
Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Жақында бір жағымды жаңалық естіп, еңсе тіктегендей күй кештік. Елімізде балалар үйлерінің саны азайып келеді. Оған отандастарымыздың ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуы мүмкіндік беріп отыр.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты Бала құқықтарын қорғау комитеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 89 ұйым бар. Онда 4 076 бала тәрбиеленіп жатыр. 2017 жылы, яғни осыдан 5 жыл бұрын ғана 138 балалар үйі болған. Сонда бас-аяғы бес жылдың ішінде 49 балалар үйі жабылыпты.
Біз «Балалар үйлерінің жабылуына қандай факторлар әсер етіп жатыр? Ондағы балаларды асырап алу фактісі көп пе? Әлде шетелдерге кетті ме?» деген журналистік сауалымызды аталған комитетке жолдағанбыз. Сауалымызға: «Баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету мақсатында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың 4 нысаны бар:
1) бала асырап алу; 2) қорғаншылық (қамқоршылық); 3) патронаттық тәрбие; 4) патронаттық отбасы», деген жауап алдық.
Шетелдерге кеткен бүлдіршіндерді ойлағанда, «Балаларымызға өзіміз емес, неге шетелдіктер құмар? Демек тастанды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алғысы келетіндерді ынталандыратын мемлекеттік жүйе жоқ-ау» деп ойлайсыз. Бала құқықтарын қорғау комитетінің мәлімдемесіне қарасақ, олай емес.
Аталған ұйымның хабарлауынша, министрлік отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің желісін кеңейту, ірі балалар үйлерін қайта ұйымдастыру, бала асырап алу, қамқоршылық және қорғаншылық институттарын, асырап алушы Отбасын және балаларды орналастырудың басқа да отбасылық нысандарын дамыту және ынталандыру жөнінде бірқатар жұмыс әзірлеген. Мемлекет жетім балаларды тәрбиелеп отырған қазақстандық отбасыларға заңнамалық деңгейде материалдық қолдау көрсетеді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қазақстандық азаматтардың отбасыларына беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылғы қаңтардан бастап жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі енгізілді.
Осыған қоса: «Бүгінгі таңда «Ана үйі» қоғамдық қоры аккредиттеуден өтті. Бұл әлеуетті асырап алушы ата-аналарды психологиялық даярлауды жүзеге асырады және оларға тегін негізде құқықтық көмек, психологиялық және психологиялық-педагогикалық консультация береді. Сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары жүргізіледі. Осындай қабылданған шаралардың нәтижесінде балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер санының және тиісінше жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар саны азайып келеді», делінген комитет жауабында.
Іс жүзінде шынымен де солай ма? Мұны практик маманнан сұрап білдік. Елордадағы Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығының директоры Бибігүл Сайлаубекқызы балалар үйіндегі тұрғындардың азайып жатқанын растап отыр.
«Балалар саны күннен-күнге азайып жатыр. Біз қазір балалар үйі емеспіз, біздің ұйымды 2019 жылы Кәмелетке толмаған балаларға арналған бейімдеу орталығымен біріктірді. Өйткені екі ұйымда да бала саны өте аз болды. Қазір мекемеміз Қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығы деп аталады. Бізде 2019 жылы 100-ге жуық бала болса, бүгінде 62 тәрбиеленуші бар. 2019 жылдан бастап балаларды қамқорлыққа алу қарқынды жүрді. Бұрын патронаттық тәрбиешілер үшін арнайы білім алу міндетті болмаған. 2020 жылдан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге алу үшін алдымен арнайы мектептің курсынан өтуі керек. Оларды психолог-мамандар Патронаттық ата-аналар мектептерінде оқытады. Курста олар балалардың өмірінен әртүрлі жағдайларды мысалға алып, оны шешудің жолдарын қарастырады. «Асырап алғанда қандай қиындықтар кездеседі, балалар неден қорқуы мүмкін?» деген секілді салмақты сұрақтарға жауап іздейді. Соның нәтижесінде оларға қамқорлыққа алу, бала асырау жүйесі түсініктірек болып, жұмыс барысы жылдамдап жатыр. Өйткені мектепте психологтан ғана емес, тыңдаушылар заңгерден де кеңес алады», дейді Б.Сайлаубекқызы.
Орталық өкілінің айтуынша, Патронаттық ата-аналар мектебінде 14 сабақ болады. Сабақ аптасына бір рет демалыс күндері, кешкі уақытта, онлайн режімде өтеді. Мұның бәрі жұмыстағы ата-аналарға ыңғайлы болу үшін жасалған. Ыңғайлы болғаннан болар, басқа өңірлерден курсқа жазылып, оқып жүргендер бар екен. Мектептегі курсты тәмамдағаннан кейін оқыған ата-аналар тест тапсырып, сертификат иеленеді. Осыдан кейін ғана құжаттарға кіріседі. Құжаттар жағы реттелген соң, асырап алғысы келетін ата-ана баламен кездеседі, әңгімелеседі. Егер балаға ыңғайлы болса, ұнаса, онда олар құжаттарды тапсырып, баланы алып кетеді.
Расымен, баланы асырап алу оңай болса ғой. Өкініштісі, толық отбасы болса да, ала алмай жүргендер бар. Соның бірі – өзіміз куә болған әріптесіміздің құрбысы. Бала асырап алудан әбден көңілі қалған кейіпкеріміз аты-жөнін айтқысы келмеді. Бірақ проблеманы ашып айтудан, естір құлаққа жеткізуден қашпады.
«Жолдасым екеуіміз бала асырап алғымыз келді. Отасқанымызға біршама уақыт өтсе де сәби сүймедік. Сөйтіп, балалар үйіне барып едік, түрлі құжаттар жинау керегін айтты. Бәрінен өттік, құтылдық, тапсырдық. Соңғы талаптарына келгенде сүріндік. Сондағы сылтау – басымыздағы екі бөлмелі пәтеріміз бала асырап алуға аздық етеді екен. Бар болғаны 10 шаршы метр жер жетпей қалғаны үшін баланы бермей қойды. Сөйтсек, сәби асырап алудың талабы бойынша балаға бөлек бір бөлме қажет болып шықты, оған қоса отбасындағы әр адам басына шаршы метр бөлек есептелетін көрінеді. Ал біздікі екі бөлмелі пәтер болғанымен, шаршы метрі аздау еді. Шынтуайтына келгенде, 1 бөлмеде де 4 баладан өсіп жатыр ғой. Әрине, біз олай істейін деп отырған жоқпыз. Десе де, жерге қаратпайтынымызды білгендіктен, жауапкершілікті сезінгендіктен асырап алғымыз келді. Таза ниеттілерге жұмысты қиындатпай беруге болмас па?», дейді бала асырап алғысы келген ата-ана.
Орталық өкілі айтқандай, расымен де ондағы балалар 5 мезгіл тамақтанып, 3 қабатты коттеджде тұратын болар. Әр баланың өз төсегі, тәрбиеленушілерге демалыс бөлмесі, оқу бөлмесі, асхана бар екеніне де күмән келтірмейміз. Десек те, ондағы жағдай отбасының жылуы, ата-ананың аялы алақанындай бола ала ма? Басы ашық сұрақ осы секілді. Өйткені сөз басында айтқанымыздай, жетімнің панасы болар ел бар ғой, тек соған болмашы жерден кедергі келтірмейтін жүйе болса, қанеки...