Аймақтар • 12 Қазан, 2021

Сайлауалды бағдарламаның іске асырылуы қалай?

291 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы қарсаңында Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өңірлерге сапарын жалғастыруда.

Сайлауалды бағдарламаның іске асырылуы қалай?

Бауыржан Байбек партияның сай­лауалды бағдарламаларының Түр­кістан облысында іске асырылу барысымен танысты.

«Бірнеше жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Түркістанды жаңғырту туралы қабылдаған шешімі еліміз үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін тарихи оқиға болды. Қысқа мерзім ішінде ру­ханиятымыздың діңгегі болған көне де қасиетті қала қайта түледі», деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: әр аза­мат­қа лайықты өмір!» сайлауалды бағдар­ла­масы аясында 2025 жылға дейін өңір­де көптеген әлеуметтік және мәде­ни жобаны жүзеге асыру жоспар­лануда.

Облыста 5 жылға жоспарланған 1956 іс-шараның 20%-дан астамы орын­далды. 364 мың шаршы метр тұр­ғын үй, 15 жаңа мектеп, 8 мәдени ны­сан салынды. Жыл соңына дейін 717 елді мекен сапалы ауыз суға қол жет­кізеді, сондай-ақ өңірдің тағы 65 мың тұрғыны табиғи газбен қамтамасыз етіледі.

2025 жылға дейін облыста 66 ден­саулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Бауыржан Байбек партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Түркістанда салынған қа­лалық орталық аурухананы аралады.

«Медицина қызметкерлерімен бірге денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде өңір­лерде білікті мамандардың жетіс­пеу­шілігі мәселесін талқыладық. Бұл мәселені шешу үшін партия нақты мақсаттар қояды. Атап айтқанда, балалар дәрігерлерін қоса алғанда, арнаулы салаға маманданған медицина қызметкерлерін даярлауға арналған гранттар саны артады. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы 2,5 есеге көбейіп, кемінде 550 мың теңгені, орта буын медициналық қызметкерлердің жалақысы кемінде 190 мың теңгені құрайды. Тірек және серіктес ауыл­дарда фельдшерлік-акушерлік пункт­тер мен дәрігерлік амбулатория­лар ашылып, жаңғыртылады. Жалпы, барлық көздерден денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің 5%-ына дейін жеткізілетін болады», деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Сол күні Бауыржан Байбек гол­ливудтық Disney кинокомпа­ния­­сының мемлекеттік тілге дубляж­далған «Жан» мультфильмінің көп­балалы және аз қамтылған отбасы балаларына арналған қайырымдылық көрсетіліміне барды. Бұл – «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің жоғары ха­лықаралық стандарттар бойын­ша ағылшын тілі­нен қазақ тіліне дубляждаған 37 ше­тел­дік кинокар­тинасының бірі.

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, «Бақытты отбасы» жобасы аясында партия дарынды балаларды анықтау және қолдау жұмыстарын күшейтеді, спорттық секциялар мен балалар үйірмелері ашылады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету үшін бүкіл ел бойынша 234 арнайы орталық ашылады.

Түркістан облысына сапар барысында Бауыржан Байбек Jastar – Otanga! халықаралық жастар форумына қатысушылармен де кездесті.

Партия Төрағасының бірінші орын­­басары Nur Otan-ның сай­лауал­ды бағдарламасының Шым­кент қала­сында орындалу барысымен де танысты.

Филиал төрағасы, Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтің мәлімдеуінше, 9 айда 2025 жылға дейін жоспарланған 475 индикатордың 23%-ы орындалған. Қалада 398 мың шаршы метр тұрғын үй, 5 медициналық мекеме мен 115 спорт алаңы пайдалануға берілген. 250 мың адамды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «Бозарық» электр қосалқы стансасы салынған. Газ тарату стансасының құрылысы аяқталуда, ол 5 шалғай елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады. 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

«Мемлекет басшысы жария еткен «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдар­ламасы аясында білім беру саласына ерекше назар аударылады. Ел көле­мінде 800 жаңа мектеп салу және 5 мың қолданыстағы мектепті жаңғырту жоспарланған. Тікелей Шымкентте таяудағы 5 жылда 66 мектеп салу жә­не жөндеу жоспарланған, бұл ретте 25 оқу орны биыл салынды. Сапар ба­ры­сында №79 жаңа мектепте педагог­тер ұжымымен кездестім. Мемлекет бас­шы­с­ының тапсырмасымен биыл мұға­лімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Пар­тияның сайлауалды уәделерін іске асыру аясында педагогтердің еңбекақысы 2024 жылға қарай 2 есе көбейіп, орташа алғанда 330 мың теңгеден асады», деп жазды Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, партия жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға ерекше назар аударады. Сондықтан ол Шымкентте кәсіпкерлікті жаңадан бас­таушыларға, ең алдымен жастар мен әйелдерге қолдау көрсететін онлайн-орталық ашқан «Болашақ» бағ­дар­ламасының түлектерімен кездесті. Болашақтықтар атап көрсеткендей, ІТ және агротехнология, архитектура, дизайн және басқа да салалар бойынша тегін кеңес беріледі.

Сол күні партия Төрағасының бірін­ші орынбасары Шымкент қала­сында, сондай-ақ Түркістан және Қы­зыл­орда облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысын онлайн-форматта қарастырды. Бауыржан Байбек филиалдар басшылығы мен мәслихаттардағы фракциялардың назарын жыл соңына дейін орындалмай қалу қаупі бар жекелеген тармақтарға және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігіне аударды.

«Елбасы 2019 жылы балалардың интернаттарда өмір сүру жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қа­был­дауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жыл басында VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында балалардың құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару міндетін қойды. Осы тапсырмаларды орындау үшін балалардың интернаттарда өмір сүру жағдайларына кешенді талдау жүргізілді. Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңестің деректері бойынша, барлық интернатқа күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілген жалғыз өңір – Павлодар облысы. Сон­дай-ақ Қостанай облысы да алдың­ғылардың қатарында. Бұл ретте, Қызылорда, Маңғыстау, сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстарында ахуал қанағаттанарлықтай еместігі байқалады. Әрбір балаға толыққанды жағдайды қамтамасыз ету – біздің сай­лауалды бағдарламамыздың басым­дықтарының бірі. Сондықтан бұл мәселе келесі аптада Партиялық бақы­лау комитетінің қарауына ұсыны­лып отыр», деп ескертті партия Төраға­сының бірінші орынбасары.

Бауыржан Байбек өңірлік фракция­лар жұмысына және биыл партия­ның Саяси кеңесі Бюросының шеші­мі­мен енгізілген Nur Otan-нан сайлан­ған барлық деңгейдегі мәслихат депу­таттарының жария рейтингіне жеке тоқталды.

«Бұл ретте жүйелі түрде рейтингі төмен депутаттардың тиімділігі фи­лиалдардың Саяси кеңестерінің отырыстарында қаралып, ол мандатты кері қайтарып алу және тиісті депутаттарды ротациялау үшін негіз бола алады. Біздің партиялық кадрлық резервте 3,4 мыңнан астам депутаттыққа лайықты үміткер бар. Тиісінше, біз көрсеткіштері төмен депутаттарды олар­мен алмастыруды ұсынатын боламыз», деп атап өтті партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары.