Руханият • 04 Қараша, 2022

Пиросмани гүлдері

324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмір ұйықтап көрген түсіңнің жалғасындай болса ғой. Расында кейде түсіңде бақыт құшағында тербеліп бара жатып оянып кетесің. Адамдар әдетте жұмақ бағы дегенде, ғаламат жұпар аңқып, гүлге оранған ғажайып мекенді елестететіндей сезіледі. Ойлай берсең, оған да жетерсің. Бірақ әуелі сол ғажайыптың бәрі сана-сезімде гүлдеуі керек шығар. Сондықтан біз бүгін гүл туралы айтамыз. Атақты «Миллион раушан гүл» туралы қазағы былай тұрсын, әлемнің біраз жұртшылығы білсе керек.

Пиросмани гүлдері

1983 жылы бұл ән орыс топырағында шырқалды. Алла Пугачеваның орындауында. Біз, сөз жоқ, осы елдің туындысы екен деп келдік. Бірақ ғаламтордағы дереккөздерде әнді 1969 жылы ирандық танымал әнші Гугуш шырқағаны тура­лы видео бертінде жарқ ете қалды. Іле-шала орыс журналистері зерттеу жүр­гізіп, оны жоққа шығарды. Алайда Гугуштың экранда сол 1969 жылы әнді шырқап тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Орыстардың айтуынша, блогерлер Гугуштың экрандағы бейнесін ғана қалдырған да, оның Пугачевадан кейін шырқаған дауысын фон ретінде жамай салған. Яғни бұрынғы бейне­дегі дауыс­ты жойып, әншінің кейіннен орын­­даған «записін» кіріктіріп қойған. Әрине, бұған бас қатырғымыз келмейді. Себебі туынды әлемнің бірнеше тілінде шырқалып, ғаламға таралып кеткен. Тіпті жапон, корей халықтары да өз тілдерінде шырқағанын білеміз. Қазақ топырағын­да аталған әннің сөзін ақын Бауыржан Әлқожа тәржімалап, Роза Әлқожаның орын­дауында жетті тыңдарманға. Аты мәш­һүр ән әлемге жайылып, жаһан әнші­ле­рінің орындауында қалай керемет шыр­қалса, туындының тууына негіз бол­ған тұл­ғаның тағдыры да сондай аяулы, аянышты әрі даңқты дер едік. Әншіге ессіз ғашық болып, жолына миллиондаған раушан гүл төсеуші кейіпкер – грузиннің ұлы суретшісі Никола Пиросмани екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ол жа­йында қаламгер Талғат Батырханның «Пәруана Пиросмани» деген эссесінде тамаша жазылған:

«Сол он тоғызыншы ғасырдың аяқ шенін­де-ақ үлкен мәдениет орталығына айналып үлгерген Тифлиске гастрольдік сапармен француз әншісі Маргарита де Севр келсе керек. Осы кезде қалтасына қар­жы түсіп, әжептәуір әлденіп қалған Нико (Пиросмани) да елмен бірге ерекше концертті тамашаламай ма? Ұзын сөздің қысқасы, әні мен сәні келіскен әлгі әншіге тұла бойы тұнған романтик қияли жігіт ғашық болып қалады. Айдай сұлу аруды аспаннан түскен періштеге теңейді. Париждің паң қызы бұған мойын бұра қоймайды. Махаббат мұңы маза­лаған тифлистік мырза қайткенде қарату ниетімен Марго жатқан мейманхана алдына екі-үш арба гүл әкеледі. Кімге арналғанын тәмам ел біледі. Бәрі бас шайқап, таңдай қағады. Шынымен де, мұндай мәрттікке екінің бірі бара бермейді ғой. Әбден риза болған әсем бикеш әлгі жерде жомарт жүректі жайсаң гүржінің ернінен сүйіпті дейді.

Арада азғантай уақыт өткенде гастролі аяқталған Марго ғайып болады. Бар бай­лы­ғын миллион алқызыл раушанға жұм­саған Нико тақыр жерге отырады. Сөйтіп, бая­ғы кедейлік кепті қайта киеді. Отқа күй­ген жынды көбелектей опық жеген пәруана Пиросмани жанын жаралаған күйік­тің кесірінен күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Есесіне ешқашан ұмытылмайтын, ертегіге бергісіз әлде өтірік, әлде рас әңгіме кейіпкері болып ел есінде қалды.

Тбилиси тұрғындары таңға айтып тауыса алмайтын бұл хикая 1931 жылы орыстың атақты жазушысы Константин Паустовскийдің құлағына тиеді. Грузия астанасына ат шалдырған қаламгер жай­ғасқан мейманханасының қабырғасын айшықтаған Пиросмани суреттерін көзімен көргенін жазып, жоғарыдағы баянсыз махаббат жайында жазады. Сексенінші жылдары арқалы ақын Андрей Вознесенский мен көрнекті композитор Раймонд Паулс «Миллион алых роз» деген керемет ән жазды. Оны атағы жер жарған Алла Пугачева орындағанда алқалаған әлеумет әдемі әсерге бөленетін.

Айтпақшы, 1969 жылы Луврда Пирос­ма­нидің шығармалары қойылғанда Мар­гарита де Севр келіп өзінің портретін көріп­ті. Сондағы түскен фотосуреті сақ­тал­ғанын интернеттен оқып білдік. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпегенін көрдік» дейді Талғат Батырхан.

Пиросмани суреттерімен жалпақ елді тіршілігінде-ақ мойындатып, картиналары көрмелерге қойылып, сатылғаны туралы деректер аз емес. Бірақ еңбектерінің көбін автор арзымайтын тиын-тебенге саудалай берген көрінеді. Жалғыз Пирос­манидің басындағы ғана емес, әлемдегі небір ұлы суреткерлер кешірген тағдырдың бір сиқы осы. Оның күллі шығармашылығын айтпағанда, өміріндегі осы оқиғаның өзі ұлы болып қалуына жетер еді (әнге арқау болғаны). Алайда бойында сондай бір алапаты болмаса әлгіндей мәрттікке барар ма еді? Және өміріндегі сол оқиға ғаламат әнге айналып, сол ән мыңдаған тыңдарманның жүрегіне өшпес сәуле ұялатып жүргенінің өзі адам айтып жеткізе алмайтын хикмет емей не?! Құдды Пиросмани сол гүлдерді қазіргі біздің және бізден кейін келетін ұрпақтың жүрегіне егу үшін сатып алғандай әсер қалдырады.