
Көрме жәдігерлері «бес түс – бес негізгі бағыт» тұжырымдамасы негізінде дайындалып, экспозицияда корейлердің дәстүрлі киім үлгілерінің артефактілері мен репродукциялары саналатын жәдігерлер, дәстүрлі тұрмыстық заттары қойылып, Сукмён әйелдер университеті түлектерінің заманауи жұмыстары ұсынылды.
Шараны ашып сөз сөйлеген Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат аталған оқиға екі ел арасындағы достық байланысын бекіте түсетініне сенім білдіре келіп, көпшіліктің көзайымына айналған бұйымдар, атап айтқанда костюмдер, керамика мен ағаштан жасалған үй керек-жарақтары корей халқының әдет-ғұрыптарының бояуын әйгілеп тұрғанын жеткізсе, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок: «Бұл көрме көп жүрекке жұбаныш сыйлайды деп үміттенемін. Пандемиядан қажыған жандар үшін корей халқының ерекше түстерін бейнелейтін түрлі киімдерімен, дәстүрлі әшекейлері және қолөнерімен танысуға тамаша мүмкіндік тууда. Алдағы уақытта Корея Республикасының елшілігі мен мәдени орталығы қызықты, танымдық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр», деді.