
Қаладағы «Құрылысшы-2» пәтер иелері кооперативінің қызметкерлері әупілдектің әрбір қимылын қызықтап, әдемі үлпілдек қауырсындарын сипап көріп, мұндай құсты бірінші рет көріп тұрғандарын тамсанып айтады. Бейбақ құс өткен жұмада Гоголь көшесінің бойындағы 146-шы үйдің маңынан табылыпты.
– Тапсырысты орындап болып, есеп беру үшін кеңсеге қарай келе жатыр едім, әлдебір құстың жер бауырлап ұшып бара жатқанын байқадым. Көп ұзамай анадай жерге барып қонды да, бір қанатын сүйретіп бір-екі аттап барып кілт тоқтай қалды. Жанына жақындап барып едім, қашуға шамасы жоқ, әбден әлсіреп қалыпты. Әп-әдемі, үкідей жұмсақ үлбіреген құс екен. Қойныма қысып, көтеріп үйге алып келіп, күтім көрсете бастадым, – дейді кооператив слесарі Григорий Куличенко.
Демалыс күндері Григорийдің үйінде болған әупілдек әл жинап алған соң, үй иесіне айбат шеге бастаған. Сондықтан құсты кооператив кеңсесіне көшіріп, жұмыс кабинетіндегі шкафтың ішінде ұстауға тура келген.
– Қазір адамдардың көбі экзотикалық құс, жануарларды ұстаумен әуестенеді. Бұл әупілдекті бәлкім солардың бірі босатып жібере салуы мүмкін. Бүгінде жануарларды қорғаумен айналысатын еріктілер қоғамы көп. Енді сондай ұйымдардың бірінен көмек күтеміз. Өйткені жабайы құсты ұстап, бағып-қағу құстың тілін түсінетіндей арнайы білімді керек етеді. Орнитолог мамандар қолұшын созып қалар деп үміттенеміз, – деді «Құрылысшы-2» пәтер иелері кооперативінің заңгері Елнар Жармағамбетов.
Мамандардың айтуынша, әупілдек аққұтандар тұқымдасына жатады екен. Табиғатта сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан құстар санатындағы бұл құс өзен-көлдердің жағасындағы қалың қамыстың ішін мекендейді. Тобыл жағалауына көктемде келіп, ұя салып, балапандап, қазанның соңына қарай жылы жаққа ұшып кетеді екен. Қостанайдан табылған әупілдектің тағдыры қалай болатынын, қазірше, болжау қиын. Бірақ облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мамандары кооперативке хабарласып, құсты өз қамқорлықтарына алатындарын айтыпты.
Қостанай облысы