
Жиырма алты жыл бойы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы өңірлерін абыроймен басқарған Асанбай Асқаров туралы, оның өнегелі істері хақындағы материалдардың бәрі осында. Тек қана мақалалар мен әртүрлі жазбалар ғана емес, архивтік құжаттар да қамтылыпты. Саналы ғұмырын ел игілігі жолына сарп еткен қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев сынды заңғар тұлғаның сенімді серігі болғанының өзі біраз жайдан хабар береді. Қай жерде қандай қызмет атқарса да «ұлтқа, қазаққа жанашырлық керек» деген сөзді мұрат тұтқан тұлғаның қайраткерлік жолы жастарға осындай еңбектер арқылы тарайтыны сөзсіз. «Біреуден біреу алып елге тарар» деп хакім Абай текке айтпаған. «Красногор ауданының бірінші хатшысы кезінде ауыл басшысы Өмірзақовқа айтып Кенен Әзірбаевқа жаңа үй салғызып бергені де ел есінде. Ал Жамбыл облысын басқарған кезінде Қаратау, Жаңатас кен орындары ашылды. Тіпті бүгінде облыстың атын иемденген жыр алыбы Жамбылдың еңселі ескерткішін де осы Асқаров орнатқан болатын», делінген кітаптағы бір мәліметте. Алматыда, тағы басқа жерлердегі игіліктер салуға қалай қол жеткізгенін білу үшін қос томдықты парақтауға тура келеді.