
Биыл 3,6 млн оқушы оқу жылын аяқтады. Ал 171 мыңнан аса түлек үшін соңғы қоңырау соғылды. Енді түлектердің мектептегі қорытынды емтихандары, одан кейін ҰБТ сынағы басталады. Пандемия мен білімдегі олқылықтардың салдарын жою үшін жазғы мектептер ұйымдастырылады.
«Озат оқушыларымыз бүгінде берген білімімізді, елімізді халықаралық аренада лайықты танытып жүр. Мысалы, менің жанымда күні кеше ғана Франциядан оралған Дүниежүзілік гимназиаданың үш жеңімпазы тұр. Олар осы мектепте оқиды. Ал енді түлектер өмірдің жаңа кезеңін бастағалы тұр. Мектепті бітірсеңіз де, оқу мен ізденіс жолында ешқашан тоқтамау керек. Білім – ешқашан құнын жоғалтпайтын, құнсызданудан қорықпайтын байлық. Алда емтихандар бар. ҰБТ ересек өмірдегі ең оңай емтихан екенін білсеңіздер екен. Бұл үшін біз биылғы түлектерге бірқатар жеңілдік жасадық. Енді сіздер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, грантқа үміткер бола аласыздар. Биыл Президенттің қолдауымен гранттар санын көбейтіп отырмыз. Атап айтқанда, университеттерде оқуға 73 мыңға дейін және колледждерде оқуға 128 мыңға дейін грант бөлдік. Жалпы алғанда мемлекет сіздер болашаққа сеніммен қарау үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр», деді елордадағы №75 мектеп-гимназияға барған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.