Бірде Үрімжі қаласында шығатын “Әдебиет және искусство” журналының редакциясына өрімталдай бір жігіт келді. Оның күреңіткен жүзіне бұйра шашы жараса түскендей. Жігіт отырғандармен сәлемдесіп, редактордың орынбасары Қажығұмар Шабданұлының бөлмесіне кірді.
Арада аз уақыт өтісімен Қажығұмар мені шақырып, әлгі жігітпен таныстыра бастады:

– Мына доланадай қызыл жігіт Төлеубек Жақыпбайұлы. Журналымызда жарияланған “Шытырманнан – шыңға!” деген поэманың авторы, – деп оған тесіле қараған Қажекең мені нұсқап. – Ал мына отырған өзің секілді бұйра шаш жаңағы айтқан өлеңнің авторы – Ғалым Тыныбаев. Ал енді екеуің сөйлесе беріңдер, – деген ол сөзін қысқа қайырып, алдындағы қағазға шұқшия берді. Жанарына күлкі үйіріп маған қадала қараған Төлеубек:
– Мынау бір жастар жанын желпитін өлең екен. Бағанадан бірнеше рет қайталап оқыдым. Өзінен-өзі әнге сұранып тұр. Осыған бір ән шығарсам қалай қарайсыз? – деді. Мен оған дән риза болып:
– Өлеңнің ән болып шырқалғанын кім жек көрсін. Ән шығарғаныңызға тілектеспін, – дегенімде Қажығұмар сөзге араласып:
– Төлеубек, дәл айттың, мұның әнге сұранып тұрғаны шындық. Әдемі әуенмен безендірілсе, өлеңнің ажарланары рас қой. Ғалым өлеңнің атын “Арайлым” деп қойған екен, мен оны жастардың жиі айтатын сөзі “Сен маған ыстықсың...” деген атпен жіберуді жөн көрдім, – деді.
Біздерге іштей риза болған Төлеубек қоштасып кете барды. Оны көрген Ахмет Жүнісұлы мен Мақатан Шәріпқанұлы:
– Музыкадан хабары жоқ адам қалай ән шығармақ? – деп таңданысты. Бұл жігіттерге жымия қараған Қажығұмар басын шайқап:
– Ол өзінің ісі. Бірақ оның өнерге құмар екенін білемін, – деді. Қажығұмар сөзіне илана түскен Ахмет:
– Е, бұл да осал адам болмады ғой. Сондығы болар, поэма жазып оқырманды дүр сілкіндіріп жүргені, – деп Қажекеңді қағыта сөйледі.
Ән шығарып келмекші болған Төлеубек хабарсыз кетті. Ахмет пен Мақатан редактордың орынбасарынан:
– Қажеке, әлгі композитор бауырың ән іздеп Шәуешек асып кеткен жоқ па? – деп жақаурата сұрайтынды шығарды.
– Ол жігіт Біржан салдың ұрпағы. Өтірік айтпас, келеді, – деп ол сендіре сөйледі.
Бірде түс ауа қолында қоңыр шанақты мандолинасы бар, журналистер сағына күткен Төлеубек келе қалды. Оны көріп дабырласқан жігіттер:
– Оу, Төке, жоғалып кеттіңіз ғой. Қалай, ән шықты ма? – деп сұрап жатты. Орындыққа жайғасқан ол мандолинасын қолына алып:
– Е, жігіттер, ән шығару оңай емес! Мың толғанып, бақсыдай буырқанып жүріп бір әннің сұлбасын қайырған болдым, – деді де салалы саусақтары сым пернеге жабысты. Ән бізге бірден ұнады. Жігіттер Төлеубектің әніне емес, оның мандолинаны қалай шебер ойнайтынына көңіл аударса керек. Сол үшін де олар әнді қайталап тыңдасты. Төлеубек оны бірнеше рет тартқан соң музыкаға дауысын қосып шырқай жөнелді. Көтеріңкі қоңыр дауыс. Әнді мәнерлей айтты. Тыңдаушылар арасынан орнынан көтерілген Жақыпбек ағай:
– Ән жақсы шыққан. Жеңіл үнді, әдемі ырғақты қоңыр ән болыпты. Енді айтушысы келіссе, тыңдаушы ойынан шығары сөзсіз, – деп өз бағасын бере сөйледі.
Жігіттер Төлеубек екеуміздің қолымызды қысып, құттықтап жатты. Сонымен “Сен маған ыстықсың...” деген ән 1955 жылдың мамыр айында желпіне тыңдаған жазушылардан бата алып, сазды әуенімен жастар арасына тарап кете барды.
Жақсы ән шығарып, көп ықыласына бөленген Төлеубек арман қуып, Алматыға оқуға кетті. Әдебиет пен өнер тізгінін тең ұстаған талант әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің филология факультетіне оқуға түсті.
Оқу талабынан шығып, білім алуды аңсаған жас ән шырқауды азайтады. Кейде достарымен бас қосқанда ғана “Сен маған ыстықсың...” әнін Шығыс Түркістандағы қазақ жастарының әні деп айтатын. Әнді ұнатқан студенттер бірден іліп әкетіп, айта бастады. Әсіресе журналистика бөлімінде бізбен бірге оқыған Қабидолла Шотанов пен Мейрамбек Жанболатовтың оны тез үйреніп айтқандары әлі есімде.
Арада айналым жылдар өтті. Әнді білетіндер оқу бітіріп, облыстарға жұмысқа кетті. Төлеубек Шұбартау мен Аягөз аудандық газеттерінде жұмыста болды. Кейін жазған-сызғандарын кітап етіп шығару мақсатымен Алматыға келді. Сол жұмыстар соңында жүргенде 1977 жылы 8 мамырда қайғылы қазаға ұшырап, қайтпас сапарға аттанды.
“Өзі жоқтың көзі жоқ” деген ғой, Төкең ортамыздан озған соң ән де сирек айтылатын болды. Арада бірнеше жылдар өткен соң Қазақ радиосынан Жаңаарқа ауылының азаматы Қорабай Есенов айтып жүрді. Әннің кімдікі екенін білмесе де ұнаған соң айтса керек. Бірақ оның әнді өзіне теліп айтқанын естімедік. Әрине, Қорабайдың бұл әнді дәріптеп айтып келгеніне үлкен рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Әлі де айта беруіне тілектеспіз...
Бірақ өткен жылы “Шалқар” бағдарламасынан Қорабай Есеновтің 60 жасқа толуына орай берілген хабарда: “Қорабай біздің жақсы әншілеріміздің бірі. Өзі мал дәрігері болса да тағдыр оған музыкалық талант сыйлаған. Біз Қорабайдың 60 жасқа толуымен құттықтап, өзінің гитарамен жиі айтатын “Жас қалам” әнін береміз!” деп марқұм Төлеубек Жақыпбайұлының “Сен маған ыстықсың...” әнін шатастырып беріп, әттеген-ай дегізгендері естен кетпейді. Тіпті, әліге дейін Қорабай Есеновтің әні деп беріп жүр.
Иә, бұл да болса ыждағатсыздықтың бір белгісі шығар деп ойладық. Бірақ көп құлағының құрышын қандырып, санасын саралайтын Қазақ радиосы мұндай жаңсақтыққа бармағаны жақсы еді...
Қазір осы Т.Жақыпбайұлының әніне әркім өзінше ат қойып, тойларда жиі айтатын болып жүр. Бұл жаман емес. Бірақ өлең жолдары “Ләйлі-Мәжнүндей”, “Менде бар бір тілек” деп өзгертіліп, ән атсыз, авторсыз жетім қозыдай әр кімге бір телініп айтылатын болған. Радиодан осы бір “жетім” әнді талай тыңдап мезі болған Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов пен арда ақын Оразақын Асқар баспасөз бетінде өз пікірлерін айтып, ән авторы Төлеубек екенін тайға таңба басқандай дәлелдеп берген еді. Бірақ оған құлақ асқан Қазақ радиосы болмады. Баяғы жартас бір жартас болып қала берді. Қазақ радиосының кейде белден басып, эфирден есіп өтері рас. Бірақ оны байқаған тыңдарман баршылық. Олар қашанға дейін жауырды жаба тоқып жүре берсін.
Бүгінде ән тыңдаушылар Төлеубектің бірге оқыған жолдастары деп, бізге “Сен маған ыстықсың...” әнінің нотасы мен өлеңін сұрап жиі хат жазады. Мәселен, Қытайдан Үрімжі педагогикалық институтының оқытушысы Қадиша Оразғалиқызы, Омбыдағы “Мөлдір” қазақ қоғамының төрайымы Алтынай Жүнісқызы, Бельгияда тұратын қазақтың ақын қызы Ырысты Төкейқызы осы әнді үйреніп, өз мәнерінде толық мәтінімен айтуға шалғай жүрген қазақ жастарының кұштар екенін білдіріп, біздерге өтініш хат жазды.
Біз осы әнсүйер қауымның өтініші бойынша, Т.Жақыпбайұлының баспа бетін көрмеген “Сен маған ыстықсың...” әнін нотасымен газетке жариялауды жөн көрдік.
Ал, достар, өмірден өксіп өткен Төлеубек аруағына бағыштап әнді шырқаңыздар!
СЕН МАҒАН ЫСТЫҚСЫҢ...
Музыкасы: Төлеубек ЖАҚЫПБАЙҰЛЫНІКІ,
Өлеңі: ҒАЛЫМ ТЫНЫБАЕВТІКІ.
Сен маған ыстықсың басқадан,
Сүйем деп айтудан жасқанам.
Жеткізе алар ма жүректің,
Жан сырын жасырын жас қалам!
Кезіксең ұрлана қараймын,
Мен сені жанымдай санаймын.
Асаудай тулайды жас жүрек,
Телміріп жолыңа, арайлым.
Мен жүрмін өртеніп осы кез,
Жүрекке таба алмай дару сөз,
Қиылып қиғаштап өтесің,
Жан сырын жасырып отты көз.
15.05.1955 ж. Үрімжі
Ғалым ТЫНЫБАЕВ, баспасөз ардагері.
Суретте: солдан оңға қарай Қажығұмар ШАБДАНҰЛЫ және Төлеубек ЖАҚЫПБАЙҰЛЫ.