
Жалған жеке куәлік жасатқан
Педагогтер 2 маусымнан бастап біліктілік санатын жоғарылату үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсырып жатыр. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сүйенсек, педагог-модератор санатына 4 мың 100, педагог-сарапшы санатына 4 мың 297, педагог-зерттеуші санатына 3 мың 881, педагог-шебер санатына 271 мұғалім өтініш берген. Тестілеу тамыз айының аяғында аяқталады. Тестілеуден өтіп, біліктілігін көтерген педагог санатына сәйкес (педагог-модератор – 30, педагог-сарапшы – 35, педагог-зерттеуші – 40, педагог-шебер – 50 пайыз) жалақысына қосымша үстемеақы алады.
Аталған тестілеуді тапсыру барысында түрлі заңсыз фактілердің тіркелгенін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Білім және ғылым министрлігінің жақында өткен аппарат жиналысында жария етті. Орталық басшысының баяндауынша, небәрі 2 аптаның ішінде тест тапсырып үлгерген 12 мың 549 педагогтен 300-ге жуық тыйым салынған заттарды пайдалану әрекеті тіркелген. «Пандемияға байланысты Алматы облысында тестілеуді әлі бастай алмай отырмыз.
Жоғарыда аталған келеңсіз фактілер Ұлттық біліктілік тестілеу өткізіліп жатқан әр облыста бар. Осыған дейін 296 педагогтің тестілеу нәтижелері жойылды. Тестілеуді тапсыруға өзге адамды кіргізуге 18 педагог оқталған. Қазіргі таңда 6 фактіге байланысты тергеу жұмыстары басталды», деп мәлімдеді Д.Смағұлов.
Ең сорақысы, шымкенттік мұғалім жалған куәлік жасатқан. Осы жағдай жөнінде арнайы акт толтырылып, құқық қорғау органдарының тергеуіне жолданған. Мұғалімнің мәртебесі деп енді қалай шырылдайсың?
Тест сұрақтарын жаттап алу керек
Белсенді мұғалім Өмір Шыныбекұлы әріптестерінің мұндай әрекеттерін ақтауға болмайтынын айтады. Дегенмен оның ойынша, тиынның екінші жағында тағы бір өзекті мәселе тұр. «Тест сұрақтары аспаннан алынған жоқ. Оқулықтарға сүйеніп жасалды. Ал оқулықтардың сапасы, дәлірек айтсақ сапасыздығы жыр болғалы қашан. Меніңше, оқулықтардағы ең үлкен олқылық – өзге ел идеологиясының ықпалынан әлі күнге шыға алмауында. Бұл – олқылық емес, сорақылық. Педагогика бойынша келетін сұрақтарда біраз авторлардың (Александер Робин – Британ академиясының мүшесі, Эллиот Аронсон – америкалық психолог, Лев Выготский – кеңес психологі, Курт Левин – неміс психологі, Нил Мерсер – Кембридж университетінің педагогика профессоры) цитаталары келеді. Олардың екі-үшеуінен өзгесін алғаш рет 2013 жылы деңгейлік курсқа барғанда естідім. Онда да нұсқаулықта әрқайсынан әрі кетсе 2-3 цитата келтіреді. Нұсқаулықтың түпнұсқасы ағылшын тілінде жазылған. Ағылшын тілінен орыс тіліне, одан қазақшаға аударғанда бастапқы мәнмәтіннің түпкі мәні қаншалықты сақталады? Мен курста 3 ай оқыдым. Ал жоғарыда аталған авторлардың еңбектері туралы бірінші рет бар болғаны 2 апталық курста естіген мұғалімдер тест тапсырарда не істеуі керек?», дейді Ө.Шыныбекұлы. Мұғалімнің айтуынша, тесттегі кейбір сұрақтарды жаттап алмаса, жауап беру қиын. Оның үстіне білім беру саласын ғана емес, жалпы басқару жағын түзетпей мұғалімді түзетемін деу де – қисынсыз.
Бұл да – қылмыстың бір түрі
Тестілеуде тыйым салынған заттарды қолданудың артында педагогтің өз-өзіне, білім-білігіне деген сенімсіздігі жатыр. Республикалық «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы, орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Тамара Ғабитқызы осылай дейді. «Жалған құжат жасату, өз орнына тест тапсыруға бөгде адамды кіргізу, телефон немесе шпаргалка пайдалану да қылмысқа жатады. Педагог тестілеуді қабылдап, өткізіп отырғандарды алдаймын деп ойлауы мүмкін, шын мәнінде ол өзін өзі алдап отыр ғой. Мұндай мұғалімдерді ақтауға болмайды. Себебі аттестациядан өту, тест тапсыру деген кеше ғана енгізілген жаңалық емес, қанша жылдан бері осы бағытта келе жатырмыз. Бұған қоса әр мұғалім тестілеуде өзі күнделікті сабақ беріп жүрген пәніне, білетін, білуі тиіс жұмысына қатысты сұрақтарға жауап береді. Мен, мәселен, жетекшілік еткен сыныбымды 2018 жылы бітірттім, 28 оқушымның 25-і грантқа түсті. ҰБТ-ны әділ, дұрыс, таза тапсыруға оқушыларымды дайындаймын деп жүріп, өзімнің аттестациядан өтетінімді ұмытып кетіппін. Мектеп әкімшілігінен ертең тестілеуге кіретінімді естігенде, әзірлігімнің жоқтығына аздап қобалжыдым», деп еске түсірді Т.Ғабитқызы. Үздік ұстаз дайындықсыз тестілеуге кіріп, 110 балдың 90-ын жинап «педагог-зерттеуші» санатын иеленді. Өз пәнін 30 жылдан бері оқытып келе жатқан мұғалімнің бірінші блоктан сүрінуі мүмкін емес. Ал Т.Ғабитқызының екінші блоктағы «Педагогика, әдістеме, оқыту» бойынша тестіні еш қиындықсыз тапсыруына «Кэмбридж тәсілдерін қолдану» курсынан өткені көмектесіпті.
Тестілеу тазартуға түрткі болуға тиіс
Жеңіл жолмен біліктілігін көтеретін мұғалім оқушыларына да ҰБТ-ға немесе маңызды емтихандарға сондай қылмысқа жататын әрекеттермен дайындалуды үйретеді. Мейлі, үйретпеген күннің өзінде заңсыз әрекеттермен жоғары балл жинаған педагогтің оқушыларға тестілеуді таза тапсыру туралы мораль оқуына моральдық құқы жоқ.
Жоғарыда «Енді қалай мұғалімнің мәртебесі деп шырылдаймыз?» дедік қой. Сол сөзімізге қайта оралайық. Осыған дейін бірнеше рет мақаламызда педагогтің беделі тек заңмен көтерілмейтінін жаздық. Мұнда педагогтің өз міндетін жақсы білуі, кәсібилігі мен білім-білігі басты рөл ойнайтыны белгілі. Иә, нарықтық қоғамда мамандықтың мәртебесі сол саланың қызметкерлеріне төленетін жалақының жоғары болуымен де өлшенеді. Бұл да ескеріліп, педагогтердің еңбекақысы жыл сайын 25 пайызға көтеріледі. Жалақысы 10 жылдап көбейтілмеген кейбір мамандарға қарағанда әлдеқайда жақсы ынталандыру екенін мойындау керек. Газетімізде жақында жарияланған «Ер мұғалім неге аз?» атты мақаламыздағы бас кейіпкеріміз ауылда отырып 400 мың теңгеден аса жалақы алатынын айтып еді. Мегаполистерге жұмыс іздеп кеткен қаншама басқа сала мамандары мұндай айлықты армандап жүр. Ендеше, білім беру саласын білімсіздерден тазартатын уақыт жетті. Ұлттық біліктілік тестілеу білім-білігі жоғары мамандарды іріктеп, мәртебелі мамандыққа кір келтірген, жауапты қызметке жауапсыз қарайтын, салмақты салаға жолдан қосылғандардан арылуға негіз болуы тиіс. Бұл педагог мәртебесін көтерудің ең төте, тиімді жолы болар еді.
Осы ойымызға, яғни жоғарыдағы ұсынысымызға «Педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерге талап күшейтіліп, шекті балл 70 балға дейін жоғарылады ғой. Әрі педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттер 42 мың теңгеге дейін шәкіртақы алмақ» дейтін уәж айтылуы мүмкін. Бұл болашақтың еншісіндегі шаруа, біз бүгінге жауап беруіміз керек. Мұндай қадамдар педагог маманына деген сұранысты, жауапкершілікті арттырып, оң көзқарас қалыптастырады. Дегенмен ертең білікті мамандар қатарға қосылса да, ісі тергеуде жатқан педагогтер мәртебелі мамандықтың мәртебесін түсіретіні анық. Өйткені «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді».