
Көпшілік әлемдік балет жұлдызы, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың аталған өнер ордасындағы классикалық әрі заманауи хореографиялық қойылымдарын ғана емес, мазмұнды авторлық гала-бағдарламаларын да қызығып көреді. Осы маусымның өзінде талант иесі елордалықтарға жиырмаға жуық гала-кеш ұсынып үлгерді. Сондықтан оңтүстік халқы астаналық театрдың бағдарламаға енген бір актілі балеттерінен бөлек, концерттік бағдарламаның үздік нөмірлерін тамашалап, жылы әсер алды.
Бекзат өнер ұжымы Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында XX ғасыр жауһары – Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына жазылған кемеңгер хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін тарту етсе, Шымкенттегі «Түркістан» концерт залында Ф.Шопеннің музыкасына қойылған М.Фокиннің романтикалық балет жауһары – «Шопениананы» сахналап, жұртшылықты таңғалдырды.
Әсіресе дарынды жас Бақтияр Адамжанның «Шехеразада» балеті мен гала-концерттегі өнеріне көпшілік дән риза болса, оның сахнадағы жұбы Анастасия Заклинская кәсіби шеберлігімен өз кейіпкерін аша білді. Ал «Шопениана» қойылымындағы балет әртістері сомдаған бейнелер түрлі болмысымен есте қалды. Сондай-ақ Д.Шостаковичтің музыкасына қойылған «Ескі фотосурет» шығармасында Нұрай Нұрсафина мен Александр Корниловтың және «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі «Татар биін» қойған Қуат Кәрібаев пен балет әртістерінің өнері де ешкімді бей-жай қалдырмады. «Баядерка» балетіндегі «Үндіс биін» билеген Жәнібек Ахмедиев, Еркежан Жүнісова, Бостан Қожабеков және т.б. өнерпаздар да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Еліміздегі бірегей өнер ордасының әртістеріне тәнті болған көрермендер де оларға өз ризашылықтарын білдірді. Мәселен, Бағила Мұстафаева есімді көрермен осындай керемет кеш ұйымдастырған «Астана Операға» алғысын айта келіп: «Шынымды айтсам, спектакльден алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова мен әртістер тиянақты дайындалған. «Шехеразада» балеті мен гала-бағдарламаны тамашалап, қазақ балеті жоғары деңгейде екеніне көзім жетті. Өнер ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!» десе, Түркістан облысының тағы бір тұрғыны Әлия Бердіқұлова: «Бізге келген театр ұжымына алғысымды айтамын. Сіздер бізге ұмытылмас әсер, ғажап көңіл-күй сыйладыңыздар. Гала-балет бағдарламасы тамаша құрылған, әртістер өте шебер, әсіресе «Қилы заман» нөмірін орындаған солист Сұлтанбек Ғұмар бидің мағынасын әр қимылымен аша білді» деп жылы лебізін жеткізді.
Қорыта айтқанда, «Астана Операның» жазғы өнер сапары қатардағы мәдени іс-шаралардың бірі болып қоймай, көрермендер үшін маңызды оқиғаға айналғаны, елордалық театрдың балет труппасының кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті.