TikTok, Roblox, Discord... Көп ата-ананың жаттап үлгерген атаулары. Қадірлі оқырман, дәл қазір сіздің балаңыз осы платформаларда не істеп отырғанын білесіз бе? UNICEF Kazakhstan Kids Online зерттеу орталығының дерегіне сәйкес, еліміздегі балалардың 15 пайызы күн сайын интернеттегі жағымсыз контентке тап болады. 21 пайызы кибербуллингке ұшыраған. Ал 10 пайызы әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдарды дос ретінде қосқан, бұл қауіп-қатерді арттыра түсетін қарекеттер.
Кибертұрақтылық деген не?
Бұл интернетті өзіңе зиян келмейтіндей пайдалану дағдысы. Ол жеке деректерді қалай қорғау керектігін, күдік тудыратын байланыстардан қалай аулақ болуды және цифрлық кеңістікте өзгелерді құрметтеуді үйретеді.
Жалпақ тілмен айтқанда, бұл балалар мен ересектерді онлайн-қауіптен сақтайтын ережелер жиынтығы. Киберқауіпсіздік бойынша сарапшы Медет Турин бұл қағидаларды тарқатып айтады.
Балаларға мынаны ескерткен жөн:
- ешкімге айтпа: қайда тұратыныңды, аты-жөніңді, қай мектепте оқитыныңды, ата-ананың телефон нөмірін;
- екі шоқып, бір қара: интернеттегі барлық «достар» кәдімгі адам болмауы мүмкін;
- өзгелерді құрметте: буллинг жасама, қорлық пікір жазба, біреуді мазақтайтын видеоларды таратпа;
- белгісіз сайттан бірдеңе жүктеместен бұрын әбден ойлан;
- бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпе. Тіпті ол «ойындағы бонус» немесе «блогердің конкурсы» болса да.
«Ең маңыздысы – бірдеңе түсініксіз, күмәнді немесе қорқынышты көрінсе, міндетті түрде ересек адамдарға айту», дейді сала сарапшысы.
Бұрын балаларға көшеде көлденең кездескен адаммен сөйлеспе деп үйрететін еді. Ал интернет көшесінде ше? Көп ата-ана бұл ескертпені ұмытып кеткен сияқты. Онлайн кеңістікте бейтаныс адам өте көп. Ең қауіптісі, олар сіз бен біздің баламыздан бір-ақ кез қашықтықта.
Кибербуллинг – бұл баланың яки жасөспірімнің, тіпті тұтас топтың басқа баланы интернет аясында қуғындауы. Ол балағат сөз жазу, мазақтайтын пост жариялау, өсек тарату болуы мүмкін. Көбіне мұндай жағдайлар мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде немесе көпшілік қолданатын онлайн ойындарда болып жатады.
Интернет балаға несімен қауіпті?
Жасанды интеллект және цифрлы даму министрлігінің ішінде Ақпараттық қауіпсіздікке жауап беретін комитет бар. Комитет киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ата-аналар мен балаларға бірқатар ұсыным дайындады.
- Қауіпті таныстықтар
Интернет – бүркемеленуге өте қолайлы орта. Жай ғана құрбы-құрдаспен достық рәуіштегі әңгіме болып көрінетін нәрсе шын мәнінде радикалды топ өкілдерімен, онлайн-грумингке бейім ересек адамдармен немесе алаяқтармен байланыс болуы мүмкін. Балалар бейтаныс адамға тез сенеді және жеке мәліметтерді оңай ұсынады. Ең қауіптісі – онлайн сөйлесудің офлайн кездесуге ұласуы. Онда бақылау толық жоғалады.
Басты ереже: интернеттен танысқан адаммен ересектерсіз ешқашан кездеспеу. Ал біреу ата-анаға айтпауды талап етсе – бұл өте қауіпті белгі.

Жоғарыда груминг сөзі аталып өтті. Бұл – баланының сеніміне кіріп, жеке деректерін жыныстық мақсатта пайдаланатын әрекеттер. Қылмыскерлер әдетте интим суреттерді алдап алады да, кейін сонымен қорқытады: «ақша төле, әйтпесе ата-анаңа, достарыңа жібереміз» деген сияқты. Мұндай адамдар баланы алдау үшін интернетте бірнеше жыл бойы «жақсы адам» рөлін ойнап жүруі мүмкін.
- Азарт және жалған «ойындар»
Қазір құмар ойындар балалар жиі қолданатын платформларда да жарнамаланып жүр. Бала бәс тігу сайттарына нақты кірмесе де, лотереяға ұқсас геймификацияланған сервиске, «фортуна дөңгелегіне» немесе жүлделі «ұпайларға» тап болуы кәдік. Жылдам «сыйақы» моделі балалардың психикасына қатты әсер етеді.
Бұдан сақтану үшін арнаулы комитет ата-аналық бақылау фильтрлерін қосуды ұсынады. App Store/Google Play төлемдерін қадағалап, оңай келген «олжаның» опа бермейтіні туралы ескертіп отырған дұрыс.
- Балаларға арналмаған контент
Қатыгездік, порнография, есірткі немесе жарылғыш заттар жасауды үйрететін материалдар бір ғана батырманың ар жағында менмұндалап тұр. Фильтр қойылған күннің өзінде мұндай контент жасырын чат арқылы, Telegram-боттар арқылы немесе аноним платформалардан өтіп кетуі мүмкін.
Мұндай материалдарды тек бұғаттау жеткіліксіз. Неліктен олардың қауіпті екенін және олардың артында көбіне нақты қылмыскерлер тұрғанын түсіндіру маңызды. Баланың сыни ойлауын дамыту – ең сенімді қорғаныс.
Әлеуметтанушылар «Хэппислепинг» терминін айналымға енгізді. Бұл шынайы зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, қинау немесе сексуалдық қылмыс көріністерінің видеосын түсіріп, оны интернетте тарату. Одан баланың жүрегі қатайып, көзінің нұры семеді. Ашушаң, сабырсыз болып өседі.
- Вирус, зиянды бағдарлама және фишинг
Смартфон да компьютер сияқты қауіпке қауқарсыз. Қылмыскерлер телефон арқылы да жеке мәліметтерді оңай ұрлай алады. Мамандар ондай алаяқтардың алғашқы нысанасы – балалар екенін айтады. Осы орайда балаға бейтаныс бейтаныс адамның сілтемесіне өтпеу қажеттігін, қолданбаларды тек ресми дүкеннен жүктеу маңызын және жаңа бағдарлама орнатпас бұрын міндетті түрде ата-анадан рұқсат сұрау ләзім екенін түсіндіру қажет.
Сарапшы Медет Турин өзінің жағдайын айтады.
«Бір бала Google Play Market-тен «лайк көбейтетін» қолданба жүктеген. Сөйтіп, алаяқтар ата-анасының криптокошелегіндегі ақшаны әп-сәтте жоқ қылған. Қазіргі кезде қылмыскерлер тіпті ресми дүкендердің қауіпсіздік жүйелерін айналып өтуге үйреніп алған».

- Контент арқылы «зомбилеу»
Интернет арқылы баланың дүниетанымын өзгерту үрдісі бәсең тартпай отыр. Ұлттық, діни құндылықтарға жат радикалдық түсініктерді қылмыстық топтар күнделікті таратады. Қазір діни уағызшылардың арасында тексерілмеген деректерді айту, тіпті тарихи «мифтерді» шындық ретінде ұсыну жағдайлары жиілеген. Мамандар дін қызметкерлері тарихи, әдеби, мәдени тақырыптарды тілге тиек еткен кезде оның ғылыми растығына баса назар аудару керектігін айтады. Ал контент тұтынушылар әр ақпаратты ой елегеніне өткізген жөн. Абай не деуші еді:
«Ақсақал айтты бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты,
Ақыл сенбей, сенбеңіз!»