
SAT, ACT және IB халықаралық стандартталған тестілеулердің сертификаты бар тұлғалар білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады немесе ЖОО-ның ақылы бөліміне түсе алады.
Білім және ғылым министрлігі бұл туралы: «SAT, ACT және IB халықаралық стандартталған тестілеулер шкаласының ҰБТ балына ауыстырылуы жоғары білімнің аясын кеңейту үшін енгізілді», деп хабарлады.
SAT тестілеуінің балын ҰБТ балына ауыстыру тек SAT reasoning (мектептегі дағдылар – оқу, хат және математика бойынша тест) және SAT Subject (жекелеген пәндер бойынша тест) сертификаты болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ SAT Subject нәтижелері ҰБТ балына тек бейінді пәндер сәйкес келген жағдайда ғана ауыстырылады. «Ағылшын тілі» пәні үшін IELTS нәтижелері ескеріледі.
Қоса кетейік, IB – түлектерді АҚШ-тың және Еуропа елдерінің жоо-ларына дайындауға арналған білім беру бағдарламасы. ACT тестілеуі АҚШ колледждеріне түсу үшін пайдаланылады. SAT – АҚШ-тың жоғарғы оқуларына түсу үшін тапсырылатын стандартты тест.