
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило КЛИННЕРМЕН сұхбаттасқан едік.
– Құрметті елші мырза, Германия еліміздің егемендігін мойындағанына 30 жылға жақындады. Қазіргі таңда екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас қай бағытта дамып келеді?
– Неміс-қазақ қатынастары көпқырлы әрі серпінді дамып отыр. Жалпы алғанда, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет ретінде Германияның аймақтағы ең маңызды серіктесі саналады. Сондықтан қарым-қатынастың маңызы арта түсетіні сөзсіз. Келесі жылы біз дипломатиялық байланыс орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Бұл бізге қорытынды жасауға және болашаққа зер салуға мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың желтоқсанында және 2020 жылдың ақпанында Германияға жасаған екі сапары – неміс қоғамы үшін ерекше құрметтің белгісі. Бұл сапарлар екіжақты байланысқа маңызды серпін берді, оның жемісін әлі де көріп келеміз.
Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың реформалық әрекеттерін ерекше құптаймыз. Аталған бастамалар елдегі демократияны нығайтуға және қоғамды жаңартуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық позициясын нығайтуға үлес қосатынына сенімдіміз. Германия бұл процесті кез келген уақытта қолдауға дайын. Мысалы, Халықаралық ынтымақтастық бойынша неміс қоғамы (GIZ) Қазақстанда әкімшілік құқықтың соңғы реформасын жүзеге асыруға айтарлықтай қолдау көрсетеді. Егер бұл реформа толық жүзеге асса, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертеді. Осылайша, инвестициялық климаттың жақсаруына әкеледі.
Сонымен қатар Қазақстан Германияның бастамасымен жүзеге асқан «Жасыл Орталық Азия» жобасында маңызды рөл атқарады. Аталған бастама Германия сыртқы істер министрі және Орталық Азиядағы бес мемлекет пен Ауғанстанның сыртқы істер министрлері арасында 2020 жылдың қаңтарында Берлинде өткен конференцияда басталған еді. Біз «Жасыл Орталық Азия» бастамасы арқылы аймақтағы климаттың жылынуының әсерлерін, ықтимал жанжалдардың алдын алу бойынша трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқымыз келеді.
– Германия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі. 2018 жылға дейін екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келген еді. Алайда пандемия салдарынан біраз қиындық туғаны белгілі. Келешекте екіжақты сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін қандай қадамдар жасалмақ?
– Қазақстан әлі де Германия экономикасының Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі болып саналады. Алайда өзара экономикалық және сауда қарым-қатынастарымыз жаһандық жағдайда дамитыны рас. Сондықтан әртүрлі сынақтарға, соның ішінде COVID-19 індетіне де төтеп беруге мәжбүрміз. Сонымен қатар сыртқы сауда балансына шикі мұнай мен мұнай өнімдері бағасының ауытқуы әсер етеді. Мұны да ескеру қажет.
Сайып келгенде, елдеріміздің компаниялары ынтымақтаса жұмыс істеп, екі тарапқа да пайда әкелуі үшін оларға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Қазақстан мен ЕО Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Өткен жылы күшіне енген құжат алға қарай маңызды қадам жасалғанын көрсетеді. Енді жаңа мүмкіндіктерді пайдалану кезегі экономикаға келді. Біз неміс компанияларының Қазақстанға қызығушылығы артып келе жатқанын сеземіз. Сондай-ақ неміс компаниялары қазақстандық экономикадағы жаңғырту мен декарбонизация жобаларына қатысуға ниетті. Өздеріңізге мәлім, Германия бұл салада әлемдік көшбасшылар қатарына енген.
– Германия кәсіпкерлері елімізге инвестиция салу жағынан алдыңғы орында тұр. Қазақстандағы қай салалар неміс бизнесмендерін қызықтырады?
– Негізінен, барлық сала қызықты. Неміс компаниялары үшін жаһандық ауқымда қолжетімді үздік технологияларды қолдана отырып, тұрақтылық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған, жаңғыртуды қамтитын жобалар ерекше қызығушылық тудырады. Қазақстанда әртүрлі бағыттар бойынша, энергетика саласында, ауыл шаруашылығында және тамақ өнеркәсібінде, денсаулық сақтау саласында, шикізат секторында, қалдықтарды өңдеуде, туризмде және басқа да салаларда тиісті жобалар бар. Мұндай ақпараттар Германияда мұқият назарға алынады.
Бірақ неміс компаниялары әдетте инвестиция салған кезде Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азияны бір нарық ретінде қарастырады. Осы орайда кейінгі жылдары көрші елдерде инвесторлар үшін базалық шарттардың айтарлықтай жақсарғанын атап өткен жөн. Ендеше, Қазақстан аймақтағы жетекші инвестициялық бағыт ретінде бұрынғы орнын сақтап қалу үшін бюрократияны азайтып, корпоративтік шығындарды төмендетіп, білікті мамандарды тарту секілді мәселелерде реформалық процестер жасайтын уақыт келді.
– Өзіңізге мәлім, Кеңес өкіметі тұсында Қазақстанға этностық немістер қоныс аударылды. Халқымыз оларды жанашырлықпен қарсы алып, құшағына басқаны белгілі. Қазақстанды қоныс еткен немістердің арасында еліміз үшін ерен еңбек еткендер жетерлік. Мәселен, Герольд Бельгер бүкіл қазаққа Гераға ретінде танылды. Осы орайда Қазақстандағы неміс диаспорасының жай-күйі жайлы не айтасыз?
– Қазақстандық немістер неміс-қазақ қатынастарында маңызды рөл атқарады. Осы қатынастарды жандандырып, сөзбе-сөз айтсақ, біздің елдеріміз арасындағы «көпір» болып отыр. Қазақстандық немістер екі тілде сөйлейді және екі мәдениет арасында өздерін жайлы сезінеді. Мұндай жағдай шын мәнінде бірегей екені сөзсіз. Бұл екіжақты қарым-қатынастарымыздың адами деңгейіне үлкен пайда әкеледі.
Көптеген қазақстандық неміс «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қорына бірікті. Ұйым мәдениет, тіл және ағартушылық жұмысы арқылы Қазақстандағы неміс мұрасын сақтауға зор үлес қосып отыр. Ал қыркүйекке таман Нұр-Сұлтан қаласында неміс диаспорасының қызметін біріктіретін жаңа «Қазақ-неміс орталығын» ашатынымыз мені қатты қуантады.
– Германияда да көптеген қазақ тұрады. Ендеше, екі тараптың мәдени-рухани байланысы туралы айта кетсеңіз?
– Елдеріміз арасындағы мәдени байланыстар алуан түрлі. Қазақстанда неміс мәдени-ағарту мекемелерінің саны көп. Алматыдағы Қазақстан-неміс университеті ғылыми-зерттеулер мен оқытуда керемет жетістіктерге қол жеткізді. Әрі үнемі Қазақстанның үздік университеттерінің қатарына кіреді. Қазақстандағы Гёте институты мәдени, лингвистикалық және ағартушылық жұмысы арқылы мәдени байланыстарымызға маңызды үлес қосады. Қазақстанның серіктестік мектептер бастамасы (PASCH) деп аталатын 15 мектепте оқушылар неміс тілін өте жоғары деңгейде үйренеді.
Жақында Германия елшілігі жүзеге асырған бір жобаны да айта кетейін. Атақты неміс табиғат зерттеушісі Альфред Бремнің 1876 жылы Қазақстанға саяхаты туралы «Ұлы далаға қош келдіңіз – Альфред Бреммен бірге Қазақстанда 1876/2021» атты арнайы көрме ұйымдастырдық. Көрме, негізінен, Брем әсерлі түрде сипаттама берген Қазақстандағы биоалуантүрлілікке арналған. Мысалы, ол – Қазақстанда киіктерді алғаш рет ғылыми түрде құжаттаған ғалымдардың бірі. Көрмені Қазақстанның Ұлттық музейінде қыркүйек айының ортасына дейін тамашалауға болады. Оқырмандарыңызды оны тамашалауға шақырамын!
– Биыл Германияның федералдық канцлері ауысады. Бұл саяси оқиға неміс қоғамына қалай әсер етеді?
– Шынында да, 26 қыркүйекте Германия халқы жаңа Парламентті, жаңа Бундестагты сайлайды. 16 жыл қызмет атқарғаннан кейін канцлер Ангела Меркель алдағы сайлауға қайтадан өз кандидатурасын ұсынбауға шешім қабылдады.
Елдегі парламенттік жүйеде жаңа Үкіметті құру Бундестагтағы көпшілікке байланысты. Әдетте, сайлаудан кейін Парламентке енген екі немесе одан да көп партиялардың коалициясы құрылады. Олар бірлесіп, жаңа Үкіметті құрады. Осы коалициядағы ең үлкен партия әдетте жаңа федералды канцлерді белгілейді.
Біз қазір өте динамикалық сайлау науқанының басталғанына куә болып отырмыз. Неміс халқының көпшілігі секілді мен де сайлау нәтижесін асыға күтемін.
–Жаһандық жылыну мәселесінде Германия Федеративтік Республикасының ерекше ұстанымы бар. Мәселен, 2050 жылға қарай парниктік газдарды шығару көлемін азайту мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл міндеттемені орындау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Һәм неміс қоғамы әлемнің басқа елдеріне қандай үлгі көрсете алады?
– Еуропалық одақ 2050 жылға қарай парниктік газдардың бейтараптылығына қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Федералдық үкімет те осы мақсаттан таймақ емес. Экономикамыздың халықаралық бәсекеге қабілеті мен халқымыздың әл-ауқатына нұқсан келтірмей, бұл мақсатқа қол жеткізу үлкен міндеттер жүктейді.
Маңызды мәселе – энергиямен қамтамасыз ету жүйесінің қазба және ядролық отыннан ауысып, тұрақты энергия көздеріне көшуі. Бұған қол жеткізу үшін электр тораптарын кеңейтіп, қайта құру қажет. Сондай-ақ жүйенің тұрақтылығын сақтау мен жылыту, тасымалдау секілді осы уақытқа дейін қазба отынға тікелей тәуелді болған салаларды электрлендіру үшін энергияны сақтау технологияларын және сектораралық үйлесімділік технологияларын енгізу қажет.
Болашақта ауыр жүктерді тасымалдау, кеме қатынасы және алыс қашықтыққа ұшу секілді салаларда сұйық немесе газ тәрізді энергия көздерін пайдалануға тура келеді. Осыларды ескере отырып, өнеркәсіптік өндірістегі көміртегі газдарын азайту үшін сутегі экономикасын дамыту керек.
– Қазір жиі талқыланып жатқан тақырыптың бірі – «Солтүстік ағын – 2» жобасы. Аталған бастаманың келешегі қандай? Бұл тараптарға қандай пайда әкеледі?
– Бұл сұраққа толыққанды жауап бере алатыныма сенімді емеспін. Nord Stream
2 жобасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Оған «Газпром» мен бес еуропалық энергетикалық компания коммерциялық жоба ретінде қатысады. Кейінгі мәліметтер Балтық теңізіндегі құбыр тарту жұмыстары жақын арада аяқталатынын көрсетеді. Сосын сынақ кезеңі өтеді, содан кейін пайдалануға беріледі.
«Газпром» мен оның серіктестері желісінің рентабельділігі туралы деректерді білмеймін. Бірақ оның қаншалықты тиімді екені алдағы жылдары Еуропадағы табиғи газ нарығының қалай дамитынына байланысты болмақ. Дегенмен табиғи газ баламалы энергия көздеріне көшуде маңызды аралық энергия көзі саналады. Оның үстіне, қоры сарқылуына байланысты оның ЕО-да өндірісі төмендеп келе жатқаны рас. Nord Stream 2 осыған байланысты туындаған импорттық олқылықтың орнын толтыруға көмектесе алады.
– Елші мырза, кезінде халықаралық құқық саласында докторлық диссертация қорғаған екенсіз. Қазақстан мен Германияны дипломатиялық тұрғыда байланыстыруға сол ғылыми еңбегіңіздің көмегі тиіп жатыр ма?
– Кандидаттық диссертациямды Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау және оның халықаралық құқыққа әсері туралы жаздым. Әрине, Қазақстанмен және Орталық Азия аймағымен тікелей байланысы болған жоқ. Алайда ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану барлық елдің игілігі мен мүддесіне сай болуы керек деген ойдың өзі маңызды. Ғарыштық технологияны бір немесе бірнеше мемлекетке зарар тигізіп пайдалану – ғарыш кеңістігін пайдалану туралы деп аталатын келісім-шарттың болмысына қайшы. Мұнда Германия мен Қазақстанның мүдделері сәйкес келеді. Біздің екі ел де іс жүзінде жүзеге асатын мультилатерализмді, заңның, яғни халықаралық құқықтың үстемдігін жақтайды. Сол арқылы күштілердің үстемдігіне қарсы шығады. Ғарыш – Антарктида мен әлемдік мұхит секілді адамзаттың ортақ мұрасы, оны біз сақтауымыз керек. Германия мен Қазақстан бұл идеяны міндетті түрде қолдайды. Оны халықаралық форумдарда, әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде жақтайды.
– Қазақтардың қандай өнері мен мәдениеті қызықтырады? Елші ретінде қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
– Қазақстан – мәдениеті өте бай мемлекет. Менің ойымша, бұл мұнда келген және ұзақ уақыт тұратындардың барлығына айқын. Үш жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан және қазақ мәдениетімен танысып, оны бағалаудың көптеген мүмкіндігіне ие болдым. Әрине, қазақтың қонақжайлылығы мен дәмді қазақ тағамдарын, сонымен қатар отбасының ерекше рөлі мен оған деген көзқарас сияқты құндылықтарды атап өту керек.
Мені Ұлы даланың бай тарихы да қатты қызықтырады. 2007 жылы Есік қаласынан табылған Алтын адамды көрсеткен, скифтерге арналған үлкен көрмеге барғалы бері сақтардан бастап, қазақ хандықтарына дейінгі әр алуан дала тарихы мені қызықтырды. Мысалы, «дала демократиясы» – қызықты құбылыс. Бұл мәні жағынан қазақтар секілді көшпелі халықтардың бостандық дәрежесі дәстүрлі түрде қалалық мәдениеттерден жоғары болғанын білдіреді. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі бар Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани орталығы ретіндегі тарихымен таңғалдырады.
– Отбасыңыздың елімізге келгендегі алғашқы әсері қалай болды?
– Қазақстанға 2018 жылдың тамызында келдік. Басында көп уақытымызды елордада өткіздік. Бізді Қазақстанның астанасы ретінде соңғы жиырма жыл ішінде қаланың қарқынды дамуы қызықтырды және шабыттандырды. Мен үшін қала ландшафтының әсерлі болуы Қазақстанда үстемдік ететін заманауилық пен прогресс рухын бейнелейді.
– Қазақстанда дипломатиялық қызметіңізді бастағаныңызға бірнеше жыл болды. Осы уақыт аралығында еліміздің аймақтарын толықтай аралап шыға алдыңыз ба?
– Алғашқы бір жарым жыл ішінде мен көп саяхаттадым. Мен Қазақстанның барлық аймағына дерлік бір немесе бірнеше рет бардым. Елдің табиғи және мәдени әртүрлілігі туралы түсінік алдым. Каспий теңізінің айналасында, Шығыс Қазақстанда, Оңтүстік Қазақстанда, Шымкент және Түркістан қалаларына сапар шектім. Алматыда жұмыс барысымен де, жеке де жиі бардым. Қыста отбасыммен бірге сонда шаңғы тептік.
Өкінішке қарай, мұнда өткізген қалған уақытым COVID індетімен қатар келіп, бүкіл ел бойынша саяхаттау қиындай түсті. Дегенмен мүмкіндік туғанда саяхат жасадым. Былтыр Аралға барған сапарым ерекше әсер қалдырды. Солтүстік Арал теңізіндегі балық аулауды қалпына келтіру жобасымен таныстым.
– Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Елші ретінде осы отыз жылдағы даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
– Германия Қазақстанды көптеген экономикалық және саяси мәселеде серіктес ретінде бағалайды. Бүгінде Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған Қазақстан халықаралық аренада беделді ойыншы саналады. Атап айтсақ, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне енді. Қазақстан сонымен қатар Орталық Азияда жетекші және сындарлы рөл атқарады. Біз оны өте құптаймыз.
Жалпы алғанда, Қазақстанның соңғы 30 жылда қалай дамығаны таңғалдырады. Бұл прогресті, әсіресе, елдің қазіргі астанасы – Нұр-Сұлтанда байқамау мүмкін емес. Қала Германиядан келген қонақтарды үнемі таңғалдырады. Жалпы алғанда, Қазақстан соңғы отыз жылда қол жеткізген жетістіктерімен мақтана алады деп ойлаймын. Келешектегі қарым-қатынасқа келетін болсақ, Германия мен Еуропалық одақ Қазақстанды сенімді серіктес ретінде қолдай бермек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»