Аймақтар • 08 Қазан, 2020

Шығыста мал ұрлығы ушығып тұр

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заң күшейтілгенімен, Шығыста мал ұрлығы тыйылмай-ақ тұр. Жарма аудандық полиция бөліміне шаруа қожалығының басшысы еркін жайылымнан екі бас жылқысы жоғалғандығын айтып, арыз түсірген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыста мал ұрлығы ушығып тұр

Жедел-іздестіру шаралары кезінде бұрын-соңды сотты болған 51 жастағы Жарма ауданының тұрғыны қолға түсті. Күдікті ұрланған малдың етін автокөлікке тиеп, Семей қаласына қарай кетіп бара жатқан жолда полиция қызметкерлері ізін суытпай ұстап үлгірген.

"Тергеу кезінде анықталғандай, күдікті шаруа қожалығында бақташы болып жұмыс істеп жүрген. Қожалық иесі сеніп тапсырған соң шығар, ешкімнің байқамай қалатынын білген. Сөйтіп, жайылымда жүрген екі бас жылқыны орманға айдап апарады. Біреуін сол жерде сойып, бөлінген тушаны Семейдің базарына апарып сатпақ болған көрінеді. Алайда жоспары жүзеге асып үлгірмеген", - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу кезінде ұсталған азаматтың тағы бір мал ұрлығына қатысы бары анықталған. Сөйтсе, қыркүйектің басында  көрші шаруа қожалықтан жалпы құны жарты миллион теңгеге бағаланған екі бас ірі қараны қолды еткен. «Бұзауды ұрлаған өгізді де ұрлайды» демекші екінші ретінде жылқы ұрлауға көшкен күдікті көп ұзамады. «Ұрлық түбі қорлық». Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1 бабы (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Тағы да естеріңізге сала кетейік, елімізде мал ұрлығына қатысты Қылмыстық кодекске 188-1 бабы енгізілген. Нақтылап айтсақ, мал ұрлығымен айналысқандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қарапайым мал ұрлығына қатысы бар адамдарды бес жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілейді. Ұйымдасқан қылмыстық топ 500 АЕК-тен жоғары шығын келтірсе, үш жылдан жеті жылға дейін абақтыға қамалады. Егер келтірілген шығын 2000 АЕК-тен асып кетсе, қылмыстық топ мүшелеріне 7 жылдан 12 жылға дейін жаза кесіледі.

Сондай-ақ жәбірленуші мен күдіктінің арасында татуласу болмайтынын да қаперлеріңізде ұстаңыздар.