Өнер • 24 Мамыр, 2022

Уақыт сәулесі керуені

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өскемендегі өнер му­зейін­­де белгілі сурет­ші, Қазақстанның еңбек сі­ңір­­ген қайраткері Ал­пыс­бай Қазығұловтың «Уақыт сәулесі» атты же­­ке көрмесі ашылды. Буыр­қанған бояулары үндесіп, ұлт дәстүрімен тілдесіп жатқан картиналары Жерар Депардье, Патрисия Каас сынды әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздарының жеке коллекцияларында сақ­талған.

Уақыт сәулесі керуені

А.Қазығұлов – Жапония, Бельгия, Түркия, Қытай, Ұлы­британия сияқты дамыған елдер­дегі көрмелерге қаты­сып, қазақтың салт-дәстүрін, тарихын насихаттап жүрген бірден-бір суретші. Алпысбай Нағыметұлы сынды қылқалам шеберлерінің көрмесін өткізу – әр музей үшін үлкен мәртебе.

Көрменің ашылу салтанаты алдында музей қабырғасында баспасөз мәслихаты өтіп, су­ретші өмірі мен өнері туралы аз-маз сыр шерткен. Ал­пыс­бай Нағметұлы Абай атындағы қазақ пе­да­гогикалық институтының көркемсурет-графика факуль­тетінде білім алған, 8 мыңға жуық станоктық кескіндеме жұмыстардың авторы. Су­ретші классикалық майлы бояу техникасымен 200-300 кар­тиналар сериясын жазған.

– 45 жылдан бері біз­дің әулет қазақ сурет өне­рін жинаумен айналысамыз. Коллекциямыздағы сурет­тердің ең құндысы – Әбілхан Қас­теевтің картиналары. Оның төрт шығармасы қо­ры­мызда бар. Ал бүгінгі көр­­­меге ең таңдаулы деген 27 жұ­мысымды әкелдім. Оның біреуін музейге сый­ға тартамын, – деді суретші журналис­терге берген сұхбатында.

Суретшінің кенеп бетіне жаққан бояулары ерекше көз тартады. Суық және жылы түсті бояуларды ойната бі­леді. Ойната отырып, тари­хи жанрдың өзін жайнатып жіберді. Иә, қайнаған тір­шілік, жайнаған картина. Әр полотносынан қазақ дала­сының иісі аңқиды. Атап айтар болсақ, «Көкпар», «Хан саят­шылығы», абстракциядан «Ғарыш ойыны» және пей­заж жанрынан «Серуен», «Шарын шатқалына саяхат», «Салт ат­ты» секілді туынды­ларын көре аласыздар. Суреттердің көбі – станоктық форматтағы туындылар.

о

«Уақыт сәулесі» атты бұл көрмеде өңір суретшілерінің де басы бірікті. Музейдің төргі залына қойылған кар­ти­наларға таңдана, тамсана қарасты. Үн­сіз ғана бас­­та­рын шайқайды. Білемін, А.Қа­зы­ғұловтың бояу жағу стилі оларды шын шабыттандырды. Өйткені әр суретке ұзақ қарады.

– Автордың картиналарымен таныспын. Бірақ мұндай көрмеден тұңғыш көруім. Сөзбен айтып жеткізе алмас­тай әсер алдым. Үндесіп жат­қан бояуларымен тілдесіп қайтқандаймын. Үйге бара сала кенеп керіп, бояу езетін шығармын, – дейді семейлік суретші Маржан Бақытбекова.

Рас, А.Қазығұловтың көр­месі Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет өтіп жатыр. Музей басшылығының айтуынша, көрме 19 маусымға дейін болады. Өнер шаңырағының есігі өнерді қасиет тұтатын әр көрермен үшін әрқашан ашық.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар