
Жаркент өңіріне қарасты бұрынғы Қызыл еспе елді мекенінде дүние есігін ашқан Ербол – малшының баласы. Әйтсе де баласына бар арманын байлаған ата-анасы өнерден кенде болмапты. Тұла бойы тұңғышын қазақы дәстүрмен әкесі Бейсен Алшынбеков перзенті жоқ жақын туысы Мұқажан Сыпатаев қария мен жеңгесі Тұрған апайдың бауырына салады. Осылайша, артынан ерген Ержан, Тұрсын, Тұрыскелді, Назгүл есімді іні-қарындастарынан бөлек, арда өскен азамат туған жердің бар қасиетін бойына дарытып, сомдалып шықты.
Тәуелсіздікке қол жеткізген жылы журналист Нұрәділ Бегімбет жазған «Осы жұрт Ербол жайлы біле ме екен?!» атты мақалада ұлт перзенті, желтоқсанның алғашқы көксерке құрбандығына айналған, «балаң демократия мен тегеурінді тоталитарлық жүйенің арасындағы күресте жантәсілім еткен» Ербол Сыпатаевтың өміріне қатысты көптеген дерек бар. Қаһарман ұлдың әке-шешесінің, ет жақын бауырларының да пікірі анық көрсетілген. Желтоқсан көтерілісі бастау алған уақытта Ербол Сыпатаев Алматы энергетика институтының 2-курсында білім алып жүрген. Алаңсыз жастығының гүлзарын жаныштап жатқан тоталитарлық жүйеге қарсы кеудесін намыс кернеген замандастарымен бірге «атой» салды. Қыршын кетті.
Ерболдың азаматтық портреті, кісілік тұрпаты сомдалған, ерлігі жырланған сан тараулы материал бүгінге дейін баспа бетінен жарық көрді. Кітап болып шықты. Жинақтарға енді. Соларды парақтап отырсаңыз, Желтоқсан көтерілісінде көз жұмған боздақтың қаза болу себебін құқық қорғау орындары ашық айтпағанына көз жеткізесіз. Мәселен, сол 1986 жылдың аязы ақырған желтоқсанында ауылдық кеңсенің алдына келіп тоқтаған «Рафик» шағын автобусынан түскен бес-алты адам: «Біз Ербол Сыпатаевтың оқытушылары едік, ол 15-қабаттан өзін-өзі тастап жіберіп, қайтыс болды. Біз оны жерлеп болған соң бір-ақ қайтамыз. Сіздер жерлеуді тездету жағын қарастырыңыздар. Ешқандай айқай-шу болмасын», деп жергілікті әкімдікке тізе батыра әмір етіп, ауыр қазаны ауызекі әңгімедей естіртуі қай қазақтың салтына жарасып еді?
Сол кездегі аудандық партия комитетінің басшы қызметкері А.Доценко бастаған арнайы штабтағылар көмекке келіп, «оқытушылардың» қатаң қадағалауымен Ерболдың жерлеу рәсімі шұғыл ұйымдастырылады. Бұл туралы боздақтың туысы Тұрағалды Сәлімбаев біраз дүниенің бетін ашқан: «Ербол әкемнің інісінің баласы еді. Ал ол кісілер қыстауда мал бағып отыратын. Олар келгенше мән-жайды анықтайын деп әлгі біресе «оқытушымыз», біресе «бірге оқитын жолдастарымыз» дегендерден жөн сұрасам, жартымды ештеңе айтпайды. Әйтеуір «Сүйегін алып келе жатыр екен, Қапшағайдан өтіпті, Көкталға жетіпті, қазір әкеліп қалады» деген хабарды естіп тұрдық. Сонымен түнгі сағат он екі жарымда сүйегін де әкелді. Орыстардың дәстүрімен жасалған табытты үйге кіргізер алдында есікті кеудеммен қалқалап тұрып алдым. «Көрсет, мүмкін менің інім емес шығар?» деймін. Алғашында олар көнбегенмен көпшілік мені қолдап кеткеннен кейін амалсыз ағаш табытты ашты. Бауыр етім бауырым мұрты қияқтай, өңі бозарып жатыр екен. Тек көздерінің алды көгілдір тартқан. Үйге кіргізген соң туысқандарымызбен бірігіп тағы да бір рет мұқият қарап шықтық. Шүйдесі ойылған. Шамасы не күрек, не темір сойыл тиген. Ішін жарып, қайта тігіпті», дейді.
Ербол Сыпатаевтың тиянақты ғұмырбаянын тарқатып айтар болсақ, сонау жылы әкесі Бейсен Алшынбековтің берген сұхбатын назардан тыс қалдыра алмаймыз. Тұяғының алдынан айырылған әке: «Ербол біздің де, бауырына салған ата-анасының да көңіліне еш сызат түсірген жоқ. Оған барлық туысқаным, күллі ауыл куә. Кейін Ерболдың зиратының құлпытасына да «Сыпатаев Ербол Мұқажанұлы» деп жаздырдық. Жасынан бауырмал, елгезек, еті тірі болып өскен Ербол әскери борышын ойдағыдай атқарып келіп, институтқа түскенде қалған балаларымды «осы сүйреп адам етер» деп ойлаушы едім. Амал қанша, жазмыштан озмыш жоқ екен... Ербол қаза тапқан соң Алматыға үш рет бардым. 1987 жылдың ақпан және наурыз айларында. Соңғы рет былтырғы желтоқсанда. Алайда ізденгенімнен түк те шықпады. Құр киімдерін құшақтап, ботасынан айырылған аруанадай боздап, қайта оралдым. Ұлымның қасындағы балалардың да, Ерболдың ісіне байланысты жұмыс жүргізген тергеушілердің айтқанынан ұққаным бұлыңғыр бірдеңе. Алғашында тергеушілер тіпті өзімді тергеп «Қытайдан қашан келіп едің, балаң бұрын бұзақылық жасады ма?» деп әуреледі», деп толғаныпты.
Шынында, ботасын жоғалтқан бозінгендей боздап бәймәлім хабар күтіп қалған әкенің осы бір пікірін оқыған сайын жаның ауырады. Біз осынау әке толғанысын бекер беріп отырған жоқпыз. Өйткені күні бүгінге дейін Ербол Сыпатаев туралы берілген анықтамалар мен деректерде «жетім» деп көрсетіліп келеді. Әке-шешесі, бауырлары бар Ерболды қазақ халық болып әлі тани алмай жатыр. Желтоқсан көтерілісінде Алматыдағы Брежнев алаңында сойылмен қаруланғандардың қолынан қаза тапқан бірден-бір адам – Ербол Сыпатаев. Ердің ерлігі ел жадынан ұмытылмауға тиіс. Батыр өзіне лайық құрметке қол жеткізуге тиіс.
Жетісу облысы