
Суреттерді түсірген автор
Түнімен ышқынып, түске қарай дала түк болмағандай меңіреу күйге түсетін. Сонда қол арбасын сүйретіп көрші үйден Данияр жететін. Бөтен кірсе, шынжырын үзіп кете жаздап абалайтын мойнақ оған көз қиығын ғана салады. «Тұрдыңдар ма-ей? Кеттік тауға, балқарағайдың бәрі жерде жатыр», деп салдырлап кіреді үйге. Иә, жаздың күні самырсынның басынан түспей қалған балқарағайдың бәрін жел сілкіп, жерге түсірген. Қарға қадалып-қадалып жатқан балқарағайды жинау, жаздағыдай емес, әлдеқайда оңай. Бір көшенің балалары топтасып, самырсынды белдеуге қарай бет түзеп, жаяулатып келеміз. Өзге ағаштар жалаңаштанып қалған соң балқарағай самырсындар көгереңдеп көзге алыстан көрінеді. Даниярдың сүйреген қол арбасы өрге қарай көп-көрім жүк. Оны қойып, бос қаптарды нығыздап салып алған рюгзактың өзі салмақ салатын. Баратын жеріміз ауылдың іргесінде-ақ, Сарымсақты өзенін бойлай шыққандағы иық. Орман күзетшілерінің тікұшағы да Марқакөлге ұшқанда осы иықпен асады. Әйтпесе тікесінен тік Алтайдың асқарын төменге тастап ұша алмайды.
Балқарағай бағасыз еді...
Көктем мен күзде аңдардың миграциялайтын соқпағы да сол маңда.
Бірінші самырсынның түбіне жеткенде-ақ шашылып жатқан балқарағайды жапа-тармағай жинай бастағанбыз. Қылқанды ағаштың салалы бұтақтарынан «қыстайғы азығымыз» дегендей тиіндер жәудірейтін. «Жер біздікі» дегендей маңайды борша тышқан торуылдап жүретін. Шын-өтірігін білмедім, байқаусызда осынау жотасы тарғыл борша тышқанның жинап қойған азығын алып кетсеңіз, ыза болған аң аша тәрізді бұтаға асылып өледі екен-мыс.
Қоңырқай тартқан бүршіктер қардың суын бойларына сіңіріп үлгеріпті. Жарты қаптың өзінде көп-көрім салмақ бар. Өзіміз де су қарға малшындық. Қойын-қонышымыз шылқыды. Ертең күрк етіп жөтелгенімізді анамыз естісе, сазайымызды тарттырады. Сол үшін ауырмауға тырысатынбыз. Санамызды ауруға қарсы бағыттап қойғаннан ба, қыңқ етпейтін едік.
Кешке дейін он шақты қапты толтырдық. Бәрі зілдей. Не де болса, тастайтын емес. «Керек тастың ауырлығы жоқ» демекші, арқаласақ та жеткіземіз үйге. Дөңгелегі қиқалақтаған Даниярдың қол арбасына әдістеп, төрт-бес қапты өңгерген болдық. Сыймағанын иыққа лақтыра салдық. Сәл жүрген соң желкені қажады. Көз қызығып жинай беріппіз. Тиін байғұсқа қалдырып кету керек еді деп қоямын. Қоя тұрып, демалып алайын десең, өкшелеп келе жатқандар бар. Бала намысқа тырысып баққамыз. Білем, олар да намыстың қамшылауымен келе жатыр. Жалғыз келе жатса, арқалағаны алтын болса да бір сайға домалата салар ма еді?! Төменге түскенше, екі-үш рет тізе бүгіп, тыныстағанымыз бар. Үй жаққа жеткен соң теңдей етіп бөлдік. Бәрінің еңбегі бар. Ендігі жұмыс, тісті ағашпен үгіту еді. Ол жарты сағаттың шаруасы. Ең өкініштісі, бүршігін үгіп, дәнін алғанда бір қабыңнан бір-ақ дорба дән шығады ғой. Оны кешкісін теледидардың алдында отырып, тырсылдатып шағып, тауыса саласың. Дәмі таңдайдан кетпейді. Ал өзге жақтың адамдары мыжып шаға алмайды. Сүйегі шемішкенікіндей емес, қатқыл. Тырс еткізіп тістегенде дәнін бөліп алмауың керек.
Ол заманда балқарағайда баға жоқ-тұғын. Өзіміз қыстың ұзақ кешінде ермек қылу үшін әкелетінбіз. Ол заман деп отырғаным, тоқсаныншы жылдардың соңы-ау деймін. Одан бұрын да ешкім сату үшін соқпайтын.
Жаңғақ жинау кәсібі
Кейін ғой, балқарағай шыққан жылдары әр ауылда бірден, екіден қабылдау пунктері ашылған. Кейбіреу басқа істерін ысырып қойып, балқарағаймен айналысып кетті. Тауда қона жатып соғады. Бірақ кез келгені елпілдеп, басын жел тербеп тұрған самырсынға шыға алмайды. Жіңішкелеу келген шымыр жігіттер болмаса, бітік өскен бұтақтардың ара-арасымен ұшар басына өрмелей алмайды. Бүршіктер де сол, бас жағында өседі емес пе?! Биігіне көтерілген соң бұтақтарды тепкілеп жүріп жемісін түсіреді. Аяқ киім дұрыс болмаса, табаның күп болып ісіп кетуі де ғажап емес. Алақанға қап-қара болып самырсынның шайыры жабысады. Оны сары маймен ысқылап кетірмесе, сабынды суға аршыла қоймайды.
Жерге топырлап түскен бүршіктерді жинап алу да оңай шаруа емес. Қай бір самырсынның түбі алаң-ашық болып жатар дейсіз. Бұта-қараған, жыңғыл. Соның арасынан еңбектеп жүріп бір-бірден тереді. Жақсы шыққан жылдары бір самырсыннан бір, бір жарым қапқа дейін түсетін. Әйтпесе жартыдан аспайды.
Ұлттық парк қызметкерлерінің айтуынша, жергілікті тұрғындарға 10 килоға дейін рұқсат, ал шеттен келгендер өз еріктерімен барып ала алмайтын көрінеді.
Кейінгі жылдары балқарағайды мезгілдік кәсіптеріне айналдырғандар қона жататын шатырларын, ет тартқышқа ұқсатып, темірден жасалған заманауи балқарағай үккіштерін, қалбырларын алып бірақ шығады тауға. Тауға шыққанда да, іргедегі емес, анау жақтағы адам аяғы баса бермейтін жон-жайлау асып кетеді. Тіпті бұл кәсіптері үшін асты биік ескі-құсқы көлікке дейін сатып алған. Күн ұзақ жүріп табиғаттың берген байлығын жинап алған соң кешкісін үгітіп, дәнін қалбырлап қаптайды. Содан үйіне жеткізген соң желдеткішпен артық-ауыс қоқымын ұшырып тазалайды. Бұрын ғой, шатырға шығып алып, ысқырып, жел шақырып ұшыратын. Қазір халық бәрін оңтайландырып алған.
Килограмдап емес, тонналап жинау қаншалықты заңды, беймәлім бізге. Бір байқағанымыз, бұрынғыдай ағаштан ағашқа секіріп жүретін тиіндер көзге көп түсе бермейді. Ауып кетсе керек, кім білсін?! Балқарағай самырсынның өзі де үш-төрт жылда бір жеміс береді.
Сөйтіп, тырнаштап жинаған дәндерін әбден кептіріп, қапқа салады да қабылдау пунктеріне өткізеді. Килосы 800-1000 теңгеден. Қара базардағы литрлі банкідегісі 1500-2000 теңгенің маңайында болатын.
Қызығын Қытай көреді
Ал қабылдау пункттерінен қалаға, одан әрі Қытайға жөнелтетін көрінеді. Қытай балқарағайдың дәнін сығып, майын алады да қабығын ұнтақтап, ұн жасайды екен. Одан дәмді тоқаш, бәліш пісірілетін көрінеді. Мейрамханаларында жаңғақ қосылған сыра бағалы мәзірлердің бірі деседі. Қытайда ғана емес, Еуропаның көптеген мемлекеттерінде балқарағай дәнінен жасалған дәрілерге сұраныс көп. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Иван Грозный патшаның тұсында балқарағай жаңғағын Ресей жылына 300 мың пұтқа дейін Швеция мен Англияға экспорттапты. Ал академик П.Паластың XVIIІ ғасырдағы жазбаларында Швецияның дәріханаларында омырау бездерінің ауруларына қарсы балқарағай майынан дәрілер сатылатыны жазылған. Тағы бір деректерге зер салсақ, орыс емшілері бұл жаңғақтың майын гипертония, атеросклероз, асқазан жарасына қарсы пайдаланыпты. Терінің күйген жерлерін де тез жазады екен. Адамның иммундық жүйесін күшейтетін де қасиетке ие. Майында түрлі микро, макро элементтер бар. Құрамында көмірсу, ақуыз, фосфор, кобальт, йод кездеседі. Демек көз жанарының көруіне, баланың өсіп-жетілуіне таптырмас дәрумендерді шетелдіктер бағзы заманнан бері тұтынып жүр.
Бізде ше?! Бізде еріккеннің ермегі сияқты. Одан қалса, сәлем-сауқатқа қосып, балқарағай – брендіміз деп құр мақтанамыз. Сондай әуремен келетін Алтайдың жемісін неге өзімізде өндірмеске?! Балқарағайды қабылдайтын пунктерге қадағалау болмаған соң да есіл байлық шекара асып жатыр. Қазаннан қақпақ кеткен соң аса береді де.
P.S. Катонқарағайдың қақ ортасында майын сығып, қабығын кәдеге жарататын зауыт салып, игілігін неге өзіміз көрмейміз?! Шекаралық аймақтарды дамыту керек болса, сондай ауқымды жобалардан бастаған дұрыс шығар. Әйтпесе, «ауылға су тарттық, жарық тарттық, жолын жөндедік» деген жаңалық XXI ғасырға тән емес. Қыл аяғы, ол деген мемлекеттің міндеті емес пе?!
Шығыс Қазақстан облысы