
Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Германияның Қазақстандағы жылы аясында осы елдің “Германия-Қазақстан қоғамы” мен “Жаңа шығыс орталығының” шақыруымен Берлинде болып, Германия астанасының зиялы қауымымен кездесу өткізді. Оған Германия парламентінің депутаттары, оқу орындарының профессорлары, дипломатиялық корпус өкілдері мен университет оқытушылары және студенттер қатысты. Кешті “Жаңа шығыс орталығының” төрайымы, доктор Дина Вильковский жүргізіп отырды. Ол Бас мүфтиге қарбалас жұмыстарына қарамастан, шақыруды құп алып келгені үшін рахметін айтып, кешті ризашылық білдірумен ашты.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет “Қазақстандағы ислам діні: өркендеуі мен дамуы” атты баяндама жасады. Бас мүфти жалпы Қазақ елінің рухани, мәдени, ғылыми тарихына шолу жасай келе, Қазақстанның діні, ділі, кешегісі мен бүгініне тоқталды. Еліміздің салт-дәстүрі, өткені мен келешегі де асыл дініміз және оның мәдениетімен біте қайнасып жатқандығы, қазақ халқының өзіндік әдебиеті мен мәдениеті бар өркениетті ел екендігін қадап айтты. Қазақ жерінен бүкіл әлемге әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани, Хұсам ад-Дин Сығнақи, Мұхаммад Хайдар Дулати секілді мәшһүр ғалымдар шыққандығын айта отырып, олардың шығармашылығына тоқталды. Жиналған қауым сүйсіне тыңдаған баяндама бір жарым сағатқа созылды. Кездесуде көптеген сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді.
Жиналған жұртшылықты еліміздің тыныс-тіршілігінен, рухани-мәдени өмірінен молырақ сусындату мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырысымен “Қазақфильм” киностудиясы түсірген “Ислам – ата баба дініміз” атты деректі фильм де көрсетілді.
Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет атақты Рейхстагта Германия Бундестагының (Парламентінің) депутаттары, “Германия – Орталық Азия” парламент тобының мүшелері мен топ төрайымы доктор Дагмар Энкельманнмен кездесті. Ортақ әңгімеге әлемдегі тыныштық, діндер мен ұлыстараралық түсіністік пен достық, сыйластық жайы өзек болды. Дінбасы еліміздегі 26 ұлттан тұратын мұсылмандар мен өзге де ұлттар өкілдерінің Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын, ынтымақ пен бірлік арқасында Қазақстанның мұсылман елдері арасынан суырылып шығып ЕҚЫҰ секілді үлкен ұйымға төраға болып отырғаны, келер 2011 жылы ИКҰ-ға да басшылық жасайтынын тілге тиек етті.
Дагмар ханым Германияда христиандармен қатар солтүстік-африкалық және түркиялық мұсылмандар тұратынын, өздерінің де Германия халқы арасындағы достық пен сыйластыққа үлкен мән беретінін еске алды. Осы мәселеге байланысты екіжақты пікір алысылды. Дагмар Энкельманн Қазақстанда Елбасы мен дін өкілдерінің дін мен ұлттар арасындағы ешқандай да алауыздыққа жол бермейтіні, мұның өте дұрыс екені, әрі қарай да солай бола беруге тілектестігін жеткізді. Кездесу сондай-ақ діни-руханият, мәдениет салалары бойынша да ауқымды үнқатысумен жалғасты.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет рейхстагта Ұлы Отан соғысының іздерін көріп, мұндай әлем халқына үлкен қайғы-қасірет әкелген соғыстың екінші рет қайталанбауын тілеп, дұға жасады.
Бас мүфти ұлттар мен ұлыстараралық қатынасқа дінді жамылып сызат түсіруге және дін мен саясатты араластыруға жол беруге болмайтынын қаперге алды. Кез-келген дінаралық дүрдараздыққа алып баратын іс-әрекетке қашанда тойтарыс беріліп отырылуы керектігін ескертті.
Ұшырасуда Қазақстанның Бас мүфтиі елімізде зымиян пиғылдарын іске асырып жүрген жат шетелдік діни секталардың Германияда бар-жоғын сұрады. Дагмар ханым олардың Германияда да өздерін дінбіз деп санап жүргендіктерімен неміс елі оларды секта деп санайтынын, оларға жол беріле бермейтіндігін тілге тиек етті.
Дінбасы жұма намазын Германия мұсылмандарымен бірге Берлиндегі орталық “Шаһидтер” мешітінде оқыды. Ол мешіт жанындағы “Шаһидтер” қабірстанында жерленген қазақ елінің саңлағы, ірі қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай аруағына Құран аяттарын бағыштады.
Бас мүфти Германияның Сыртқы істер министрлігіне де зиярат жасап, онда сыртқы істер ведомствосының Орталық Азия және Кавказ елдері бөлімінің бастығы Йоханн Регенбрехт мырзамен екі жақты кездесу өткізді. Онда екі елдің қарым- қатынастары әңгіме арқауына айналды. “Еліміздегі ұлттар мен ұлыстар дінге немесе ұлтқа бөлініп бірімен бірі жанжалдасып көрген емес. Бірлік пен ынтымақ Қазақстанның ең басты байлығы әрі мызғымас тұғыры”, – деді дінбасы өз сөзінде. Бас мүфти Йоханн мырзаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының соңғы он жылда атқарған жемісті қызметі, сондай ақ асыл дініміздің мұсылмандар арасындағы даму барысы жайлы әңгімеледі. “Діни төзімділік – Елбасымыздың басты саясатының бірі. Оған дәлел ретінде елордамыз Астанада өткен Дүниежүзі дәстүрлі дін лидерлерінің үш съезін айтуға болады. Өзіңізге белгілі, биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отыр”, – дей келе, ол үстіміздегі жылдың 29-30 маусымында Астанада өтетін “ЕҚЫҰ-дағы діни төзімділік” атты халықаралық конференцияға Йоханн мырзаны шақырды.
Ұшырасу соңында шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Й.Регенбрехтке “Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы” атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген кітабын сыйлады.
Қазақстанның Германиядағы төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжанов мырза Бас мүфти құрметіне дастарқан жайып, ел жаңалықтарына қанықты.
Неміс елі астанасында өткен ұшырасуларға Германиядағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері: кеңесші Серікжан Әлиханов пен 3-хатшы Қайрат Асқарғалиев, сондай-ақ ҚМДБ-ның халықаралық байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі Нұржан Маханов қатысты.
“Егемен-ақпарат”.
Суретте: Бундестагтағы Орталық Азия бойынша тобының жетекшісі Дагмар Энкельманн ханымның Бас мүфтиге өз елінің Парламенті атынан сыйлық тапсыру кезі.