
Мазмұнды іс-шараның ашылуына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, 2004 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан өнер бәйгесі еліміздің мәдени өмірінде айтулы оқиғаға айналғанын атап өтті.
− Бұл халықаралық байқаудың өмірге келуіне өнер қайраткері, ерекше дарын иесі Бибігүл Ахметқызының еңбегі орасан зор. Жыл санап конкурстың аясы кеңейіп келеді. Мәселен, биыл байқауға елімізбен қатар Ресей, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерден келген 70-ке жуық вокалшы қатысады. Осыған дейін байқауда топ жарған жеңімпаздар әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп, музыкасүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді, − деді министр.
Жан-жақтан жиылған талантты вокалшылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы мен «Астана Опера» халықаралық опера академиясының көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев, Мәдениет және өнер саласындағы Литва ұлттық сыйлығының лауреаты, Литва музыкалық-театр академиясының профессоры Ирена Милькявичюте, Форо Бонапарттағы Музыкалық академияның профессоры, Г.Доницетти атындағы академияның камералық ән айту бөлімінің меңгерушісі Александр Гусев, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Санкт-Петербург консерваториясының профессоры Тамара Новиченко, Прага мемлекеттік операсының солисі Дамир Басыров, Өзбекстан Республикасының халық әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Рамиз Усманов секілді танымал тұлғалар бағалайды.