Сұхбат • 08 Қараша, 2022

Раушан Оразбаева: Қобызды ұлықтау өз қолымызда

389 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Раушан Оразбаева: Қобызды ұлықтау өз қолымызда

– Сізді «майталман қобызшы» дейді екен. Тыңдармандарыңыз атады ма бұлай, әлде әріптестеріңіз бе?

– Ұмытпасам, 1996 жылы Дина Нұр­пейісова атындағы байқауда бірін­ші орын алдым. Аталған байқауда қазы­лар төрағасы Қаршыға Ахмедияров аға­мыз болды. Сол жолы Қаршыға аға­­ның айтқаны ғой. Кейін газетке ме, жур­­налға ма сұхбат бергенінде аталмыш сөзін қайталап, ресми бекіткендей әсерге қал­дырды. Бұл, әрине, мен үшін мақтаныш әрі өмірімдегі елеулі оқиғаға айналды.

1990 жылы Атырауда Құрманғазы атындағы екінші байқау өтіп, жеңім­паз ретінде тұңғыш көзге түстім. 10-сынып оқитынмын. 2008 жылы елімізде тұңғыш рет Ықылас атындағы байқау ұйымдастырылып, бас жүлде иелен­генімде, автокөлік мінгізді.

– Қобызды ерте бастан ұстаған екенсіз ғой?

– 9 жасымнан тарта бастадым. Әкем Жұмабек Оразбаев домбырашы, Тал­ғар ауданының намысын қорғаған айтыс ақыны еді. Ақын Есенқұл Жақып­бек ағамен бірге жүрді. Әкем сонымен қатар домбыра, қобыз шабатын шебер кісі. Домбырасы әлі күнге сақтаулы. Дауысы күмбірлеп, ерекше естіледі. Ма­ған арнап шапқан қобызы қазір өзім ұстаздық ететін Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің музейінде тұр. Уақытша қоюға сұраған соң тапсырғанмын. Кезінде Париждегі концертте сол қо­бызды тарттым. Алғашында екі қобыз­бен шығуым керек болған, алайда дәл сахнаға көтерілерде жүрегім тек осы қобызды қалады. Көне, өте көне сарындар сарнап алып жөнелді. Асылында, біз көне замандағы дыбыстарды да біле бермейміз. Бірақ терең түйсік пен рухани код арқылы сеземіз. Парижде қобыз шалғанымда соны ұқтым.

Өнерге ерте әуес болатыным, біз үй ішімізбен отбасылық ансамбль құ­рып, Алматыда, Талғар ауданында өнер көрсетіп жүрдік. Айтпақшы, Қам­бар­бай атам да – домбырашы. Ол кісі Әлшекейдің күйлерін жеткізуші. Атам Әлшекейдің күйлерін радиоға жазып қалдырған екен. Соны алып, тың­­дап, қағазға түсіріп қайта жаңғыртайын ­десем, радиодағы «жазбасын» бір кісі алып кетіпті. Әлгі адамды біреулер арқылы іздеп жүріп әрең тапқанымды қайтейін, дыбыс жазылған таспаны сақтамаған. Ескіріп кеткендіктен, лақ­­тырып жібергенін айтады. Халық мұра­сына ондай ұқыпсыздық жүрмейді ғой. Содан әлгі кісі атамның тартуынан естіп, нотаға түсіргені бойынша орындап көрсем, қате. Себебі бала кезімде атам тартатын Әлшекейдің «Аққу» күйі құла­ғымда қалған. 2018 жылы шығарған «Аққулар сазы» кітабыма бала күнім­де атамнан естіген нұсқасы бойынша енгіздім. Бұл жинақта «Аққу» күйлерінің басын қосуға тырыстым, барлығы 30-ға жуық күй. Домбырада тартылатын «Аққу» күйлерін қобызға машықта­дым. Ал домбыра күйлерін қобызға лайық­тап тарту, біріншіден, қобызшының орындаушылық шеберлігін арттырады, екіншіден, күй орындауға түрлі жаңа әдістер, тың штрихтар кірігеді.

Ахмет Жұбанов атындағы мектепте оқыдық, ол жерден де көп нәрсе үйреніп шықтық. Әбдіманап Жұмабекұлы деген ұстазымның да ықпа­лы мол болды. Бала күнімде Омар Қай­молдин деген кісі ертіп жүретін. Ықылас музейінде істеген, Байжігіттің күйлерін жет­кізуші. Композитор Кенже­бек Күміс­бек ағаның да есімін құрметпен еске аламын.

– Бізде тұтас қобыздың концерті өткенін естімеппін. Соған қарағанда бұл аспапты жатырқау бар сияқты?

– Иә, ондай жағдайлар кездеседі. Біздің бала кезімізде қобызға көп балалар қол соза бермейтін. Бақсының аспабы деп қабылдайтын (күлді). Бірақ қазір, керісінше, жастардың қобызға қызығушылығы жақсы. Бұл жақсы үрдіс. Бірақ бір ескеретіні, қобыз – жүрдім-бардым ұста­ғанды көтермейтін қасиетті аспап. Оны ұстадың екен, ақиқатты мойындап, хақ жолына түсу керек. Рух тазалығын талап етеді. Әйтпесе, адасасыз. 30 жыл сахнада өнер көрсетіп, 28 жыл ұстаздық еткенде көзім жеткен бір шындық сол.

– Қазақстаннан гөрі шетелдерде көп концерт беретініңіз байқалады? Оның сыры неде?

– 2003 жылы Италиядан «Аққу» атты дискім жарыққа шықты. 2004 жылы ол бірқатар әлем елдеріне таралды. Мен Голландияда да көп өнер көрсеттім. Максим деген кісінің сеп­тігімен жекелеген компаниялар арқылы шетелдерге көп шығып жүрдім. Өйткені шетелде біздің құндылықтар аса жоғары бағаланады. Әсіресе Еуропа елдерінде.

2020 жылы карантин кезінде Амери­каның Wesleyan университеті онлайн кездесуге шақырды. Интернет арқылы сұхбаттасып, күйлерімді тыңдады. Осы 2020 жылы халықаралық «Бионд мюзик» деген жобаға қатыстым. Штабы Швейцарияда. Онда әр ұлт өзінің музыкасын, негізінен әндерін, композицияларын біріктіріп, коллаборация жасап шығарады. Мәселен, Мексика, Аргентина, Португалия, Қазақстаннан мен қосылдым. Нәтижесінде, «Same planet 2021» атты альбом шығып, дүние­жүзіне таралды. Жоба шеңберінде 26 ел­дің музыка өкілі қамтыл­ды. Солардың арасында қазақ му­зы­­касының үнін шығарып, қо­­­быз­ды қос­қа­ным­ды мақтан тұта­мын.

Өткен жылы қазан айын­да Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығына орай, Аустрия­­ астанасы Вена қа­ла­­­сын­­да концерт бер­дім. Ондағы «Культ Еуразия» ұйы­мы жыл сайын шақырып тұрады мені. Венадағы концертімде Ықылас Дүкенұлының барлық күйін тарттым. Аударма­шы тарихын айтып тұрды. Сонымен қатар қобыз ұстап жүрген аустриялық­тар­ға шеберлік сыныбында білгенімді үйреттім.

2020 жылы Астанадағы «Наз» би театрында концерт қойдым. 2021 жылы Жастар театрында өткен «Бір мүмкіндік» байқауында қазылар төрағасы болдым және «Ықыластың қобызы» деген жеке концертімді бердім.

Айтпақшы, биыл Р.Бағланова атын­дағы «Қазақконцерт» ұйымының ұйым­дас­тыруымен «Ел бірлігі – Жаңа Қазақ­стан» атты жобамен жарты Қа­зақ­станды аралап концерт қойдық. Абай облысынан бастап, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау об­лыстарындағы моно­­қалалар­ды араладық. Яғни әртіс­тер көп бара бермейтін мекендерге ат басын тіреп, халықтың көңілін көтеру­ге тырыстық. Мәселен, сонда Шы­ғыс Қазақстанда Алтай қаласының тұр­ғын­дары қобызды бірінші рет «тірідей» тыңдап отырғанын жеткізді.

– Мәселен, шетелдерде өнер көр­сетіп жүргеніңіздей, Қазақстанда тұтас­тай қобыз концерттерін беруге не ке­дергі? Аустрияда Ықыластың бар­лық күйін орындап шықтым деді­ңіз ғой...

– Енді-енді қолға алынып келеді. Кең көлемде насихатталмады демесе, бұрындары да өтпеді деуге болмайды. 2014 және 2015 жылдары Астана қаласында «Аққу» және «Ұлы дала сарындары» атты жеке шығар­машылық кешім ойдағыдай өтті. Бұ­дан бөлек Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінде концерт қойып тұрамын. Мысалы, қазір қобызды Р.Бағ­ланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы жақсы көтеріп жатыр. Кеше ғана «Күй қайнары» атты концертте қатарынан үш күй тарттым. Халық риза болды. «Қазақконцерттің» басшысы Ақтоты Райымқұлованың ұлттық өнерге деген оң көзқарасын атап өткен жөн. Аты дардай республикалық концерттерде қобызға бір немесе екі номер ғана қиятын кездердің де куәсі болғанбыз.

– Шетелдік тыңдармандар арасында қобыздан алған әсерлерімен бөліскендері болды ма?

– Шетелдіктер қобыз күйлерін көбі­не терапия ретінде қабылдайды. Өйтке­ні көшпелі елдердің ұлттық аспаптары мен музыкаларының энергетикасы бөлек. Неге десеңіз, ұлттық ас­пап пен музыканың неше атасы оларда да бар ғой. Мына қызықты қараңыз, 2013 жылдан карантин басталғанға дейін Германияға жыл сайын барып, концерттер қойып қайтатынмын. Олар да қобызды құдіретті музыка, терапия ретінде тыңдайды. Адамдардың жанын емдейтін орталық бар Германия­да. Тіпті сонда қолқалап шақыртып ойнатады. Бір, бір жарым сағаттап тарт­қызады.

Ұзақ уақыт арқаланып қобыз сыз­ғанда, энергия алмасады. Мен музыка шығарамын, олар разылығын білдіріп, қошемет қылады. Адамның рухы солай жаңарып отыруға тиіс деп ойлай­мын. Энергия жаңарған сайын адам да ауру­ға шалдыға қоймайды. Ол үшін бір-екі күй емес, бір, бір жарым сағат күй тарту керек.

Ұлыбританиядағы әлемдік мәде­ниет­ті дамыту орта­лы­ғының қолдауымен мен «Qyryq qyz» халық­аралық мультимедиа жоба­сының музыкалық жетекшісі ретінде таға­йындалып, Қазақстаннан 5 өнерпаз 2018 жылы Американы араладық. Бруклин консерваториясы, тағы басқа мекемелерде шеберлік сыныптарын өткіздік. Сонда Кембридж университетінің Уулф атты профессоры: «Мынау неткен бітпейтін ырғақ, бай музыка?» деп таңғалып, сұрақтың астына алды. Соған қарағанда, көшпелілер музыкасы ырғағының бай­лы­ғымен ерекшеленетін сияқты.

Үндістанда қобыз тартқанымда, олар­дың бұрынғы хандарының тұқымы – махараджасы келіп, елдің көзінше қобызыма басын иді. Сонда қасымдағы музыканттар жығылып, әлгінің етегін сүйіп жатыр. Маған қарап ақсүйектеріне жығыл, тәжім ет деп ымдап қоймайды. Мен тіземді бүге алмадым, кеудеме қо­лымды қойып, басымды иіп белгі бердім. Мұндай оқиғалар көп кездесті өмірімде.

– Демек бірер күймен ғана шектелуге болмайды. Арнайы қобыздың концерттері керек деген сөз ғой?

 – Иә, дұрыс айтасыз. Табиғатын ашып, төл дыбыстарын шығара алса, бұдан асқан аспап жоқ. Оны біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Қобыз ағаш болғанымен, ақиқатты ұстанушы... Он­да­­ғы сарындар табиғаттағы сан түрлі әуен, үйлесімділік, тепе-теңдікті жырлайды. Біздің миссиямыз – солар арқылы адамның рухын жаңарту. Қобызды ұлықтау өз қолымызда.

– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Жәнібек Әлиман,

«Egemen Qazaqstan»