
Жапонияның Гунма университетінің ғалымдары COVID-19 вирусын 4 сағатта жоя алатын маска ойлап тапты. Бұл туралы www.elitereaders.com сайты жазды. Порталдағы мақалада жазылғандай, жапондық ғалымдар жергілікті Мейсей (Meisei) текстил (тігін) компаниясымен серіктестікте жұмыс істеп, COVID-19 вирусын 4 сағатта жоя алатын маскасын таныстырды. Масканың ерекшелігі, жаңа мыс талшықтарынан жасалғанында.
Жапон мемлекеттік мекемесінің фейсбуктегі ресми парақшасында бұл туралы: «NIH (National Institutes of Health – АҚШ-тағы Ұлттық денсаулық институтының зерттеу қорытындысы COVID-19 вирусының пластик бетінде 3 күн, мыстың бетінде небәрі 4 сағат өмір сүре алатынын көрсетті. Содан соң ғалымдар фотокаталитик спин әдісімен мыстың вирусқа қарсы қабілетін күшейтті. Әрі қарай зерттеушілер Мейсей тігін компаниясымен бірлесе алдымен мыстан жіп, кейін мата жасап шықты. Сол матадан маскалар мен басқа да қажетті заттар тігілді», деп жазыпты.
Осы жаңалыққа қатысты жарияланған фотоларды мұқият қарағанымызда, ғалымдар мен тігін компаниясы өкілдерінің қолындағы тор маскаға көзіміз түсті. Мұрын тұсы ғана мыс матадан, қалған жері тордан тігілген екен. Бұл қазіргідей жаздыгүні масканы таға алмай, тұншығып жүргендерге едәуір сеп болатыны сөзсіз. Айтпақшы, ғалымдар мен тігіншілер мыс матадан қолғап пен қол сүрткіштерді де өндірген.