
Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
ЖОО-ның беделінен де маңызды дүние бар
Талапкерлер әлемдік тәжірибеде тізімдегі жүздеген ЖОО-дан өзіне керегін іріктеу үшін ең алдымен бір нәрсеге баса назар аударады. Бұл – университеттің беделі, түлектерінің қазіргі қызметі, я сайтында көрсетілген жақсы жарнамасы да емес, ЖОО-ның талапкер қалаған мамандықты оқытудағы жетістігі. Өйткені атағы жер жаратын университеттің өзі белгілі бір мамандықтарды даярлауда ақсап тұруы мүмкін. Сондықтан шетелде талапкерлер бірінші өзіне «Менің мамандығымды қай университет сапалы оқытады?» деген сұрақты қояды. Ал осы сауалдың жауабын табу үшін әлбетте ЖОО арасында жүргізілген рейтингке жүгінеді.
Мұндай сараптамалық жұмыс нәтижесі бүгінде бізде де жарияланып тұрады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен үш жылдан бері жасап келе жатқан үздік университеттердің топтамасы бар.
Елімізде университеттер тым көп, мұндай мазмұндағы сын негізінен соңғы 3-5 жылдың көлемінде жиі айтылып келеді. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында еліміздегі ЖОО санын қысқартуды тапсырған болатын. Білім және ғылым министрлігі осы ауқымды істі жүзеге асыруда. Сондай-ақ білім беру гранттарын бөлуде де палатаның «ЖОО рейтингі» нәтижелері негізге алынады.
Отандық ЖОО-да оқуды қалаған талапкерлер алдымен мамандықты таңдау үшін «ЖОО рейтингі» нәтижесіндегі білім беру бағдарламаларының көрсеткішіне көңіл аударуы керек. Осы ретте көкейде «Бұл рейтинг қаншалықты әділ әрі сапалы жүргізілді?» деген сауал туатыны түсінікті.
Рейтингтің объективті бағалануы үшін былтыр 2036 білім беру бағдарламасы, 109 ЖОО нәтижесі зерттеліп, 58 мың 894 түлектің кәсіби біліктілігіне талдау жасалған. Бұл жұмысқа білім беру бағдарламаларын әзірлеуде тәжірибесі бар 700 сарапшы тартылған. Осыдан-ақ айқын көруге болады – бір сарапшы қателесіп қалар, бірақ 700 адамның мүлт кетуі мүмкін емес. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев: «Рейтинг дәл жасалуы үшін әрбір білім беру бағдарламасын кемінде 3 сарапшы қарайды. Сарапшыларға берілген мәліметтер кезінде ЖОО атауы көрсетілмейді. Демек, олар университетке емес, білім беру бағдарламаларына ғана баға береді», дейді.
Кәсібің – нәсібің
Әр талапкер өзіне ұнаған мамандықты, яғни кәсіпті болашақта нан тауып жеу үшін, өзін-өзі асыру үшін игереді. Осы орайда сұраныстағы мамандықты таңдау бар да, сұранысқа ие маман бола білу бар. Соның екіншісі әрбір талапкерді және студентті, әсіресе түлекті толғандыратыны сөзсіз. Себебі сұраныстағы мамандықты бітірсе де, сұранысқа ие маман бола алмай жүргендер өте көп. Сондықтан да талапкер университетті таңдар алдында «Бұл ЖОО маған ұнағанымен, тұрғылықты жеріме қолайлы болғанымен, болашақ жұмыссыздарды дайындамай ма?» деп алаңдағаны жөн. Мәселен, аталған «ЖОО рейтингі» жобасының зерттеу тобы биылғы нәтиже бойынша: «Қазақстанның 60-тан аса жоғары оқу орны болашақ жұмыссыздарды дайындайды десе де болады. Кейбір университеттер сапалы білім беруге тырыспайды. Есесіне дипломдарды басып шығарып, тез ақша тауып жатыр. Өйткені білімге емес, құжатқа сұраныс бар», деп қорытынды шығарған болатын.
«ЖОО рейтингінің» талдау деректері бойынша түлектердің мамандықпен жұмысқа орналасу көрсеткіші 50 пайыздан төмен болған 61 оқу орны анықталды. Ал бірқатар ЖОО-да мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 30 пайыздан да төмен. Айталық, «Халықаралық қатынастар» мамандығы әрдайым сұранысқа ие. Себебі елдің шетелдермен қарым-қатынасына, елшіліктерде еңбек етуге болады. Бұл саланың біздегі беделі де жоғары. Дегенмен осы бір сұраныстағы мамандықпен сұраныстағы мамандарды даярлай алмай отырған ЖОО бар. «ЖОО рейтингінің» 2019 жылға жасаған қорытындысы бойынша Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген түлектердің небәрі 29 пайызы ғана жұмыспен қамтылған.
Компьютерсіз қазіргі күнді, әсіресе жұмысты елестете алмаймыз. Сол себепті «Информатика» мамандығына да сұраныс жыл сайын артып отыр. Оған бөлінетін грант саны да басқаларымен салыстырғанда көп. Бірақ осы бір мамандықты тәмамдаған түлектердің бәрі бірдей сұраныстағы маман бола ала ма? Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетте «Информатика» (жаратылыс ғылымдары) мамандығын оқыған бітірушілердің 71 пайызы жұмыссыздар қатарын толықтырып жүрген көрінеді.
Осыған ұқсас тағы бір дерек «Экономика» мамандығы бойынша тіркелген. Орталық Азия университетінің «Экономика» мамандығын тәмамдаған түлектердің 20 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр.
Бұдан бөлек рейтингтің бағыттар бойынша шығарылған қорытындысы да зер салуға тұрарлық. Өйткені талапкерлер көбіне-көп мегаполистердегі университеттерге немесе ұлттық, халықаралық ЖОО-ға ұмтылады. Алайда «ЖОО рейтингінің» нәтижесінде Ғылыми жаратылыстану пәндері бойынша мұғалімдерді даярлау бағытында үздік боп танылған ЖОО-лардың бәрі (Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті) өңірлерде орналасқан.
ЖОО-дан жалақыға дейін
Көп кәсіптің нарықтық қоғамдағы беделі оған төленетін еңбекақының мөлшерімен өлшенеді. Кей талапкерлер әлдебір нақты шешімге келе алмай қиналғанда немесе жүрегімен қалағаны болмаған жағдайда жай ғана жоғары жалақы төленетін мамандықты таңдауы мүмкін. Осындай тығырықтағы талапкерлерге де таңдау жасауда қателеспеуге септігін тигізетін көрсеткіштер осы бір танымдық материалымызға арқау болған рейтингте бар.
Мәселен, түлектердің оқуды аяқтағаннан кейінгі орташа жалақысы 101 мың 243,34 теңгені құрайды. Олардың ішінде ең төменгі орташа жалақыны «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығын бітіргендер алады екен. Аталған кәсіпті игергендер орташа есеппен алғанда 69 мың 639 теңгеге жұмыс істеп жүр. Ең жоғары жалақыны «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» мамандығының түлектері алады. Олардың айлық табысы орташа 167 мың теңгені шамалайды.
Ал түлектері жоғары жалақы алатын университеттер қатарына Қазақстан-Британ техникалық университетін жатқызуға болады. Бұл ЖОО-ны бітірушілер орташа есеппен 242-288 мың теңге көлемінде жалақы алады.
Осы көрсеткіш бойынша екінші орынға табан тіреген КИМЭП университетін бітірушілердің жалақысы 196 мың 889 теңгеге жуықтайды. Үздік үштікті Қазақстан-Неміс университеті аяқтайды. Аталған ЖОО-ны тәмамдаған түлектер кем дегенде 196 мың 691 теңгеге еңбек етеді екен.
Диплом қолда, жұмыс қайда қашады?
Иә, жоғарыда сөз еткеніміздей, нарықтық қоғамда еңбекақы өте маңызды рөл ойнайды. Дегенмен түлектердің жоғары жалақы алатын ЖОО-ның дипломын қолға алып, жұмыс таппай қаншама ай жүріп қалатыны да бар. Сондықтан «Диплом қолда, жұмыс қайда қашады?» деген жайбасарлық жарамайды. Осы мәселеде де көкейде сенімділік орнауы үшін қай мамандықтың түлектері бірден жұмыс тауып кететіні көрсетілген деректерге көңіл аударған абзал.
«ЖОО рейтингінің» қорытындысына сәйкес, «Көлік құрылысы» мамандығын аяқтағандардың жолы болғыш. Олар небәрі 2 айда жұмыс тапса, «Шетел филологиясы», «Стоматология», «Кеден ісі» мамандықтарының түлектері жұмыс іздеуге 5 айдан аса уақыт жұмсайтын көрінеді. Аталған мамандық иелерінің жұмысқа орналасуы 74 пайызды құрап отыр.
Тиісінше, жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары мамандықтар қатарына «Мейірбике ісі» – 90,4 пайыз, «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша – 87 пайыз, «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша 83,2 пайызды құрайды. Әлгінде айтқанымыздай, «Шетел филологиясын» тәмамдағандардың жұмыс табу ұзақтығы 51,9 пайызға әрең жетсе, «Дизайн» 60,5 пайызды, «Химия жаратылыстану ғылымдары» 58,6 пайызды көрсетіп отыр.