
Аталған орталық астана маңындағы тұрғындардан бастап, барша қазақстандыққа қызмет көрсетеді. Елімізде жер пайдаланушылар қатарында саяжайлардың, жеке үйлердің, учаскелердің, ауыл шаруашылығы жерлерінің иелері мен гараждардың иелері бар. Осы жер пайдаланушылар өз территорияларына байланысты ірілі-ұсақты сұрақтар туындаған кезде мемлекеттік органдарға жүгінеді. Бірақ мәселе бір орталықтан шешіліп бір жерден жауап алу мүмкін болмайды. Содан азаматтар бірнеше мекемеге бас сұғып, сабылып, уақытын жоғалтады. Орталық жетекшісі Фараби Ермековтың айтуынша, кеңес беру орталығы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында студенттерді тарту арқылы «бір терезе» қағидаты негізінде құрылды.
– Біз алдымен жұмысты студенттерді іріктеуден бастадық. Жалпы қабылданған 250 студенттің ішінде 94 ерікті жобаға қатысуға ниет білдірді. Өтініш беру өте ыңғайлы, телефон қоңыраулары немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар арқылы да қабылданады. Студенттер мен оқытушылардан құралған жобалық топ қазірдің өзінде жұмысқа кірісіп кетті. Өтініштер базаға енгізіледі, одан әрі орындаушы маман айналысады. Түпнұсқа тексеру үшін сарапшыға беріледі. Сараптама оң болғанда түпкілікті жауап өтініш берушіге жіберіледі. Өтініш түсіп, барлық жұмыс толығымен аяқталғаннан кейін орындалған жұмыс актісіне екіжақты қол қойылады. Қажет болған жағдайда өтінімдерді өңдеу жұмысына университеттің студенттерінен бөлек, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру саласындағы жерге орналастыру, сәулет және дизайн факультеті мен Технологиялық құзыреттілік орталығының мамандары тартылады. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ да консультациялық көмек көрсетеді, – дейді Ф.Ермеков.
Орталық өкілінің мәлімдеуінше, мамандар жергілікті жерге барып, заманауи технологиялық тұрғыдан мәселені анықтауға да қатысады. Сауатты әрі жан-жақты жауап беру үшін студенттер жер заңнамасы бойынша алдын ала дайындық курстарынан өтіп отыр. Бұл ретте QazBederProject ЖШС басшысы Жәнібек Саттыбаев студенттерге арнайы біліктілігін арттыру мақсатында семинар-тренингтер ұйымдастырған.
Жұмыс барысындағы тәжірибесін бөліскен орталықтың маманы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 2 курс студенті Мадина Төлегенқызы: «Біз келіп түскен ақпаратты дереу орындауға кірісеміз. Осыған дейін бізге берілген ақпараттар дерегін қолданамыз. Егер жұмыс күрделене түссе, жетекшілеріміз бен құзыретті орындарға жүгінеміз. Осылайша уақыт оздырмай мәселені шешуге тырысамыз», дейді.