Сурет: f.c.kairat
Бесінші турда «Копенгаген» футболшылары «Қайратты» барынша шеңгелдеп, ірі есеппен ойсырата ұтуға ұмтылған еді. 26-минутта Виктор Дадасон еншісіне гол жазып, есеп ашқан соң да қарсыластар шабуылды үдетті. Джордан Ларссон 59-минутта пенальтиден нәтижені еселей түсті. Үшінші голды 73-минутта Роберт Скутч соққаннан кейін алаң иелері айылын босатып, еркінси бастаған еді. 81-минутта Дастан Сәтбаев «Копенгаген» қақпашысы Котарскидің аяғындағы допты іліп әкетіп, есеп айырмасын қысқартты. 90-минутта Олжас Байбек екінші голды тоғытып, алаң иелерін бір сілкіп алды. Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері талай от пен судан өтіп шарболаттай шыңдалғанын көрсетті. Еркін Тапаловтың алыстан соққан добын қақпашы емес, қақпаның бағаны қайтарды. Одан кейін де гол соғатын мүмкіндік туды да.
Дастан Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас ойыншылардың қатарына енді. «Копенгаген» қақпасына гол соққан күні ол 17 жастан 105 күн асқан болатын. Оның алдын испандық футболшылар Ансу Фату (17 жас 40 күн) мен Ламин Ямал (17 жас 68 күн) ғана орап тұр. «Қайраттың» шабуылшысы УЕФА Чемпиондар лигасында гол соққан тұңғыш қазақ футболшысы атанды.
«Қайрат» футболшылары келесі матчын 9 желтоқсанда «Астана Арена» стадионында өткізіп, Грекияның «Олимпиакос» клубымен тартысқа түседі.