
Мәселен, Әділ Ахметов Қостанайдағы іргелі жоғары оқу орнын аяқтаған соң бірден туған жері Алтынсарин ауданына барып, шағын шаруашылық ашып, мал басын көбейтумен айналыса бастады. Әу баста 26 сиыры бар еді, 5-6 жылдың ішінде мал басы 2-3 есе өсті. Жас фермер бүгінде 80-нің үстінде ірі қара ұстап отыр. Биыл сүтті сиырларын бөлектеп, оларға жеке қора-жай салды. Мақсаты – сүт бағытындағы ірі қара санын көбейтіп, қалаға тасымалданатын сүт өндірісін жолға қою. Шаруашылықтың 1,5 мың гектар жері бар. Алқаптың басым бөлігін бидай, біраз бөлігін шабындық пен жайылым алып жатыр. Әділ малдың қысқы жемшөбін осы жерден қамдап алады.
– Бидайды өзіміз егіп, өзіміз орамыз. Абай атамыз айтпақшы, «ақырын жүріп, анық басып» бірте-бірте дамып келеміз. Бастысы, бір орында тұрып қалмау керек. Сүтті сиыр санын 200-ге жеткізгім келеді, – дейді фермер.
Жоғары оқу орнын бітірген соң, көппен бірге қалада қалуға ұмтылмай, ауылды таңдаған талапты жастың бірі – Николай Грибак. Ол осыдан екі жыл бұрын екінің бірі қол жеткізе бермейтін Прага университетін тәмамдап, туған ауылына оралған. Шетелдегі іргелі оқу орнын бітіріп келген жас жігіттің мұндай тосын шешіміне таңғалған құрдастары алғашқы кезде «Ақыры ауылда қалатының бар, Прагада оқып нең бар?» деп қағыта әзілдеп жүрді. Содан бері екі жыл өтті. Николай атасы мен әкесінің қасында отбасылық шаруашылықпен айналысып жүр. Грибактар әулетінің 2500 гектар жері бар. Биылғы егін орағын өткен аптада аяқтап, бидайын қамбаға құйып, малға жеткілікті азық қорын жинап алды. Үлкендердің мол тәжірибесі мен жас маманның білім-білігі бар, оның үстіне жаңа техника мен заманауи агротехнология жетістігі қосылып өз жемісін беруде. Биылғы құрғақшылыққа қарамастан, бұл шаруашылық әр гектардан орташа есеппен 18 центнерден астық алды. Биыл бидайдың бәсі жоғары. Сондықтан Грибактар өнімнің біраз бөлігін сатып, жаңа қойма ғимаратын тұрғызып, тағы бір комбайн алуды, сондай-ақ шаруашылықта жұмыс істейтін ауыл тұрғындарының жалақысын көтеруді көздеп отыр.
– Прагада оқып жүргенде әкеммен жиі хабарласып тұрдым. Көбіне шаруашылық мәселелері жөнінде әңгімелесетінбіз. Өзім агроном мамандығы бойынша білім алып, батыс агротехнологиясының қыр-сырын көп зерттедім. Ол жақтан алған білімімді тәжірибеде жүзеге асыру үшін бірден туған ауылыма оралдым. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, еңбек етіп жатырмыз, нәтиже жаман емес. Кейде шаруашылық барысында үлкендермен келісе алмай қалып жатамыз. Ол кісілер тәжірибені, мен ғылыми технология жетістіктерін айтамын. Негізі «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», мен келгелі өнім көлемі ұлғайғанын атам да, әкем де мойындады ғой, – деп жымиды Николай.
Әділ мен Николайдың ауылға баратын жөні бар. Өйткені ол жақта әкелері қамдап қойған жері мен малы бар. Ал ауылға барып егін егіп, мал шаруашылығымен айналысқысы келетін, бірақ оған мүмкіндігі жоқ талапты жастың көбі ешкімнен қолдау таба алмай қалада жұмыс істеп жүр. «Егер жастар үшін арнайы кешенді бағдарлама жасалып, қанатқақты жобалар қолға алынса, онда шаруа бастауға ұзақ мерзімді несие беру, ірі шаруашылықтардан қарызға азын-аулақ мал немесе лизингпен техника алу мүмкіндігі қарастырылса, облысымыздың оңтүстік аудандарында бос жатқан жайылым көп. Неге бармасқа?» дейді олар.
Қостанай облысы