
«Қазақстандық ғалым әйелдер» қоғамдық бірлестігі ғылым мен қоғамда: заманауи тұлға дамуының этномәдени негіздері» атты республикалық ғылыми-практикалық форум өтті. Форумға қатысушылар заманауи тұлға дамуының қайнар көздері, ұлттық сананы қалыптастырудағы ана тілінің, төл мәдениетінің және отбасының рөлі, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген заманауи көзқарасы сынды мәселелерді талқыланды.
Жиында сөз алған Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Орынбеков Қазақстанда 9 738 әйел отандық ғылымның дамуына өз септігін тигізіп жүргенін жеткізді.
«Қазақстандағы ғалым әйелдердің рөлі біз үшін жоғары. Отандық ғылымды дамыту әрқашан министрліктің басты назарында. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жалпы ғалымдардың 54%-ын әйелдер құрайды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Еліміздегі ғалым әйелдердің басын қосып, осындай шаралар өткізетін ұйымдардың бар болғанына қуаныштымыз. Ғылымдағы әйелдер қауымы әрқашан талантты, креатив және олар өзекті әрі маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Серпінді ғылыми әзірлемелер жасауға сіздердегі әлеуеттің жететініне, еліміздің экономикасын көтеруге үлес қосатындарыңызға сенімдімін», деді Д.Орынбеков.
Сондай-ақ форумда «Қазақстандық ғалым әйелдер» қоғамдық бірлестігінің бес жылда атқарған жұмысы баяндалды. Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамының президенті Таңат Аяпованың айтуынша, ұйым ғылымдағы әйелдердің орны мен маңызын айқындап көрсету, болашақ ұрпаққа басты құндылықтарды әртүрлі іс-шаралар арқылы жеткізуді көздейді.
«Өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге атсалысу біздің міндетіміз деп санаймын. Елімізде ғалымдарға қолдау көрсетіліп келеді. Әйел ғалымдар жайлы энциклопедияның екінші томы дайындалып жатыр, оны жастарға, PhD докторларға арнаймыз. Бүгінге дейін магистранттарды қоғамдық бірлестікке тарту ерте деп ойлаған едім. Бірақ алдағы уақытта жастарды бірлестікке тарту, қатарымызға әртүрлі мамандық бойынша магистрлерді қосуды жоспарлап отырмыз. Қоғам мүшелеріне үлкен ризашылығымды білдіремін. Бүкіл әлем Қазақстанда әйел ғалымдар бар екенін білуі тиіс», деді профессор Т.Аяпова.