30 Сәуір, 2010

“ХАСАКЭ ГУН МА ТУ” НЕМЕСЕ БІР СУРЕТТІН СЫРЫ

840 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақ елінің тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен өмірге келген “Мә­де­ни мұра” мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында, Алматыдағы “Дайк-Пресс” баспасынан 2005 жылы жарық көрген “Қазақстан тарихы туралы қытай деректеме­лері – тарихи-мәдени жәдігерлер” атты еңбектің ІІ томының соңғы бөлімінде Қытай елін билеген ең соңғы династиялық әулет – Цин империясы дәуірінде салынған, жазылып-сызылған сурет-картина­лар қазақ халқының тарихы, этно­графиясы мен мәдениетіне тікелей қатыстылығы зерделенуде. Сол қолданбалы көркем өнер туын­дылары ғылыми тұрғыдан тұңғыш рет қарастырылып, тарихи жазба деректер мен өнер туынды­лары салыстыра зерттелу үстінде. Жоңғар күйрегеннен кейін Қазақ елі Цин империясымен ғасыр­дан астам уақыт бойына сая­си-дипломатиялық, сауда-эконо­ми­калық және шекаралық істер бойынша тығыз қарым-қатынас орнатты. Осы кезең туралы Қытай мұрағаттарында аса құнды ресми тарихи жазба деректер, құжаттар молынан сақталған. Сондай-ақ, хатталған тарихи-мәдени көркем­өнер ескерткіштері санатында Қазақ хандықтары тарапынан Цин импе­раторларының ордасына арнайы жіберілген кейбір елшілер­дің, руба­сылар мен олардың әйел­дері­нің, қарапайым қазақ шаруа­лары, т.б. туралы тарихи-этно­графиялық құн­дылығы аса зор сурет-картина­лар кездеседі. Бұл баға жетпес ескерт­кіштердің, көр­кем өнер туын­ды­лары­ның едәуір бөлігі Қытай, Еуропа елдерінің мұражай­лары мен кітапханалары­ның сирек қор­ларында сақтаған. Сол жәдігерлер­дің ішіндегі бірегейі, жауһары “Хасакэ гун ма ту”, яғни “Қазақтар­дың Цин патшасына сәйгүлік сыйлауы” деп аталады. Суреттің түпнұсқасы қазір Париж қаласын­дағы ГИМЭ – Шығыс өнері мұражайының қорында сақтаулы тұр. Оның фотокөшірмесін Алма­тыдағы Р.Сүлейменов атын­дағы Шығыс­тану институтының дирек­торы, тарих ғылымдарының док­торы, профессор М.Әбусейітова 2004 жылы түсіріп әкелген. “Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелерінің” ІІ то­мын­да жария­ланған “Цин дәуірі сурет­теріндегі қазақтар” атты мақаланың “Джузеппе Кастильони салған “Хасакэ гун ма ту атты сурет” деп аталатын бірінші пара­гра­фында көрсетілген. Осы арада сурет авторы туралы оқырмандарға аз-кем мәлі­мет бере кетсек дейміз. Джузеппе Кастильони (Gіusseppe Castіlіone, қытайша есімі Лан Шинин) католик миссионері ре­тін­­де 1715 жылы Қытайға барып, Цин патшасының сарай суретшісі болып, циннің үшінші дәрежелі лауазым шенін алған. Циннің үш патшасына (Канси, Юнчжэн және Цяньлунға) қызмет көрсеткен. Оның тарихта атын қалдырған еңбектері: 1) әйгілі патшалық саябағы әрі сарай кешені – “Юаньминюаньді” жобалау жұмы­сы сол секілді “Жоң­ғар мен Хуэйбуды (Қашқарияны) ­ты­­­­ныш­­­тан­­­дыру операциялар”, “Цяньлун бұғы аулауда”, “Жүз арғымақ”, осылар­дың қатарында “Қазақтардың Цин патшасына арғымақ сыйлауы” да бар. Сурет туралы мақала автор­лардың бірі (Б.Еженхан) тара­пынан бұл сурет туралы “Абылай хан қатарлы қазақ көсемдерінің Цин патшасы Цянь­лунға жіберген елші­лері (1757 жылы) және олардың Цяньлунға апарған арғымақтары бейнелен­ген” деген тұжырымдама жасал­ған. Бұл жерде біз өзіміз төменде келтіретін тарихи жазба дерек көздерін ес­кермеген­дейміз. Мыса­лы, жоғары­да келтір­ген “Қазақ­стан тарихы” туралы дерек­теме­лері­нің екінші томының 50-51 беттерінде “...Абы­лай Әмір­сана­ның және Жоңғар хандығы­ның дәурені келмеске кеткенін, өз іргесіне жой­қын күштің ақыры мықтап келіп жеткенін, ендігі жерде Қазақ елінің мүддесін дипломатиялық жолдар­мен қорғау қажет екенін түсінді. Сон­дықтан Цин патшалығымен бітімге отыру үшін және Қазақ-Цин ара­сын­дағы шекара жер мәселесін шешу жолын іздестіру үшін Цин патшасы Цяньлунға өз елшілерін жіберді. ...Цин патшасы­ның жоңғар­ларды жаныштау армиясы­ның оң қолбасшысы генерал Чжау Хуэйдің өз патша­сына жіберген мәлімде­ме­сінде былай делінеді: “Абылай... ...өтініш хаты­мен бірге 4 арғымақ сыйлап, Хэнцзигээр (Кенжеқара) қатарлы жеті адамды елші етіп, патшамен жүздесуге жіберіпті. Бұдан тыс ол елші жіберіп, сыйлық ретінде маған да арғымақ берген екен”. Көріп отырғанымыздай, гене­рал өзінің мәлімдемесінде патшаға сыйлық ретінде Абылай ханның 4 арғымақ жібергенін, жеті елшінің санын, аты-жөнін анық көрсеткен. Ал, “Хасакэ гун ма ту” сурет-кар­тинасында 3 арғымақ, үш елші және екі қызметші бейнелен­ген. “Хасакэ гун ма ту” сурет-кар­ти­насын­да бейнеленген бұл елші­лердің 1757 жылы Цин империя­сына Абылай хан жіберген елші­лер емес, 1758 жылы Ташкент шаһары­нан Төле бидің Цин импе­ра­торы Цяньлунға жіберген елші­лері екен­ді­гін толық дәлелдеп тұр­ған­дай. Олар Цяньлун патшаға “беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат” алып барған Төле би ұлы Жолан (бас елші), Пұсырман би және Меңнияз қожа екендігі күмән келтірмейтіндей. “Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері” “Цин пат­шалық дәуірінің мұрағат құжат­тары” сериясының ІІІ томында жария­ланған №10 құжаттағы Амбан Фудэнің (Цин императоры­ның генералы) өзінің әскерін бастап Қазақ жеріне барып, Қа­сақ­шираны тұтқындау ісін орын­дай алмаған­дығы және патшамен дидарласпақ болған қазақ және хуэйцзи (отырықшы мұсылман) елшілерін қорғап әкеле жатқан­дығы туралы маньчжур тілінде жазған 1758 жылғы 5 қыркүйектегі мәлім­деме­сіндегі мына жолдар сөзімізге мысал бола алады. “Мен, патша­ның құлы Фудэ, осы мәлім­демені жазып жібердім. Патша ағзам төмендегі айтылған іс тура­лы хабар алғай. Жақында мен, патшаның құлы, Моңғолдай мен Хешан қа­тар­лыларды Батыс бөлік қазақтарға жіберген кезімде оларға егжей-тегжейіне дейін түсіндіре отырып мынадай тапсырма бер­гем: “Сен­дер Батыс бөлік қазақ­тарға барған­нан соң, егер Қасақ­шираның сонда екендігін анық­тасаңдар, онда оны қайтсеңдер де тұтқындап, айдап әкеліңдер. Ал егер ол расын­да да ол жерде бол­маған жағдайда, сен­дер міндетті түрде Төле би (мәтінде ТиlіЬаі) мен Тілеуке (мәтінде Теlіukе) қатарлыларды өздеріңмен бірге ертіп келіңдер”, – дейді де, “Әбіліз хан мен барлық батыр, қожалар бірауыздан: “Сіздер айт­қан опасыз қарақшылар шынында да бізге келмеген. Егер олар бізде болса, біз оларды қалайша сіздер­ден жасырып алып қалмақ едік! Біздің осы Қазақ жеріндегі болып жатқан барлық істер Төле бидің басшылығымен шешіледі. Ертең Төле бидің өзі осында келмек. Ер­тең біз бас қосып ақылдас­қаннан кейін сіздермен кездесіп, бір келісімге келейік” дегенді айтты”. Сонымен “Әбіліз, Төле би, Қойгелді және Сасық би ақылдаса келіп, Төле бидің ұлы Жолан, Хан­гелдінің аталас бауыры Пұсұр­манды елші етіп жіберіп, біздің атымыздан патшамен дидарласып келсін деген шешімге келдік. Олар өздерімен бірге патшаға беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат пен ам­банға (генералға) беретін сый­лық ретіндегі 1 бөлік атты апар­мақ”, – деген деректен кейін елші­лікке жіберетін үшінші адамға Ташкент мұсылман отырықшы­лары­ның бір басшысы, Қожа Молдашәмші де өз елшісін қосуды өтінеді. Сөйтіп, Меңнияз Қожаны аттандырады. Картина-суреттегі үш адамның бірі – бас елші Төле- биұлы Жолан болса, екіншісі – Пұ­сырман би, үшіншісі – Мең­нияз қожа екені еш шүбә келтір­мейді. Қалған екеуі қызметшілері болса керек. Бұл арадағы негізгі айтайық дегеніміз, “Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлау сурет-картинасының идеясымен жасалған жаңа интерпретация еке­нін айта кетуді парыз санай­мыз. Бұған қоса суреттің фотокөшір­мес­і­нен көшірмесін жасаған реп­ро­дукция” суретші Асейн Жұма­беков, жоба жетекшісі Ерболат Төлепбай екенін де айта кеткен жөн. Тарихи деректерде әртүрлі пікірлер болып жатады. Бірақ оның бәрін қолымен қойғандай, үзілді-кесілді Абылай ханның, болмаса не Төле бидің елшілері деуге келмейді деп топшылаймыз. Соңғы айтарымыз, бүгін Прези­дент­тік мәдениет орта­лығында тұсукесер рәсімі өткізіл­гелі отыр­ған “Қазақтардың Цин импера­торына сәйгүлік сыйлау” сурет-картинасын ол замандағы қазақ жұртының сөзін сөйлеп, билік айтқан, көрші мемлекет­термен қайтсек қарым-қатынасты жақсар­тып, береке-бірлікте халқы­мызды сақтап, ұрпағымызды алаңсыз өсіреміз деген ұлы тұлға­лардың көрші мемлекетке жіберген елші­лерінің жиынтық бейнесі десек, ұтылмаймыз. Тарих көші қилы кезеңдерде қайталанып оты­ра­ды. Дәл сол Абылайхан мен Төле би заманындағыдай елшілік жіберіп, ел билігін бекіту бүгінде де жалғасын тауып отырғанына куә болудамыз. Бақыт ЕЖЕНХАН, тарих ғылымдарының докторы, Сейтқали МАДУАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Соңғы жаңалықтар