Руханият • 13 Қыркүйек, 2022

Тау тұлғаның тойы

2349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Сарыарқада Ақсораң ең биік тау, Жаңаарқада Ақселеу таудан биік» (Бағдат Мүбәрак) дейтін жұрт белгілі этнограф, ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбектің тойы Жаңаарқада өтетінін естіп, елдің түкпір-түкпірінен жиылған екен. Өле-өлгенше ұлт мұрасын түгендеп, халқының қасиетін ардақтап өткен тұлғаның 80 жылдық мерейтойына орай республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылып, жыр додасы өтіп, ас беріліп, балуандар белдесіп, ат шаптырылды. Аудан орталығында ашылған ескерткіші туралы әңгіме басқа. Кешелі бері аудан әкімі Юржан Бекқожин бастап бұл ескерткіш алынып, жаңадан қалыпталатынын мәлімдеді. Ақаңның тойына барған елдің көңілі сонда барып орнына түскендей.

Тау тұлғаның тойы

Жиын ашылғанда әуелгі сөзді алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы қазақ­қа Құдай екі дәуірде екі Ахаңды бер­генін айтты. Алғашқысы – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болса, екінші Ақаң, Ақселеу Сейдім­бек – Ахмет Байтұрсынұлының заңды жалғасы, ізін басқан нағыз ұлт жоқшысы болды. Екеуі де халқына қызмет ете жүріп, отқа күйіп кеткенін және қапер­леді ақын. Ақаңның қос бірдей әнінің сөзін жазған Несіпбек Айтұлы ұлт жоқшысына арнаған өлеңін оқып, Жаңаарқа мәдениет үйінің алдындағы елді тебірентіп жіберді.

«Алла ғана бар қазір, біздер жоқ­пыз, Ақселеу мен Алаштың арасында» деген Серік Ақсұңқарұлының сөзі де жалынды шықты. Әнші Серік Оспан болса, Ахаңның «Дәурен-ай» әнін асқақтата салды.

«Ақселеу Сейдімбек және көш­пе­лілер мәдениеті» атты респуб­ликалық конференцияны филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан тізгіндеді. Салиқалы отырысты Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ашты.

 – Биыл белгілі этнограф, жазушы – Ақселеу Сейдімбекұлының 80 жылдық мерейтойын атап өту­деміз. Осынау торқалы тоймен бар­лық Жаңаарқа жұртшылығын ыстық ықыласпен құттықтаймын. Құндылықтарымызды түгендеп, бабалар жолын жаңғырту, оларға тағзым етіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы, ертеңге үлгі ретінде ұсынар ізгі амалы. Бүгінгі марқұм ағамызға көрсетіліп жатқан құрмет – осы айтылған ойдың бірден бір көрінісі, – деген Берік Әбдіғалиұлы этнографтың тарихи пайымдары сірескен еңбектері алдағы уақытта терең зерттеуді қа­жет етерін еске салды.

Жиында Ақаңның сан салалы қыры тілге тиек етілді. Этно­граф­тығы, жазушылығы, журна­лис­тігі, сазгерлігі, зерт­теушілігі, тағы басқа қырлары да сөз болды. Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, тарихшы, профессор Қойшығара Салғарин, түрколог, профессор Қаржаубай Сартқожа, әйгілі физик-профессор Темірғали Көкетаев, ақын Ғалым Жайлыбай, Қарағанды университетінің ректоры, профессор Нұрлан Дулатбеков, белгілі қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай мен Жанарбек Әшімжан, әнші Сәуле Жанпейісова, Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген қайраткері Несіп Жү­ніс­­байұлы, этнограф жазушы Төре­хан Майбас сөз сөйледі. Күйші Мұхамеджан Тілеуханов Ақселеудің күйшілік өнер туралы еңбегін ерекше бағалап, күй шертті.

Конференция соңында жас ақын­дар арасында өткен Ақселеу атын­дағы жыр мүшәйрасының жеңім­паздары марапатталды. Бас бәй­гені ақтөбелік ақын Азамат Әбіл­қайыр еншіледі.

Алқалы кеңестен соң ел Ақселеу биігіне ағылды. Онда ас беріліп, құранға қол жайылды. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «Бал­талы, Бағаналы ел аман бол» атты театрландырылған қойылым қойды. Негізгі өзегі Ақселеу Сей­дімбек шығармашылығынан алын­ған. Сонымен қатар мұнда «Жаңа­арқа жері – жыр елі» атты аймақ­тық фестиваль да көрермендер көз­айымына айналды.

Ас берілген соң ат жүгіртіліп, балуандар белдесті. Аламан бәйге болды. Жиырма сегіз ат отыз шақы­рымға шапқанда, жаңаарқалық «Айсуат» атты тұлпар қара үзіп келді. Түйе балуандар арасындағы белдесуде Асыл Барменов қарсылас шақ келтірмеді.

Айтқандайын осы мерейтойда көп сыналған Ахаңның ескерт­кіші жақын арада бой көтеретінін жергілікті әкімдік өкілдері жиын соңында айтты.

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38