 пайызын республикалық деңгейдегі кәсіподаққа бөлеміз. Кеңес өкіметі кезінде кәсіподаққа аударылған әлеуметтік аударым қазір Үкіметке жіберіледі. Міне, сол тәртіп бойынша азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер 1 айлық көлемінде емдеу-сауықтыру жәрдемақысын алады. Білім беру саласындағы техникалық-шаруашылық қызметкерлер мұндай жәрдемақыны алмайды. Біз емдеу-сауықтыру жәрдемақысын алмайтындар мен ардагер ұстаздарға 50 пайыз, ал жоғарыдағыдай жәрдемақы алып отырғандарға 30 пайыз жеңілдікпен жолдама береміз», дейді Л.Шайғазықызы.
Зейнетақыдан да кәсіподаққа жарна төлеп жүрсіз бе?
Осы сұраққа «иә» деп жауап берсеңіз, демек сіз кәсіподақ ұйымының мүшесі ретінде шипажайларда ем алып, демалуға құқылысыз. Айтпақшы, бар өмірін, күш-жігерін ұрпақ тәрбиесіне арнап, 30-40 жылдық еңбек өтілімен зейнетке кеткенде, ұйымның мүшелігінен қоса шыққандар да кәсіподақтың жолдамасын ала алады. Бұл үшін Л.Шайғазықызы айтқандай, кәсіподақ ұйымы өзінің жарғысына сәйкес соған мүдделі болуы керек. «Біз еңбектен босатылған педагогтерден өз жарғымызға сай ешқандай жарна ұстамаймыз және мүшеліктен де шығармаймыз. Бұл негізінен Салық кодексінің 141-бабы 22-тармақшасында да көрсетілген, яғни жарна ұстауға болмайды. Бізге жарна төлемесе де, мәселен былтыр бір ғана жылдың ішінде Ақтөбе қаласындағы білім беру саласынан зейнетке шыққан 53 ардагерге жолдама бердік», дейді Ақтөбе облысы мен қаласы бойынша білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Лидия Шайғазықызы.
Ал Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жарғысына сәйкес, егер кәсіподаққа мүше қызметкер зейнетке шықса, оның еңбек шарты тоқтатылады, сондықтан кәсіподақ ұйымына жарна бұрынғыдай ұсталмайды және мүшеліктен шығарылады. Демек, түрлі көмек, оның ішінде жолдама алу құқынан айырылады. Қоғамдық ұйымның мүшелігінде әрі қарай қалуды қаласа, қайтадан өтініш жазып, зейнетақысының 0,5 пайызын төлеп отыруға келісім береді. Сондай жағдайда ұйым мүшесі кәсіподақ жарғысында көрсетілген барлық көмекпен бірге шипажайларға жолдама ала алады. Бірақ Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы орта мектепте физика пәнінен сабақ беріп, зейнетке шыққан Тоқтағұл Мамасеріков зейнеткер болған жылы кәсіподақтың мүшелігінен шықса да шипажайға жолдама алған. Мұндай мүмкіндікті Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Жамбыл облысы білім жəне ғылым қызметкерлерінің жергілікті кəсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Сəбенұлы: «Заң бойынша зейнетақыдан жарна ұсталмайды. Бізге мүшелікке өткен адам зейнетақысының 0,5 пайызын жергілікті жердегі кәсіподақ ұйымының құрылымдарында орналасқан кассаларға келіп, қолма-қол төлейді. Біздің ұйым мүшелігіндегі ардагерлерге арнайы жеңілдіктермен жолдамалар береді. Дегенмен, жоғарыдағы кейіпкер секілді, ұйым мүшелігінен шығып кетсе де зейнеттегі қызметкердің шипажайларға жеңілдікпен жолдама алуға мүмкіндігі бар. Бастауыш кәсіподақ ұйымы зейнетке кеткен қызметкері ұйымның мүшелігіне қайтадан өтпесе де өз шешімімен оған жолдама тағайындай алады», деп түсіндірді.
Иә, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кәсіподақ бөлетін жолдаманың кімге бұйыратыны ұйым мүшелерінің келісімімен шешілуі тиіс. Әйтпесе, жолдама адам таңдамайды. Оны кәсіподақтың мүшелігінен шығып кеткен қызметкерге де беруге болатынын білдік. Сондықтан ұйымға мүше болған жан кәсіподақтың жиналысы мен есебіне құлақ түре жүргені абзал. Өйткені ұйым мүшесі көкейдегі көп сұраққа өз кәсіподағының жетекшісінен жауап алуға құқылы.